12.02.2019, 10:40
Қараулар: 4
«Қордаланған мәселелерді азаматтық қоғаммен бірлесіп шешудеміз»

«Қордаланған мәселелерді азаматтық қоғаммен бірлесіп шешудеміз»

Кеше  облыстық қоғамдық кеңестің жиналысында облыс әкімі Алтай Көлгінов былтырғы жыл қорытындысы бойынша есеп берді. Облыстық мәслихаттың ғимаратында өткен жиынға облыстық басқарма басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

–  Қоғамдық кеңес құрылғалы 60-тан астам отырыс өткізіліп, халықтың тұрмыс сапасын көтеру, әлеуметтік мәселелерді шешуді қарастыруға жүздеген сауал жолданған. Облыс бойынша әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, жұмыссыздық мәселесі, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға қатысты іс-шаралар атқарылуда. Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді азаматтық қоғам өкілдерімен біріге отырып шешеміз, – деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің мәліметінше, былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5 трлн. теңгені құрады. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 30%-ға, дайын металл бұйымдары 72%-ға өсті. Былтырғы мамыр айында Елбасы өңірімізге жасаған жұмыс сапарында алты ірі өнеркәсіп орнының қызметін дамытуға тапсырма бергені мәлім. Соған сәйкес өндіріс ошақтарын жандандыруға қатысты кешенді шаралар басталды. Мәселен, «Зенит» пен «Гидроприбор» зауыттарының басшылығы өндіріс қуатының жүктемесіне қатысты үшжылдық келісімге қол қойды. «Конденсат» АҚ-ның жанар-жағармай тасымалдау жоспарын ҚР Энергетика министрі бекітті.

Индустрияландыру картасына 10 млрд. теңгеге 10 жоба енгізілді. Оның біреуі шетелдік капитал арқылы жүзеге асты. Соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібінде экспорт көлемі 1,3 есе артқан. Былтыр инвестиция тарту көлемі 3%-ға, яғни  450 млрд. теңгеге өскен. Өңір басшысы жыл қорытындысы бойынша Қазақстандағы 150 ауданның ішінен Теректі ауданы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай тудыруға қатысты үздік шыққанын оң  нәтижеге  балады.

Өткен жылы облыста шағын және орта бизнес саласында жалпы  құны  1 трлн. теңгеден астам  қаржыны құрайтын өнім өндірілді. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім  көлемі 140 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады.

– Мал басының көбеюі ет экспортын арттыруға мүмкіндік берді. Бүгін біз ет өнімдерін Ресей, Иран, Қытай, Армения, Белоруссия және басқа мемлекеттерге де жөнелтудеміз. 2017 жылмен салыстырғанда ет экспорты 34 пайызға немесе 3 мың тоннаға артты, – деді Алтай  Көлгінов.

Облыс әкімі тұрғын үй салу, аутожол жөндеу, ауылдарға ауыз су және көгілдір отын жеткізу, білім және денсаулық нысандарын жаңғырту, мәдениет және спорт саласын дамытуға қатысты деректерді атап өтті. Соңғы үш жылда өңірде 1 мың шақырым аутожол жөнделді.  Аталған есепті мерзімде 1 млн. шаршы метр үй пайдалануға берілді. Былтыр 1,6 млрд. теңгеге 44 елді мекенге газ құбыры тартылды. 51 елді мекенді қамтыған 2 мың шақырымнан астам орталықтандырылған су құбыры желісі тартылды.

 Облыс әкімінің есебінен кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар баяндама жасады. Оның айтуынша, 2018 жылы облыстық мәслихаттың алты сессиясы, мәслихаттың тұрақты комиссияларының 23 отырысы өткізіліп, 135 мәселе қаралған. Облыстық мәслихаттың 68 шешімі қабылданып, соның 21-і облыстық әділет департаментінің тіркеуінен өтті. Облыстық мәслихат депутаттары былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында жаңа жобаларды жүзеге асыруға демеушілік танытып, бірнеше әлеуметтік нысан құрылысына өз қаражаттарын жұмсаған.

Жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов та есеп беріп, соңғы үш жылда 60 төралқа отырысы өткізіліп, 384 нормативтік-құқықтық актінің жобалары қабылданғанын баяндады. Оның айтуынша, қоғамдық бақылау бағытында жұмыстар жүйелі жүргізіліп, облыстық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар басшыларының  есебі тыңдалған. Жиналыста облыстық және аудандық қоғамдық кеңестердің белсенді мүшелері облыс әкімінің және облыстық мәслихат пен облыстық қоғамдық кеңес төрағаларының атынан алғысхаттармен  марапатталды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар