12.02.2019, 11:07
Қараулар: 2
«Ой болмаса, сөйлем бекер құрылған»

«Ой болмаса, сөйлем бекер құрылған»

Осыдан үш ай бұрын Қазталов ауданынан бастау алған «Бас редакторлар клубының» көшпелі жиыны Теректі ауданында өз жалғасын тапты. Айта кету керек, екі облыстық және 12 аудандық басылым редакторларының басын қосқан клуб өткен жылдың шілде айында «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйытқы болуымен құрылған болатын.

Теректіге ат басын бұрған қонақтарды Федоров ауылы маңынан аудан әкімінің орынбасары Махамбет Батырғалиев қарсылап, қош келдіңіздер айтты. Одан кейін «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитовті, Астанадан арнайы келген құрметті қонақ, қарымды қаламгер, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжайды, Атырау облысы, Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантұрлинді және газеттердің  редакторларын аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдады.

– Бүгін Теректі ауданы үшін ерекше күн. Қаламдары қарымды журналистер ауданға келіп, төрімізге орнығып отыр. Елордадан арнайы келген Қайнар Қалиақпарұлымен дидарласып отырғанымызға қуаныштымыз. Қайнар ағаның мақалалары мен әңгімелері жадымызда. Қазір әлеуметтік желілер арқылы кеңестерін оқып отырамыз. Теректі –  хандарға мекен болған, жыраулар мен ақындардың шабытына арқау болған құтты өлке. Баршаңыз да ауданымызға қош келесіздер! – деді Әділ Тауфиқұлы.

Содан соң «Бас редакторлар клубының» жиыны басталды. Ең алғаш боп сөз алған «Теректі жаңалығы» аудандық газетінің бас редакторы Нұрзия Сисенбаева басылымның бүгінгі тынысымен таныстырып, газет бетіндегі айдарларға тоқталды. Газет тілшілері көтерген мәселелер ескерусіз қалмай, жергілікті атқарушы билік құрылымдары тарапынан ол жайттар шешімін тауып жатқанын да айтты.

«Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай облыста тұңғыш рет өткен «Өрімтал» жас тілшілер фестивалін  тілге тиек етті. Облыстағы журналист болуға талпынып жүрген оқушыларға үлкен серпіліс берген байқауды аудандық газеттерде насихаттау кемшін екендігін айтып, басылымдар балғын тілшілермен байланыс орната алмай тұрғандығын қынжыла баяндады. Медиахолдингтің аудандармен байланыс бөліміне жетекшілік етіп отырған Тоқтар Кенжеғалиев газеттегі мақала-материалдардың  сапасына  тоқталды.

Көшпелі мәжіліс түстен кейін аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Танымал публицист, тележурналист, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжай газет редакторларына шеберлік сағатын өткізді. Бақандай үш сағатқа созылған Олжайдың сабағынан редакторлар олжалы қайтты деуге толық негіз бар. Тәжірибелі журналист стиль қалыптастыру, мақаланың формасы, журналистикадағы жанр мен қателіктер тұрғысында ой бөлісті.

– Әр журналистің өз жазу мәнері болуы керек. Екі-үш сөйлемін оқығанда, қай журналист жазғанын білетіндей болу тиіс. Жазған үш сөйлеміңді оқып, сені ешкім танымаса, сен журналист емессің. Бұған қалай жетуге болады? Ол үшін көп оқу керек. Жайын деген балық бар. Бізде журналистер өз-өздерін редакциялай алмайды. Тыныс белгіні қойып, әріп қатесі, артық сөйлемдерден құтылу керек. Ой болмаса, сөйлем бекер құрылған. Әр сөйлемнің ішінде артық сөздерді алып тастау қажет. Неғұрлым шебер болам десеңіздер, соғұрлым аяусыз қысқартуды үйреніңдер, – деді Қайнар Олжай.

Шеберлік сағатына журналистерге қоса, аудан әкімі Әділ Жоламанов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Әлжан Нұрғалиев  те  арнайы  қатысты.

Теректі ауданында өткен «Бас редакторлар клубының» көшпелі жиналысы гала-концертпен түйінделді. Киелі сахна төрінде аудандық мәслихаттың хатшысы Әлжан Жақсыгерейұлы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжайға, Атырау облысы, Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантұрлинге, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Рауан Сәбитовке және бас директордың бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбайға аудан әкімінің алғысхаттарын табыстады. Өз кезегінде медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитұлы аудан әкімдігіне айрықша алғысын білдіріп, өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандық басылымдарды түрлі аталымдар бойынша марапаттады. Бөкей ордасы ауданының «Орда жұлдызы» газеті «Үздік аудандық басылым» атанды. Гала-концерттің сәнін келтіріп, әсем әнмен кеш шырайын кіргізген Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншілері Айдана Әжіғалиева, Алтынбек Оразов, Айбек Тұрарбеков, Айбар Хайырханов, Дархан Құлбабаев және теректілік таланттар Айбек Дәулетқалиев, Таңат Жексенбаев, Қайрат Сағидуллин, Камшат Қадырғалиева, «Жұлдыз» үлгілі би ансамбліне қошемет бөлек болды.

Теректі төріндегі редакторлар мәжілісі осылайша өз мәресіне жетті.

Әділет   ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі   ауданы