14.02.2019, 20:52
Қараулар: 403
Аналардың талап-тілегіне құлақ түрді

Аналардың талап-тілегіне құлақ түрді

Сәрсенбіде  Хадиша  Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрының  ғимаратында  тұрғындарға  арналған «Ашық  әкімдік»  күні ұйымдастырылды.

Елбасы әкімдерге, шенеуніктерге қалың елмен етене, ашық-жарқын жүздесіп, жағдайларын жасауды, тұрмыстық әл-ауқаттарын көтеруді ұдайы тапсырып келеді. Өйткені халықтың талап-өтінішін, мұң-мұқтажын тыңдап, содан кейін түйткілді мәселелердің түйінін жедел әрі заңды, сауатты шешудің қайыры бар. Мұның өзі қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің, даудамайлардың алдын алып, билік пен бұқараның арасындағы байланысты нығайтып, ел сеніміне селкеу түсірмейді. Сондай мақсатта өткізілген «Ашық есік» күні 700-ге тарта өңір тұрғыны өздерін толғандыратын түйткілді мәселелерін және түрлі өтініш-шағымдарын, ұсыныстарын жергілікті атқарушы, мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдарының, коммуналдық мекеме-кәсіпорындардың басшыларының алдына тартты. Негізі, бұл шара билік пен бұқараның арасын жақындататын алтын көпір іспеттес болды десек, артық айтқандық емес. Түрлі мәселелерімен бас тіреп келген тұрғындарды  облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев және орынбасарлары Ғабидолла Оспанқұлов, Миржан Сатқанов, Бибігүл Қонысбаева, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев және басқарма басшылары қабылдады.

Биылғы жылдың өзінде БҚО бойынша ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық деңгейде барлығы 140-тан астам «Ашық әкімдік» шарасы өткен. Жалпы, 2000-ның үстінде тұрғын ашық әкімдік шарасына келіп, өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына тиісті жауап алған. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қадыралиевтің айтуынша, облыстық деңгейдегі мұндай шара  соңғы үш жыл ішінде осымен 8-мәрте ұйымдастырылып отыр. Соңғысы қаңтар айында өтіп, онда 500-ден астам адам кеңес алған. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өзі 150-ден астам тұрғынды қабылдаған. Осы бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бірақ дәл соңғы қабылдауда шешімін таппаған мәселелер тиісті бақылауға алынып, тұрғындарға  бір  хабары  берілмек.

«Ашық әкімдікке» келушілердің басым көпшілігі облыс әкімінің орынбасарларының, қала әкімінің қабылдауына ұзақ-сонар кезекке тұрды.

Олардың көпшілігі тұрғын үй, жер, коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша келген. Бірқатарымен тілдесіп, ой-пікірлерін де білдік. Прокуратура, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және өзге де сала басшыларына жолығып, өздеріне қажетті ақпарат, кеңес алушылар шоғыры да аз болмады. Шараға келген көп балалы аналар облыс басшылығынан аналарды бұл шарадан тыс бөлек қабылдап, ұсыныс-тілектерін тыңдауды талап етті. Әйелдер арасынан өзін Қамия Оспановамын деп таныстырған Сарытау шағынауданының тұрғыны әлеуметтік жәрдемақыны есептеу жүйесін қайта қарауды, жалға берілетін тұрғын үйден баспана беру жеңілдіктерін қарастыруды көп балалы аналар атынан сұрады. «Өзім әжемін, бірақ аналар мен балалардың құқықтары, немерелерімнің болашағы үшін  жүрмін», – деді ол. Аз-кем уақыттан кейін нәзік жандыларды театрдың кіші залына жинап, өз талап-тілектерін айтуға жағдай жасалды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов сабырсызданған аналарды тыныштыққа шақырып, оларды тыңдады. Содан кейін әрқайсысының талаптарын қағазға түсіріп, өздерінің байланыс ақпараттарын да көрсетіп қалдырудың жөн болатынын айтты. Ғабидолла Абдоллаұлының айтуынша, облыс басшылығы барлық ұсыныс-талапты жинап, сараптап, республикалық комиссияға жолдайды. «Қазір мен қабылдау жүргізудемін. Маған қабылдауға келіңіздер, әрқайсыңызды тыңдап, барынша көмек беруге тырысамын», – деді  ол.

– «Ашық әкімдік» шарасына келген адамның көпшілігі – көп балалы, аз қамтылған отбасылардан немесе жалғызбасты, мүгедек баласы бар аналар. Олардың қойып отырған талап-тілектерінің бі-ріншісі – тұрғын үймен қамту, екіншісі – жәрдемақының мөлшерін өсіру. Өңірде бұл мәселелерді саралайтын жұмыс тобы құрылды.

Халықтан түскен ұсыныстардың барлығын сұрыптап, ең маңыздыларын республикалық комиссияға жолдаймыз. Республикалық комиссия заңнамаларға өзгерістер немесе қолданыстағы бағдарламаларға түзетулер енгізеді. Соның арқасында әлеуметтік жәрдемақы мөлшері өсетін болады, қосымша үй мәселесіне қатысты мемлекеттің шығыстарын есептеп, тиісті шешімдерді қабылдайды деген сенімдеміз, – деді Ғабидолла Оспанқұлов журналистерге берген сұхбатында.

«Ашық әкімдік» барысында тұрғындар мен билік өкілдері арасында ашық байланыс орнады. Әсіресе, көп балалы аналар мәселесіне байланысты облыста жұмыс тобы құрылып, жұмыс істей бастағанын естіді ақ жаулықтылар.

– Әйелдерден түскен татымды ұсыныстарды тіркеп жазып, облыс басшылығына жеткізуді өзім мойныма алып отырмын. Өйткені мен де анамын, мен де әжемін. Балаларымыздың болашағы, немерелеріміздің келешектегі тұрмыстары алаңсыз болса, балалы үйлер отқа оранбаса, сәбилер ашықпаса, тоңбаса дейміз, мектепке барғанда басқа ұл-қыз жеген бәлішті жей алмай, жаутаңдап тұрмаса, оны анасы уайымдап, ауруға шалдықпаса екен, ренжіп әкесі ішіп кетпесе екен, ішіп келіп, әйелін соқпаса деген тілектер орындалса, біздің қоғам бақытты болады. Әйел қозғалса, ел қозғалады. Сондықтан еліміз тыныш болсын десе, әйелдің сөзіне құлақ түру керек, – деді ақын, қоғам  белсендісі  Дариға  Мұштанова.

Лилия  БОБРЫШЕВА,

Орал  қаласының тұрғыны:

– Балалар үйінде тәрбиеленгенмін, тұл жетіммін, тума-туысқаным жоқ. Өткен жылы үй кезегінде №183 болып тұрдым, биыл №152 болдық. Ақпан айында жұбайым қайтыс болып, сорлап қалдым. Екі сәбиіммен пәтер жалдап тұрамын. Жұмыс істемеймін, жұмысқа шығайын десем, екі балам қараусыз қалады. Сондықтан жетім әрі асыраушысы жоқ отбасы ретінде тұрғын үй мәселесін шешуді қала басшылығынан сұрай келдім.

Елена  БОЛДЫРЕВА,

Орал  қаласынан,  көп  балалы  ана:

– Көп балалы ана ретінде тұрғын үй мәселесі жанымды қинайды. «Вагонник» саяжайындағы қуықтай құжыраны пешпен жылытамын. От жаққан сайын пеш түтін тартпай, балапандарым көк түтінге тұншыға жаздайды. Бөлмеміздің іші дымқыл, қабырғалары көгеріп кетті. Балаларымнан демікпе ауруының белгілері байқалады.  15, 9, 7, 4, 2 жастағы ұл-қыздарыма мемлекеттен 10 500 теңге көлемінде жәрдемақы аламын. Күйеуімнің жалақысы – 50 мың теңге.  Отын сатып алу да қалтаны қағады. Газ кіргізуге 500 мың теңге керек, мұндай қаржы қайдан болсын? Сондықтан облыс басшылығынан көгілдір отын тартуға көмек сұрай келдім.

Мөлдір  НҰРЫМОВА,

Зашаған кентінің  тұрғыны, І топтағы мүгедек:

– Зашаған кентінде пәтер жағалап, көшіп-қонып жүрміз. Отбасымда ұл мен қызым, жұбайым бар. Тегін үй сұрамаймыз, ең болмаса, жалға берілетін үйден пәтер берілсе дейміз. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ арқылы құжаттарымды тапсырғанмын, өтпей қалдым. 2018 жылы қала бойынша үй кезегіне 7400 шамасында тіркелдім.

Тілеу  ЖЕКСЕНОВ,

Орал  қаласының  тұрғыны,  82  жаста:

– Ұлы Отан соғысы кезінде бала болсам да, тылда қалқадерімше еңбек еттім. Соған байланысты жеке сауалым бар еді. Еңбек кітапшамды ала алмай жүрмін. «Ашық әкімдік» күні барлық басшыны бір жерден тауып, қажетті сұрақтарыңа жауап аласыз. Мұндай шараны қарапайым адамдарға жасалған қамқорлық деп түсінемін. Бұрындары билік басындағыларға бас тіреп барғанда, олардың кабинеттеріне кіру мұң болатын. Енді мынадай шара аясында сұрағыңа жауап беретін облыс және сала басшыларына көзбе-көз жолығып, нақты жауабыңды естисіз.

Сәуле  ОРАЗБЕКОВА,

Бәйтерек  ауданындағы Махамбет  ауылының тұрғыны,  көп  балалы  ана:

– Бұдан он жыл бұрын Бөкей ордасы ауданынан көшіп келгенбіз. 10 сотық жеріме жаздық сарай тұрғызып, бала-шағаммен тірлік кешудемін. Жұбайыма үш жылда үш рет ота жасалып, жалғыз өзім қиналып қалдым. Аналар алқасының мүшесі ретінде ауылдағы аналардың басындағы түйткілді мәселелерді облыс басшылығының алдына қоймақпын. Осы он жылда ауылдың төрт әкімі ауысты, олар келіп-кеткенімен, ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Ауылда таза су жоқ, ішіп отырған суымыз лас. Жер кезегінде тұрғандардың саны 800-дей.

Жер берілмейді. Көп балалы 17 ана үй кезегінде тұр, ол да жылжымайды. Жедел жәрдем қызметінің жұмысы нашар, оның ескі көлігінің жүруінен сынып тұруы көп. Сондықтан ауылдағы жедел жәрдем қызметіне жаңа көлік берілсе дейміз. Ер жеткен ұлым кәсіпкерлік ашамын, мал алайын деген. Бірақ мәселе шешілмеді. Жеті ай бойы шешілмеген соң, аудан әкіміне барып жолықтым. Сөйтсем, А. Шахаров жеке мәселеңізбен келіп, ауылдың проблемасын айтпаңыз деп шығарып салды. Сонда  кімге  айтамыз?

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.