11.02.2019, 22:30
Қараулар: 228
Сары аязда сағаттап күттіргендері қалай?!

Сары аязда сағаттап күттіргендері қалай?!

Орал қаласынан таяқ тастам жерде орналасқан Круглоозерный  кентінде біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе бар.

Ол – қала мен кенттің арасына күнделікті қатынайтын №51 маршруттың жайы. Бұл мәселе 25 қаңтар күні Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың қатысуымен өткен аталмыш кенттің әкімі Кенесары Нұршиновтың есептік кездесуінде көтеріліп еді. Сол жиында тұрғындар маршрут күнде уақытында жүрмейтінін, сенбі, жексенбі күндерін былай қойғанда, мереке күндері тіпті қалаға келу қиямет-қайым екенін Мұрат Рахметұлына айтып, базыналарын жеткізген болатын. Тұрғындардың көзінше Мұрат Мұқаев №51 маршруттың  жолаушы  тасымалына  жауапты «ПАП №1» ЖШС-ның  басшысы Саян Нұрмұхамбетовке мәселені бір-екі күннен қалдырмай дереу шешу керектігін тапсырған еді. Аутопарк басшысы қала әкімінің тапсырмасын қай құлағымен тыңдағанын қайдам, арада екі аптадай уақыт өтсе де, әлі ештеңе өзгермеген. Аутобус сол баяғы өгіз аяңынан арылмай, кент тұрғындарын зар илетуде. Қысқасы, «баяғы жартас, сол жартас…»

Бұл мәселені газетке  жазсаңыздаршы, халықтың мұң-мұқтажын жоғарыдағыларға жеткізетін сіздер емессіздер ме?» деп, бізге қоңырау шалған Круглоозерный кенті тұрғындарының өтінішін аяқ асты етпей, талап-тілектерін тыңдауға бардық. Аялдамаға жиналған тұрғындар базыналарын былай деп бастады.

– Таңертең 06.50, 07.15, 08.00, 09.20-да келуі тиіс маршрут мүлдем келмейді. 10.00-де бір-ақ келеді. Мына қыстың көзі қырауда сағаттап маршрут күту қаншалықты қиын екенін кент әкімі мен аутопарк басшысы біле ме екен? Оның үстіне көпшілігіміз қалада жұмыс істейтін болғаннан кейін маршрут келмегесін жұмыстан кешікпес үшін амалсыз 300 теңге төлеп, таксимен кетеміз. Кеште жұмыстан шыққасын тағы таксимен келеміз. Өйткені қаладан кентке 20.20-да жүруі тиіс маршрут жүрмейді қазір. Кестеден алып тастаған. Не үшін алып тастағандарын түсінбедік. Жақында аутобус жүргізушісінен «Кеште неге жүрмейсіздер?» деп сұраған едім, «Аутобусқа кеште ешкім отырмайды» деп жауап берді. Қалай отырмайды?

Басым көпшілігіміз кеште жұмыстан шығамыз ғой. Оның үстіне аутобустың ішінде пеш жоқ, сапсалқын. Терезелерінде қырау қатып тұрады. Аутобус жүргізушінің өзі бір қолымен терезені сүртіп, екінші қолымен рөлді ұстап келе жататынын көз көріп жүр. Қалаға барып келіп оқитын студент қызыма тіпті қиын болды. Өзіңіз ойлаңызшы, күн сайын қызым екеуміз таксиге 1200 теңге ақша шығындаймыз. Құдайдың құтты күні мұндай қаржы жоятындай асып-тасып жатқан ештеңеміз жоқ. Бұл тек менің ғана басымдағы жағдай емес, – дейді кент тұрғыны Нұржауған Ерғалиева.

Ал Гүлнәр Халиуллина есімді әжей болса, бұл мәселе жыл сайын кент әкімінің есебінде айтылып келе жатса да, тыңдар құлақ табылмай тұр деп налиды. «Сағаттап маршрут күту оңай емес қой. Әсіресе, студенттерге қиын. Ақшасы барлар таксимен кетеді, ақшасы жоқтар мәжбүрліктен маршрут күтеді. Аутобус уақтылы өмірі келіп болмайды. Тезірек бұл мәселе шешілсе жақсы болар еді. Біздің қалауымыз осы», – деді уәжін білдірген әжей.

Тұрғындардың ренішін тыңдап тұрғанымыз сол еді, біздің келгенімізді ұзын құлақтардан естіген кент әкімі Кенесары Нұршинов, «ПАП №1» ЖШС-ның басшысы Саян Нұрмұхамбетов пен Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмаз Ахошев құстай ұшып жетіп келді. «Іздегенің алдыңнан, сұрамай-ақ табылар» демекші, жауапты адамдардың өздері-ақ алдымызға келгені жақсы болды. Кент әкімі Кенесары Нұршинов «Әкімдік ғимаратына барып сөйлесейік» дегесін тұрғындармен бірге сонда бардық.

– Бұл – 5-6 жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Осы уақытта біз бір аутобус сатып алған емеспіз. Өйткені оған қаржы жоқ. Круглоозерный – Серебряков және Орал қаласы бағытына күніге екі «ПАЗ», бір «ДЕО» және бір «Газель» жүреді. Маршрут бағасы 80 теңге. Аутобустардың уақытында жүрмеуінің себебі – техника болғаннан кейін сынып қалып жатады. Сынып қалған маршруттың орнына басқасын жібереміз. Тек диспетчер уақытында ескерту керек. Бірақ аутобустың сынып қалғанын, кентке уақытында келмегенін мен кейін біліп жатамын. Диспетчер дереу хабар бермейді. Мәселе содан туындап отыр. Қосымша аутобус алу үшін «Сбербанктен» несие сұрағанбыз. Бірақ олар 130 млн. теңге ғана бере алатындарын айтты. Мен бас-қаратын аутопарктің құрамында Круглоозерный – Серебряков бағытына қатынайтын №51 маршруттан бөлек қала ішіне жүретін бірқатар маршруттар бар. Олардың барлығына жаңа аутобус сатып алуға 130 млн. теңге  жетпейді. Бізге 1 миллиард теңгенің үстінде қаржы керек. Бүгінде  «Қазақстан даму» банкімен келісім жүргізілуде. Олар несие беріп жатса, маршруттардағы аутокөліктерді жаңалаймыз, – деді кент әкімдігіндегі басқосуда «ПАП №1» ЖШС-ның басшысы Саян Нұрмұхамбетов.

Аутопарк басшысының бұл сөзіне кент тұрғыны Нұргүл Досымғалиева: «Бізге мынаны айтыңызшы, кешкі 20.20-да қаладан Круглоозерныйға келетін маршрутты қаңтар айынан бастап неге алып тастадыңыздар? Біздің үйден күніге үш адам қалаға жұмысқа барады. Маршрут уақытында келмегесін таксимен кетеміз, кешке тағы таксимен келеміз. Қалтамыздан күнде 1800 теңге ақша кетеді. Оңай емес қой, өзіңіз ойлаңызшы. Үнемі таксимен жүруге қалтамыз көтермейді. Бұрын маршрут уақтылы жүргенде қалтамызға мұндай салмақ түспейтін еді, осыны реттесеңіздерші. Біздің талап-тілегіміз – маршруттың уақытында жүргені. Айтқан сөздеріміз осы жерде қалып кетпейді деп үміттенеміз», – деп жанайқайын жеткізді.

– Сіздердің айтып отырған уәждеріңіз орынды. Біз мұны реттейміз. Қазір сіздердің араларыңызда отырған Талғат Ғабдуш ағамызды  бүгіннен бастап диспетчер қып жұмысқа аламыз. Енді маршруттардың жүруін дұрыстап қадағалаймыз. Бұл жағдай енді қайталанбайтынына уәде береміз, – деді Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмаз Ахошев. Бұл сөзді «ПАП №1» ЖШС-ның басшысы Саян Нұрмұхамбетов те қоштады.

– Круглоозерный кентіне әкім боп келгеніме жыл жарымдай уақыт болды. Бұл мәселе мен келместен бұрын да болған. Алдағы уақытта өзекті мәселені «ПАП №1» ЖШС-мен бірлесіп шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Кез келген мәселенің бірден шешімін таппайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Маған да күніге осы жерге біраз адам шағымын айтып келеді. Былтыр көптеген шағым түскеннен кейін біз Орал қалалық көліктік бақылау инспекциясына шара қолдануларын сұрап, хат жазған едік.

Міне, Саян Сәбитұлының өзі отыр ғой, бұл кісіні жауапқа тартып, айыппұл салған болатын. «ПАП №1» ЖШС-ын тасымалдаудан алып тастап, басқа тасымалдаушы мекемені әкеліп қойсақ та, мәселе түбегейлі шешіледі деп айту қиын.

Аутобустардың белгіленген уақытында жүруін бақылауда ұстаймыз, – деді Круглоозерный кентінің әкімі Кенесары Нұршинов.

Өртеніп тұрған өзекті мәселенің өздігінен шешілмесі анық. Алайда тұрғындардың арқасында жұмысын жүргізіп отырған тасымалдаушы мекеме жолаушыларға мінсіз қызмет көрсетуге тиісті емес пе? Маршруттардың уақытында жүруі үшін міндетті түрде тұрғындар айқай шығарып, тілші араласуы қажет пе еді? Осы мәселені қағазға түсіріп отырғанымызда, бізге Нұргүл Досымғалиева хабарласып, «Сіздің көзіңізше кент әкімі Кенесары Нұршинов, «ПАП №1» ЖШС-ның басшысы Саян Нұрмұхамбетов және Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмаз Ахошев қаладан кешкі 20.20-да Круглоозерныйға келетін маршрутты реттейміз деп уәде беріп еді ғой, жаңа диспетчер Талғат ағамен сөйлескен едім, ол кісі: «Бұл мәселе наурыз айында ғана шешіледі» деп, басшылардың «сәлемдемесін» жеткізді. Бұл қалай болғаны сонда? Бізді жас балаша көріп, алдап соққаны ма?!», – деп ренішін білдірді.

«Апам да аң-таң, мен де аң-таң» демекші, басында не айтарымызды білмей абдырып қалдық. Кішкенеден соң ғана: «Уайымдамаңыз, сіздердің жанайқайларыңыз жайдан-жай қалмайды, қажет болса, тағы жазамыз» деп жауап қаттық. Тұрғындарға уәде беріп, артынан ауыздарын қу шөппен сүртіп шығарып салған атқамінерлердің бұл тірліктерін қай «қақпаға» сыйдырарымызды білмедік. Сонда шынымен тұрғындарды жылаған сәбидің аузына емізік салып жұбатқандай күй танытқандары ма?!

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.