12.02.2019, 10:52
Қараулар: 98
Жөндеуді қажетсінетін нысан көп…

Жөндеуді қажетсінетін нысан көп…

Сырым  ауданының  әкімі  Төлеген  Төреғалиев  тұрғындар алдында  есеп  берді.  Жиынға облыс әкімінің  бірінші  орынбасары  Ғали  Есқалиев қатысты.

Өткен жылы  ауданда атқарылған істер бейнеролик арқылы халық назарына ұсынылды. Ауданда мал басы көбейіп, шаруа шираған.  Инвестиция  көлемі де артқан. Аудан бюджеті 4 млрд. 519 млн. 300 мың теңгеге орындалды.

Жыл қорытындысында ірі қара – 3,7,  жылқы  – 11,3, түйе 18,9 пайызға өсіп отыр. 18 шаруашылықта 3582 асыл тұқымды мал тіркелген.  Өткен жылы 527   асыл тұқымды аналық ірі қара алынса, оның  181-і – абердин-ангус тұқымы. Жылқы малын асылдандыру да оң жолға қойылуда. «Иманғали» ШҚ 1000 басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңын салып,  Қамбар ата түлігінің «Көшім» асыл тұқымын өсіруді қолға алды.  Аудан орталығындағы  «Атамекен-Сырым» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі  модульді мал сою пунктін салып, ет дүкенін ашты.  Биыл «Жібек жолы» ШҚ ауысымына 25 ірі  қара және қой сою пунктін іске қоспақ.

Шағын және орта бизнес саласында 1239 шаруашылық нысаны тіркелген.  Онда 2280 адам жұмыс істейді. Шағын несие ұйымдары арқылы 102 кәсіпкерге 492,2 млн. теңге несие беріліп,  4936  жұмыс орындары ашылды.  Биыл «Жібек жолы» ШҚ аутокешен құрылысын аяқтайды. Аудан орталығынан асхана ашу, «Sinool» ауто жанармай кешенін салу, Алғабас ауылынан құс фермасын ашу, «Көшімбет» ШҚ Алғабас ауылдық округінен қымыз, шұбат өндіруі жоспарлануда. Сондай-ақ  «Уайс» ШҚ 3 млн. теңге қайтарымсыз грант алып, гидропон әдісімен жасанды ортада өсімдік және құс өсірумен  айналыспақ.

Өткен жылы Бұлдырты ауылының ауыз сумен қамту жүйесі жаңғыртылды. Биыл Қосарал, Жетікөл, Аңқаты, Тоғанас, Құспанкөл елді мекендерінің ауыз су желісін қайта жаңғырту  жұмыстары жүргізіледі. Жобаның құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын Жымпиты-Кеңащы топтама су құбыры құрылысының ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттар) дайындалды. Бұл жоба жүзеге асқан соң,  жерасты су қоры аз 5 елді мекен – Шағырлой,  Қособа, Жырақұдық,  Бұлан, Жамбылға ауыз су желісін тартуға  ЖСҚ  жасақталмақ.

Ауданның газдандырылуы 99 пайыз жүзеге асып отыр. Биыл ауыл іргесінен қашық орналасқан Өлеңті ауылының Күсепқалиев көшесіне және Жетікөл елді мекенінің Бұлдырты көшесіне  газ  тарту  үшін  ЖСҚ  жасалды.

Өткен жылы Өлеңті ауылына кірме жол жөнделсе, биыл Алғабас, Тоғанас ауылдарына кірме жол жөнделді. Аудан орталығында – 7, Алғабас ауылында 1 ауылішілік жолдың орташа жөнделуіне  жоба  әзірленді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығында 3 қабатты 36 пәтерлік тұрғын үй салынады.  Алғабас  ауылынан  бір пәтерлік  10  жалдамалы тұрғын үй құрылысының және 15 тұрғын үй орнына ИКЖ жүргізу жұмыстарына  ЖСҚ  жасалды.

Баяндамадан соң, тұрғындар аудан әкімінің есебіне оң баға беріп,  көкейдегі сауалдарын да қойды, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиевтан мәселелерді шешуде көмек сұрады.

Жиында сөз алған Айбол Бақытов жол, Өлеңті өзенінің арғы бетіндегі Күсепқалиев көшесіне газ тарту,  су мәселесін, қоршаусыз тұрған трансформатор мәселесін көтерді. Аудан әкімі жолдың назардан тыс қалмайтынын, газ тартылатынын, бір нүктеден су  алып отырған сегіз үйдің әрбіріне су тарту үшін биыл жоба жасалатынын, трансформатор қоршау да шешімін табатынын айтты.

Бұлдырты ауылының тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты  Болат Тасқалиев спортта жетістікке жетіп жүрген өрендердің ауылда көп екенін айтып, бір спортзал салып беруді сұрады. Төлеген Серікқалиұлы  «биыл жоба жасалды, жобаға қаржы бөлу жөнінде тиісті басқармаларға ұсыныс берілді» деді. Ардагер  Сыдық Тәжмұхан  аудан әкімінің есебін оң бағалап,  Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында 2020 жылға қарай қос батыр қызымыздың атындағы Ә. Молдағұлова мен М. Мәметова көшелерін жөндеуді сұрады. Оған аудан әкімі бұл жөнінде тиісті басқармаға ұсыныс берілгенін айтты.

Бұлан ауылының тұрғыны Қадырғали Төленов  Бұлан ауылына кірме жолды жөндеуді сұраса, Абай орта мектебінің тәлімгері Мәди Қайыров мектеп түлектері былтыр 100% грант иегерлері атанғанын айтып, жобалық-сметалық құжаттары дайын Абай орта мектебінің күрделі жөндеуден өтуіне қаржы бөлуге облыс әкімінің орынбасарының ықпал етуін сұрады. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева Алашорда көшесіндегі екі қабатты ғимаратты жөндеп, Сырым  музейіне бейімдеуге көмек сұраса, Алғабас ауылындағы М. Қаналиев атындағы орта мектептің мұғалімі Саламат Қаналиев ауылдан салынатын 10 үйдің құрылысына қаржы бөлінсе дейді. Абат Мұқашев жұмыс сұрады. Ардагер-ұстаз Гүлбақша Ерғалиева  балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығын күрделі жөндеу керектігін айтты. Өлеңті ауылының тұрғыны  Тауфик Елеубаев ауданнан балабақша мен уақытша ұстау абақтысын салу қажет деп санайды. Аудандық демалыс орталығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Серік Тоқмамбетов мәдени-спорт кешенін күрделі жөндеуге облыс әкімі орынбасарының көмек етуін сұрады.

Халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев  қойылған сауалдардың бірқатары оң шешімін табатынын айтып, тұрғындарды  қуантты.

Есепті кездесу жиынын облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев қорытындылады.

– Есепті кездесудің екі мақсаты бар, бірі – мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалған жұмыстарды қорытындылау, екіншісі – халықпен кездесіп, пікірін білу. Ұсыныс-пікірлеріңізді облыс әкімі Алтай Сейдірұлына жеткіземін. Көтерілген мәселелерді іске асыру үшін қаражат көздерін қарастырамыз. Тұрмыс сапасын арттыруға арналған Елбасының «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында облыста көптеген шаралар атқарылуда. Соңғы үш жылда «Нұрлы жол»  жобасы аясында 60 жоба жүзеге асты. Өткен жылы бағдарлама аясында жеті мектеп салынды. Облыста апатты жағдайда тұрған  5 мектеп бар. Оларды жөндеу бірінші орында тұр. Биыл Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы жолдары  жөнделетін болады. Алғабас ауылына кірме жол жөнделеді. Өткен жылы өңірде 450 шақырым  жол жөнделді. Алдағы уақытта 336 шақырым жол салынады, оның ішінде Сырым ауданы да бар. Облыс көлемінде бес әлеуметтік бастаманы іске асырудамыз. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері «7-20-25» бағдарламасы аясында 1 млрд. 100 млн. теңгеге 145 пәтер берілді. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша биыл көптеген үйлер салынады. Сырым ауданында былтыр 54 үй пайдалануға берілді. Облыста тұрғын үй кезегінде жиырма мыңнан астам адам кезекте тұрса, оның 90 пайызы қалаға тиесілі.

Жалақысы төмен отбасылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту назарда. Еңбекақысы 63 мыңнан төмен азаматтарға табыс  салығы 10 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетілуде. Яғни әрқайсысына  5000 теңге таза пайда түседі. Бір қарағанда, аз ақша болып көрінгенімен, коммуналдық шығындарды өтеуге сеп болады. Салықтың төмендігіне байланысты мемлекеттік бюджеттен жылына 4 млрд. теңге төлеп тұрамыз.  Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту да назарда. 2018 жылы жастарға 148 грант берілді. Бүгінгі таңда 1800 студентке арналған бес жатақхананың жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Сырым колледжінде 131 студент білім алуда, оларға барлық жағдай жасалған. Шағын несие беруді көбейту мақсатында  былтыр облыста  4,3 млрд. теңгеге несие берілді. Ауыз су мен газ тұрмыс сапасын арттыруда ең алдымен қажет. Былтыр 110 елді мекенге ауыз су жеткізілді. Кеңащы – Жымпиты топтама су құбырын жүргізу – сіздердің аудандарыңыз үшін маңызды жоба. Бұл жоба міндетті түрде шешімін табады. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелерге келсек, аудан әкімінің деңгейінде шешілетін сұрақтар да болды. Біз қазір бес жылға арналған даму жобаларын жасап жатырмыз. Оның ішіне ауданға басты қажеттіліктер енгізіледі. Ешкімнің сауалы елеусіз қалмайды, – деді басқосуды  қорытындылаған Ғали Нәжімеденұлы.

Шынар  МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым  ауданы

Айнагүл  ОЙШЫБАЕВА,

Сырым  Датұлы  атындағы  тарихи-өлкетану музейінің  меңгерушісі:

– Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан. Музей қорында қазір бес мыңға жуық жәдігер бар. Және күн өткен сайын құнды жәдігерлер көбейіп келеді. Былтыр республикада «Үздік музей» атандық. Біздің музейге жолдың бойында орналасқан Алашорда көшесіндегі қос қабатты ғимарат берілетіні бұған дейін айтылған болатын. Жобалық-сметалық құжаттары жасалып, қаржысы есептеулі тұрған болса, облыстан қаржы көздерін табуға көмек көрсетілсе деймін. Жымпитыда С. Датовтың көшесінде Алашорданың музейі орналасқан, енді Алашорданың көшесіне С. Датовтың музейі көшірілсе, ғанибет  емес пе?!.

Гүлбақша  ЕРҒАЛИЕВА,

ардагер-ұстаз, аналар  кеңесінің  төрайымы:

– Мен ардагер-ұстаз ретінде Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған соң, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін айтқым келеді. Жобалық-сметалық құжаттары жасалып, енді жөндеу жүргізуге 52 млн. теңге қаражат керек екен. Бұл ғимарат 1972 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Тек 2017-2018 жылдың өзінде шығармашылық орталығының шәкірттері 8 халықаралық, 16 республикалық, 21 облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды. Мұнда 347 бала 25 үйірмемен қамтылған. Олармен 35 қосымша білім беру педагогтары жұмыстануда. Ғимараттың сәнді, заманауи болуы жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдай түсіп, мәдениеттілігін де арттырары  сөзсіз.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.