12.02.2019, 10:45
Қараулар: 77
Цифрлық сауаттылыққа көңіл бөлінуде

Цифрлық сауаттылыққа көңіл бөлінуде

Өткен  аптаның жұма күні  облыс әкімінің  бірінші орынбасары  Ғали  Есқалиев  Қаратөбе  ауданында  болып, алдымен  аудан  орталығынан жаңадан  бой  көтерген «Supermarket»-тің  ашылу  салтанатына, кейін  аудан  әкімі  Жанат  Асантаевтың  аудан тұрғындары  алдындағы  есеп беру  жиынына  қатысты.

Аудандағы 14 шаруашылықта 3212 асыл тұқымды ірі қара, 2 шаруашылықта 98 асыл тұқымды жылқы, 2 шаруашылықта 1354 асыл тұқымды қой өсірілуде.

Аудан шаруашылықтары өз ақшаларына және қаржылық институттардың берген несиесі есебінен 379 асыл тұқымды ірі қара, 117 асыл тұқымды қой, 24 асыл тұқымды  жылқы  сатып  алған.

Жалпы, өткен жылы аудан шаруашылықтары өз ісін жандандыруға 322 млн. теңге инвестиция салып, мемлекет тарапынан 200,7 млн. теңге демеуқаржы алған.

Тағы бір айта кететін жайт, былтыр аудан шаруашылықтары алғаш рет шетелге ет экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Бұл Орал қаласындағы «Кублей» кәсіпорнымен ет өнімдерін шетелге экспорттау мақсатында жасалған меморандум шеңберінде және «Қоржын» мал сою пункті арқылы жүзеге асырылып отыр. Жалпы, былтыр аудан бойынша 10 тонна қой етін, 50 тонна сиыр етін экспорттау жоспарланса, ол сәйкесінше 23 тонна және 64 тонна болып орындалған.

Есептік кезеңде 98 гектар жер учаскесіне дақылдар егіліп, бұдан  1441 тонна  өнім  алынып  отыр.

Мал қыстату науқанына қажетті табиғи мал азығының мөлшері 58,7 мың тонна болса, жиналғаны 61 мың 590 тонна. Сондай-ақ аудан  шаруашылықтарына 481 тонна құрама жем сатып алынған.

 «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне несиелер, гранттар беріліп, жан-жақты көмек көрсетілуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ауданның екі кәсіпкері токарьлық цех ашу және биогумус жобасымен 3,7 млн. теңге мемлекеттік грантты иеленіп,  жұмыстануда.

– Бәрімізге белгілі ауданымыз газбен 100% қамтылған, сонымен қатар өткен жылы әлеуметтік нысандарды газдандыру жобасы аяқталып, аудан бойынша әлеуметтік нысандардың барлығы көгілдір  отын  жүйесіне  қосылды.

Елбасының Жолдауда айтылған ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сай өткен  жылдың тамыз айында жоба құны 915 миллион теңгені құрайтын «Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау құрылысы» нысаны аяқталып, Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана елді мекендеріне ауыз су жеткізілді. Осының нәтижесінде қазіргі таңда ауданымыздағы 22 елді мекеннің 12-сі немесе аудан халқының 91,3%-ы таза ауыз сумен қамтылды, – деді аудан басшысы өз  есебінде.

Қаратөбе ауданы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты  бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыруда ауқымды жобаларды қолға алды.

Өткен жылы жергілікті меценаттардың қолдауымен 54 жоба жүзеге асты. Сонымен бірге аудан әкімі аталмыш бағдарлама аясындағы іске асырылған жобалардың ауданның 90 жылдық мерейтойымен үндестікте жүзеге асырылғанын айта кетті.

– Ауданымыздың 90 жылдығы аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, ауданымыздан шыққан белді де белсенді азаматтардың басын қосқан меценаттар, жерлестер форумдары ұйымдастырылды. Қаратөбе ауданының дамуынан сыр шертер «Қаратөбе құлпытастар сырын ашайық», «Рухани жаңарған Қаратөбе» және «Қасиетті Қаратөбе» атты кітаптар оқырманға ұсынылды. Осы атаулы күнге орайластырылып, аудан орталығынан ел азаматтарының қолдауымен екі нысан – Елордамыздың 20 жылдығына «Астана» саябағы ашылып, жерлесіміз, академик Қажым Жұмалиевке арналған бюст бой көтерді, – деді аудан басшысы Жанат Асылханұлы есеп беру жиынында.

Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, барлық саланы аутоматтандыру үдерістері қазіргі таңда  жүйелі  жүзеге  асуда.

Өткен жылдың маусым-тамыз айларында барлық ауылдық округте халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту курстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды алу үлесін арттыру мақсатында барлық ауылдық округте интернет байланысына қосылған «e-gov» электрондық үкімет порталына кіру үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды.

Қаратөбе ауылында ашылған «Астана» саябағына күн сәулесінен қуат алатын, смартфондар мен электронды құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік беретін әрі wifi желісін тарататын заманауи орындықтар қойылды. Сонымен бірге баламалы қуат көздерін пайдалану мақсатында аудан орталығы Қаратөбе ауылында күн сәулесінен қуат алатын 75 дана шамы орнатылды.

Былтыр аудандағы 19 мектепке «BilimLand білім платформасы» қондырғылары орнатылып, іске қосылды. Аудан орталығындағы іргелі білім ошақтары Қаратөбе мектеп-гимназиясы мен Мұхит атындағы жалпы білім беретін мектебі Kundelik.kz сайтына қосылса, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен гимназия мектебінде  ІТ-сынып  ашылды.

Аудан әкімі Ж. Асантаевтың 2018 жылғы аудан бойынша атқарылған жұмыстар туралы есебіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев оң баға беріп, былтыр облыс көлемінде атқарылған жұмыстар туралы  баяндады.

Елбасының биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауында үлкен мән бар екенін айтқан Ғали Нәжімеденұлы аудан жастарын жұмыста белсенділік танытуға шақырды. Жиын барысында өз тігін ательесін ашуды жоспарлайтынын айтқан жас маман Ақбөбек Ғатауованың бастамасын қолдайтындығын  жеткізді.

Бүгінде Қаратөбе ауданында 3992 жас бар. Олардың 2021-і жас экономикалық белсенділер қатарында болса, есептік жылда 459 жас жұмыспен қамтудың шараларына  тартылған.

Аудан әкімінің есебіне ризашылығын білдірген еңбек ардагері Орынғали Ермекқалиев «Қазіргі таңда ауданымызда 162 үйдің техникалық-сметалық құжаттары, сонымен  қатар 9,2 шақырым көше жолдары жұмыстарының да  техникалық-сметалық құжаттары дайындалып, тексеруден өтіп тұр. Аудан тұрғындары атынан 2019 жылы осы жобаларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды сұраймын» деген ұсынысын да айтты.

Ажаргүл   ӘЛИЕВА,

Қаратөбе   ауданы

 

Рамазан   ҚЫДЫРАШЕВ,

аудандық  сәулет, қала  құрылысы  және құрылыс  бөлімінің  басшысы:

– Ауданның бас жоспары 2016 жылы жа-сақталды. Қаратөбе ауылының аумағы 979 гектар жерді алып жатыр.

Аудан әкімінің есеп беру жиынында көтерілген мәселелердің бірі  тұрғын  үй  саласы  болды.

Қаратөбе ауданында жеке тұрғын үй кезегінде тұрған 197 адамның сұранысын қанағаттандыру мақсатында жоспарда Қаратөбе ауылындағы 4 пәтерлі бір қабатты үш тұрғын үй құрылысы, «Темір ауыл-2» тұрғын кешеніндегі 67 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы, «Темірауыл-1» тұрғын кешеніндегі 83 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан  өтті. Алдағы уақытта халықтың сұранысын қанағаттандырамыз  деп  ойлаймын.

Ақбөбек  ҒАТАУОВА,

Қаратөбе  колледжінің өндірістік  оқыту  шебері:

– Қазіргі таңда Қаратөбе колледжінде кәсіптік білім беру саласында тігінші мамандығының оқытушысы қызметін атқарып жүрмін. Сонымен қатар бос уақытымда аудан көлемінде мәдениет үйінен, мектептен, балабақшалардан, жеке адамдардан тапсырыс қабылдап, киім тігемін. Көбіне ұлттық нақыштағы киімдерге  тапсырыс  түсіп  жатады.

Елбасымыздың биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы мені ерекше шабыттандырды. Жастарды қолдауға, олардың идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан жағдай жасалып отыр. Әрбір жас берілген мүмкіндікті  пайдаланып, ауыл, аудан, еліміздің гүлденуіне өз үлесімізді қосуымыз  керек.

Алдағы жоспарым – ұлттық үлгідегі сырт киім, пальто тігетін цех ашу. Сонымен қатар колледжімізден тігінші мамандығын тәмамдаған студенттерді жұмыспен қамту, ауданда осы саланы дамыту.

Алда бизнес-жоспарымды дайындап, мемлекеттік грант алуға талпынып көрмекпін. Наурыз айынан бастап кәсібімді өз қаражатыммен бастамақпын. Оған қажет орынды жергілікті әкімдік тауып беруге  келісім  беріп  отыр.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.