14.02.2019, 20:30
Қараулар: 249
Қамсыз болмайық, қапы қалмайық!

Қамсыз болмайық, қапы қалмайық!

Биыл облыста соңғы отыз жылда болмаған қарлы қыс тіркелді. Кей жерлерде қардың қалыңдығы тіпті 60 сантиметрге дейін жетеді. Сондықтан көктемгі су тасқынының қаупі мол. Әсіресе, қар жылдағы мөлшерден бірнеше есе көп жауған Орал қаласы мен Тасқала, Бәйтерек және Қазталов аудандарында жағдай күрделі. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қалалық және аудандық әкімдіктер мен облыстағы барлық құрылымдық мекеме-кәсіпорны күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Бұл туралы кеше төтенше жағдайлар бойынша облыстық  комиссия отырысында өңір басшысы Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, облыс аумағындағы 36 мыңнан астам халық мекендейтін 88 елді мекенге көктемде су басу қаупі төніп тұр. Бірқатар аудандарда қардың биіктігі өткен жылдармен салыстырғанда 1,5-3 есеге дейін жоғары. Биылғы 13 ақпандағы мәлімет бойынша, облыс аумағынан барлығы 700 мың текше метр қар шығарылған. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда көктемгі су тасқынының алдын алу жұ-мыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 707 бірлік техникасы мен 2043 адамнан тұратын жеке құрамы жұмылдырылған.

– Көктемде  еріген қар суы Орал қаласының Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің арнасындағы Ет комбинаты, Жұлдыз, Ескі әуежай, Лесозащитный, Физкультурный, Екінші жұмысшы, Курени аудандарына қоса  саяжайларға да үлкен қауіп төндіреді. Су тасқыны ық-тимал аумақта 75 бау-бақша бірлестігі орналасқан.

Өздеріңіз білетіндей, саяжайлар тұрақты мекендеуге емес, тек жаз-күз мезгілінде бау-бақша егуге арналған. Алайда саяжай тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Өткен жылы қала маңындағы саяжайларда 13 мың адам тұрса, қазір 14 мыңнан астам адам тұрақты мекендейді, олардың 5 мыңы балалар. Көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарды қорғаудың жалғыз амалы – оларды қауіпсіз жерге көшіру. Қазіргі таңда Орал қаласының әкімдігімен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Уақытша қоныс аудару қосындары анықталуда, – деді Жасұлан Қадырғожаұлы.

Жасұлан Жұмашев қардың техника еркін кіріп шыға алмайтын тұйықталған көшелер мен жеке аулаларда әлі де көп екенін айта келе, тұрғындарды үй-жайын қардан тазартуға жауапкершілікпен қарауға шақырды және ауладан тасып шығарылған қарды арықтарға немесе көшеге үйіп қоюға болмайтынын ескертті. Көпшілік сенбіліктер ұйымдастырып, шаһарды қардан тазарту жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамына қоса, Ұлттық ұлан жауынгерлері мен еріктілерді тарту қажеттігін атап өтті.

Соңғы күндері облыс орталығындағы ғимарат шатырларының қар мен мұздақтан тазаланбауы салдарынан төтенше жағдайлардың жиілеп кеткеніне тоқталған Жасұлан Қадырғожаұлы кәсіпорындар мен ПИК-тердің басшыларына қауіптің алдын алу бойынша тиісті нұсқаулықтар берілгенін атап өтті.

«Қазгидромет» РМК БҚО бойынша филиалының директоры Нұр-жан Шияп 10 ақпан күнгі мәлімет бойынша қар жамылғысының биіктігі Шыңғырлау ауданында 21, Тасқала ауданында 56 сантиметрді құрағанын, Ақжайық ауданында 11 см болса, Жәнібек ауданында 33 сантиметрге жеткенін айтты. Ал облыс орталығында қалыпты мөлшердегі 22 см орнына 60 см қар түскен. Әсіресе, Орал қаласы, Бәйтерек, Тасқала және Жәнібек аудандарында қардың қалыңдығы жылдағы мөлшерден бірнеше есеге көп.

– Тағы бір маңызды фактор –  қардағы ылғал қоры Орал қаласында 125 мм (қалыпты мөлшері  59 мм) және Тасқала ауданында 134 мм (қалыпты мөлшері 78мм), Бәйтерек ауданының Январцев ауылында 86 мм, Жәнібек ауда-нында 86 мм құрап, екі есеге дейін артып отыр. Ал тоң қату тереңдігі керісінше жылдағыдан айтарлықтай төмен. Орал қаласында топырақ қату тереңдігі  37 см құрап отыр, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе кем. Сонымен қатар облыс бойынша топырақтың күзгі ылғалдануы жеткіліксіз екенін ескере отырып, жалпы ылғал қорының 20-30 пайызы топыраққа сіңуіне әсер ететінін айта кеткен жөн. Ақпан айының соңына дейін және наурыз, сәуір айларында да бір тәуліктің ішінде айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін. Облыс өзендерінде су тасу кезеңі наурыздың үшінші онкүндігі мен сәуірдің үшінші онкүндігі аралығында өтеді. Өзен бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі қалыпты деңгейден жүз пайызға артық. Ал биылғы қардың ылғал қоры екі есеге артық. Яғни қалыпты мөлшері 256 млн. текше метр болса, қазір 545  млн. текше метрді құрап отыр, – деді облыстың  бас синоптигі.

– Алдын ала болжам бойынша Жайық өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Ирикла су қоймасына келетін судың көлемі 800 млн. текше метрден аспайды деген болжам бар. Дегенмен Жайық өзенінің негізгі сағасы болып табылатын Сақмар өзені бойынша Башқұртстан Республикасынан әзірге нақты мәлімет алған жоқпыз. Ол жақта да қар өте көп деген мәлімет бар. Ал Қараөзен және Сарыөзен бассейніне қатысты Ресей аумағында қардың көлемі соңғы онжылдықтағы ең көп көрсеткішті көрсетіп тұр. 2014 жылы екі өзен бойынша 400 млн. текше метр су келді. Биыл осы мөлшерден асады деген болжамымыз бар. Өзендерімізге ке-летін судың көлемі туралы нақты мәліметті наурыз айының басында аламыз, – деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин.

Бәйтерек ауданында Деркөл, Шаған, Ембулатовка, Рублевка, Рожков өзендерінің арнасында орналасқан 29 елді мекендегі 356 үй (1060 тұрғын) қарғын судан зардап шегуі мүмкін. Өткен жылғы жағдай қайталанбас үшін, Асан және Мичурин ауылдарында қар тазалау жұмыстарын жеделдету қажет екені айтылды. Сонымен қатар Тасқала ауданында 1779 адам мекендейтін Тасқала, Бірлік, І, ІІ Шежін, Атамекен, Амангелді ауылдарында қар суынан қауіп мол. Әсіресе, Тасқала ауылында қар өте қалың. Аудан орталығындағы  Панфилов, Пойменный, Чурилин, Киров, Мұңайтпасов, Жұмағалиев көшелері – жылда еріген қар суының астында қалатын аумақтар. Ал Қазталов ауданындағы 17 елді мекендегі екі мыңға жуық үйге Сарыөзен мен Қараөзендердегі су деңгейінің көтерілуі қауіп төндіруі мүмкін.

Комиссия отырысында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, Бәйтерек, Тасқала, Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының әкімдері су тасқынының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, шешімін күткен мәселелерді де бүгіп қалмады. Мәселен, Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев аудандағы 105 қыстақтың 36-сына қатынас жоқ екенін, күн райының қолайсыздығынан аршылған жол қайта бітеліп қалып жатқанын айтты. Аудан әкімдері облыс орталығы мен Ресейдің көршілес аудандарынан мал азығы тасымалданып,  саттыққа шығарылғанын  мәлімдеді.

Мұрат Рахметұлының айтуынша, облыс орталығынан қазірдің өзінде былтырғыға қарағанда сегіз есе артық қар шығарылған. Тасып шығарылған қар қолданыстағы қос полигонға сыймағандықтан, қосымша тағы үш полигон жасақталған. Шаһардағы қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

–  Облыстағы су тасқыны ықтимал қауіпті аймақтарды белгіледік. Сондықтан бүгіннен бастап көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеміз. Тағы бір мәселе – ертең қар еріген кезде алыстағы елді мекендерге жол қатынасы болмай қалуы мүмкін. Себебі жердің тоңы жұқа. Қазір жер қатқақ кезде қыстақтарды мал азығымен, азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз ету керек. Жүкті әйелдер мен егде жастағы адамдарды аудан орталығына жақын ауылдарға алдырыңыздар. Су тасқынының алдын алу бір бөлек. Су қоймаларын уақтылы толтырып алуды да басты назарда ұстауымыз қажет, – деген облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірдегі көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына ірі кәсіпорындар мен құрылыс компанияларын, мекеме-ұйымдар мен жастарды және тұрғындарды жұмылдыруды тапсырды.

*  *  *

Төтенше жағдайлар бойынша облыстық комиссия отырысынан соң өңір басшысы  Алтай Көлгінов П. Атоян атындағы стадион маңында сап түзеген  жеке құрылыс компанияларының қар тазалайтын техникаларымен танысты. «Альтаир», «Стройинвест», «Отделстрой» ЖШС-лары мен «Домостройтель» ӨК сынды  құрылыс компаниялары 30 қар тиегіш трактор  және 30 «КамАЗ»  көлігімен қаладағы қарды тазалау жұмыстарына  атсалыспақшы.

Алтай Сейдірұлы бұл техникалар шаһардың әр аумағындағы қарды аршуға  айтарлықтай  көмек болатынын айтып, құзырлы  құрылым басшыларына оларды тиімді пайдалануды тапсырды. Әсіресе, қаланың шеткері аумақтарын қардан тазалауға баса мән беру қажет.

– Бүгінде қала бойынша 579 текше метр қар шығарылды. Қар тазалау жұмыстарына тәулік бойы 300 адам мен екі жүзден астам  техника жұмылдырылуда. Жеке компаниялардың қар тазалауға қосымша алпыс техника шығарып, қолұшын созғандарына қуаныштымыз. Облыс  әкімі  қар  тазалау  жұмыстарына  байланысты  нақты  тапсырма  берді. Осы  бағытта жұмыстанатын  боламыз, –дейді «Жайық таза қала» ЖШС-ның директоры Қуат  Ерсайынов.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.