14.02.2019, 20:48
Қараулар: 101
Қобыланды ЕШМҰХАНОВ: «От-жалыннан шыққанымызға 30 жыл…»

Қобыланды ЕШМҰХАНОВ: «От-жалыннан шыққанымызға 30 жыл…»

15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылған күні

Еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асты. Одан бері де бірнеше жылды артқа тастағанымызбен, ауған соғысының халық жүрегіне салған жарасы әлі жазыла қойған жоқ.

Он жылға созылған соғысқа «Басты міндетім – Отан қорғау» деп түсінетін Кеңес елінің азаматтары аттанды. Бұл қырғынға қазақтың да намысты азаматтары қатысып, жас өмірлерін құрбан етті.

1978 жылдың сәуір айында Ауғанстанда төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, он жылға жуық соғыс жүргізді. Оған әр елдің азаматтары, сондай-ақ 22 мың қазақстандық жауынгер қатысты.

«Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста 18-19 жастағы өрімдей жас жігіттер жазықсыздан жазықсыз құрбан болды, – деп бастады әңгімесін қарасулық Қобыланды Ешмұханов. – 18-19 жастағы жас жігіттер соғыстың не екенін білгенімізбен, оның мән-жайын ұғар-ұқпастан кете бардық. Мұнда қаншама жас қыршынынан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың біразын көзіміз көрді. Жас сарбаздардың бір ғана міндеті болды: бала жастан санамызға сіңірілген патриоттық тәрбие – Отан алдындағы борышты өтеу, қабылдаған антқа берік болу еді».

Кейіпкеріміз Қобыланды Қажекұлы бұрынғы Фурманов ауданының Қарасу ауылында туып-өсті. Қатарластары секілді ол да кіндік қаны тамған ауылда мектепті аяқтады. Кейін аудан орталығындағы №126 кәсіптік-техникалық училищесінде оқып, механизатор мамандығын алып шығады. Училищені бітірген соң кеңшарларда еңбек етті.

«Кеңшарда еңбек етіп жүргенімде, күзді күні әскер қатарына шақырылдым. Ол кезде 18 жасқа толдың ба, міндетті түрде әскер қатарына шақырыласың. Бармаймын деген сөз жоқ. Осылайша бір топ жігіт Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласына әскери борышымызды өтеуге келдік. Әскерге келгеннен кейін оқу-жаттығу өткіздік. Училищеден механизатор мамандығын алып шыққаным өзіме пайдалы болды. Әскерде көлік жүргіздім. Дайындығымыз жақсы болды. 1983 жылдың сәуір айында ойламаған жерден Ауғанстан жеріне табаным тиіп, Қандагар қаласына келдік. Ауған соғысының қызып тұрған уақыты. Біздің міндетіміз жаралыларды, қаза тапқандарды госпитальға жеткізу,  солдаттарды азық-түлікпен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету болды. Дұшмандар тау-тас арасынан атқылағанда, көліктер өртеніп, жанып кететін.

Бірақ та біздің солдаттар бәріне дайын болды. Түнгі уақытта қаруымызды қойнымызға құшақтап жататынбыз. Қол-аяғы жоқ жауынгерлерді, тіпті кейбір солдаттардың аяғы мен қолын бөлек алып келетін кездер де болды», – деп сөзін сабақтай түсті ол.

Кейіпкеріміз 1984 жылдың күзінде елге, туған ауылына оралады. Кеңшарда механизатор болып жұмыс істеді. 1986 жылы Уәзипа есімді бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, ұлқыз сүйіп,  перзенттерін қатарынан кем қылмай жеткізді. Бүгінде шаңырағындағы ұлдың үлкені Эдуард Қарасу ауылдық округінің әкімі болса, келіні Дамира ұстаз, ал әскери борышын Ұлттық ұланда атқарған Сырымы Орал қаласындағы теміржол бекетінде еңбек етеді. Қыздары Жадыра облыстық білім басқармасында маман болса, Жанары ауылдық балабақшада психолог.

– Бүгінде қарап отырсам, кейбір қазақ жігіттері Сирияға ақшаға сатылып соғысып жүр. Ол кімнің жерін қорғап жүр деген ой туады. Біз Отанымызды қорғадық. Бұйрықты орындап, әскери антымызға берік болдық. Көптеген қазақ отбасына да қаншама қайғы-қасірет әкелген айдаладағы Ауғанстан соғысы 1989 жылы аяқталған болатын. Биыл біздің от-жалыннан шыққанымызға 30 жыл. Аз уақыт емес, әрине. Бірақ Ауған соғысы біз үшін өмір бойы жазылмайтын жара.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Ел-жұртымыз, үлкен-кішіміз соғыс деген пәлекетті көрмесін. Ынтымағы жарасқан ел болып, тату-тәтті ғұмыр кешейік! – деп аяқтады әңгімесін Ауған соғысының ардагері Қобыланды  Ешмұханов.

Тұрарбек   АҚМЫРЗА,

Қазталов   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар