14.02.2019, 20:18
Қараулар: 269
Марат САРБӨПЕЕВ: «Көрерменнің көптігі – өнерпазға мерей»

Марат САРБӨПЕЕВ: «Көрерменнің көптігі – өнерпазға мерей»

17 ақпан күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Марат Сарбөпеевтің «Әндер мен жылдар» атты шығармашылық кеші өтеді.

Былтыр 45 жасқа толған Марат Мәулетұлы мерейтойлық кеш беруді жоспарлаған екен. «Менің осыған дейінгі ән кешім бес жыл бұрын өткен еді. Алдағы концерт, біріншіден, мерейтойыма орайластырылса, екіншіден, соңғы бес жылдағы шығармашылық жаңалықтармен, жаңа туындылармен таныстыру мақсатында өтпек. «Бұл кештің басты ерекшелігі – өнер жолында танысып, сыйлас болып кеткен шетелдік, көршілес өңірлердегі әріптестерім қатысады деп күтілуде. Мәселен, Болгариядан кезінде өзім қатысып, бас жүлде иеленген еуропалық «Еврофест» байқауының негізін қалаушы, халықаралық конкурстардың лауреаты Захари Чернев, менің шығармашылығым бастау алған арман қала – Алматыдан ҚР мәдениет қайраткері, композитор, дирижер Нұрлан Байкөзов келеді. Ол қазақтың ерке қызы атанған белгілі әнші Мақпал Жүнісоваға ән жазған, тарихы терең «Дос-Мұқасан» ансамблі мен кезінде көпшіліктің көзайымына айналған «АБК» тобының музыкалық жетекшісі болды. Сонымен қатар ҚР мәдениет саласының үздігі, Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі Әлімжан Ермекбаев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, композитор Болат Қохаманов Атырау қаласынан арнайы келіп, өнер көрсетпек. Кеш барысында, негізінен, жаңа әндер орындалады. Олардың жартысын оркестрдің сүйемелдеуімен тарту етсем, тең жартысы эстрадалық бағытта шырқалатын болады», – дейді кеш иесі.

Алыстан ат арылтып келер қонақтардан бөлек Марат Сарбөпеев 2005 жылдан бастап қызмет етіп келе жатқан  Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониядағы әріптестері, яғни Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Эльмира Ұсаева, әншінің шәкірттері Сұлтан Қайырсапиев пен Аружан Бисенбаева ән шырқаса, «Назерке» халық биі ансамблі мен «Step Up» би тобы өнер көрсетіп, БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі (дирижері Асхат Хасанов) кешті музыкалық жағынан сүйемелдейді.

Осыған дейін жиырмаға жуық ән кешін өткізген Марат Сарбөпеев 2007 жылы Украинаның Киев және Чернигов қалаларында, 2009 жылы АҚШ елшілігінің шақыртуымен Лос-Анджелес, Голливуд және Лас-Вегас қалаларында, сондай-ақ Қытайдың Пекин, Құлжа, Үрімші шаһарларындағы тыңдармандарды өнерімен тәнті етті.

– Көрермен қауым тарапынан жергілікті өнерпаздарға қолдау жетіспейді. Шығармашылық кешке дайындық барысында бар күш-жігеріңді сарқып, жылдар бойғы еңбегіңді елге ұсынуды мақсат етесің. Сол еңбегіңнің өтеуіне ән кешінде зал толып отырса, өнер адамы үшін одан асқан мерей жоқ, – дейді Марат Мәулетұлы.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.