14.02.2019, 20:17
Қараулар: 133
Ағаттықты түзеткен абзал

Ағаттықты түзеткен абзал

Кеңес Одағының Батыры Темір Масин жерленген, көптен бері қараусыз қалған шағын бақта (тынымбақ емес) қайта қалпына келтіру жұмыстары басталғанда  көңілге қуаныш ұялап, ризашылық сезім болған еді. Жөндеу барысында оған бас сұғуға жұмыстан босамадық. Оның ашылу салтанаты өткеннен кейін барғанымда қуаныш су сепкендей басылды. Тіпті «төбе шашым тік тұрды» десем де болады. Біраз азаматтармен ақылдастым, бірақ мардымды жауап естімедім. Сондықтан осы жәйтті оқырмандарға жеткізбеуге дәтім шыдамады.

Батырдың аруағы кешірсін, алғашқыда көргенім Т. Масиннің кеудемүсінінің басқа жерге көшіріліп, Батыр сүйегі жатқан жердің тегістеліп, қоршауының, тіпті шағын бақ қоршауларының алынып тасталғаны болды. Сүйек жатқан жер өрнектаспен (брусчатка) төселіп, алдыңғы қоршаудан шағын баққа сүйектің үстімен кіретін есік жасалған. Кәсіпкер зираттың қоршауын, бюстін алып тастайтындай зират пен ескерткішті айыра алмаған ба? Шағын бақтың көше жақтағы және стадионға кіреберістегі қоршаулар әлі қойылған жоқ, яғни ашық-шашық шағын бақ болып тұр. Халық шағын баққа сүйекті таптап кіріп, балалар оның үстінде ойнап жүрді. Осы көргенімді Нәжімеден Есқалиев ақсақалға айттым (Т. Масин 1947 жылы Тайпақ ауданының екінші хатшысы болып тұрғанда, өрт сөндіру кезінде екіқабат әйелді құтқарамын деп қаза болған.  Ол  осы жерге жерленіп, қоршаумен, темір белгі қойылған еді, оны өзім алғаш өткен ғасырдың  жетпісінші жылдарының басында көрдім, кейін бюст қойдырған Нәжімеден Есқалиев болатын). Ол «Қала әкіміне айтамын» деді. Шамасы, Нәжімеден ағай айтқан болар, біраздан кейін өрнектастар алынып, зират қоршауы орнына қайта қойылып, аты-жөні жазылған тас орнатылды. Бірақ тастағы жазуда, бюстегі таста да бірдей қателік кетті. «Совет одағының Батыры» сөйлеміндегі «Одағы» сөзіндегі бірінші О әрпі бас әріппен жазылуы керек. Ең дұрысы, «Кеңес Одағының Батыры». Осылай жазуға не көп сауат керек?! (суретте).

Бюстің қасындағы баннердің орысша мәтіні қазақ тіліне өте сауатсыз аударылған. Орыс тіліндегі мәтіні де дұрыс емес. Баннердегі «сыйға тартылды» деген сөйлемде кәсіпкер Джакупов Ж. К. (қазақша мәтінде Ж. Қ. Жақыпов емес пе?) коммуналдық меншіктегі мемлекеттің жерін кімге (анық көрсетілмеген), қандай заңмен сыйлап отыр? Мысалы, мен өз қаржыма Достық даңғылына күрделі жөндеу жүргізсем, Достық даңғылын қала әкімдігіне сыйға тартуға құқым бар ма? Менің ойымша, «Шағынбақты қайта қалпына келтіру жұмыстары немесе қайта жаңғырту (реконструкция) жұмыстарын өз қаржысына жүргізген «Батыс Қазақстан Қуат Сервис» ЖШС (басшысы Ж. Қ. Жақыпов)» деп жазған дұрыс сияқты, оны оқырмандар айтсын. Сондай-ақ БАҚ-та Т. Масинді «общественно-политический деятель», «Герой Великой Отечественной войны» деп жазған (газет қиындылары сақтаулы). Бұл атаққа ие болу үшін Парламент, үкімет мүшелері болулары керек. Қазір аудандық мәслихаттың жарты шақырылымында болғандар да, бұрынғы совхоз директорлары да, райком мүшелері де қоғам қайраткерлері болып жазылып жүр, оған көзіміз үйренді. Шағын бақ салтанатты түрде ашылғанын теледидардан көргенімізде, қала әкімінің қасында 20-30 адам жүрді, олар негізінен қала әкімдігінің бөлім басшылары, түрлі деңгейдегі шенеуніктер, қалалық мәслихаттың хатшысын да көзім шалды. Сонда олардың біреуі де осы олқылықтарға назар аудармаған ба?!

Осы шағын бақта екі зират бар: біреуі азамат соғысының боздақтарына арналған бауырластар  бейіті, екіншісі Т. Масиндікі (қала орталығына жерленген жалғыз батыр). Осы екі зираттың басында балалар алаңын орналастыру дұрыс па? Шағын баққа орындықтар қойып, гүлзарлар орналастырып қойса, халық келіп, батыр рухына тағзым етіп, тыныстаса, қалай болар еді?! Зират басында күліп ойнауға, у-шуға жол беруге болмайды ғой.

Жалпы, Т. Масин жөнінде көп әңгімеге қанықпын. Әкем, Социалистік Еңбек Ері Қарасай Сариев ол кісімен құрдас, бірін-бірі жақсы білген, соғысқа дейін бір ауылда, Ордада тұрған. Әкем байланыс мекемесінде, ол білім бөлімінде қызмет істеген. Әкемнен, атақты ұстаздар Ғұмар Зарипов, Қыдырғали Қаюбалиев, журналист Мағзом Мертенов, арамыздағы ақсақалымыз Мұқтар Әжіғұловтан (Т. Масинді жақсы білген, соғысқа дейін бір салада қызмет істеген) естіген әңгімелер жадымда. Олардың көбі, ішінде Т. Масин, Асан Тайманов та бар – Сламихиндегі (Жалпақтал) Бөкей ордасы педтехникумында оқыған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтының доценті Жанболат Жұмағұлов (Н. Есқалиевпен институтта бірге, бір топта оқыған) Оралға келгенде, Темір ағаның зиратына апаршы деп отыратын еді, ағайындығы бар. Т. Масиннің бауыры Мифтақ Жантикинмен Алматыда араласып тұрды. Мифтақ ағаймен әкем де жақсы дос болды. Айта берсек әңгіме көп, осы олқылықтарды қалпына келтіру кезек күттірмейтін іс екені сөзсіз.

Ал зират пен бюст бөлек-бөлек тұра бере ме, ол мәселені халықпен ақылдасу керек-ау деп ойлаймын.

 

Талғат  ҚАРАСАЕВ,

зейнеткер,

Орал қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар