11.02.2019, 22:15
Қараулар: 13
«Дені сау кедей науқас патшадан бақытты»

«Дені сау кедей науқас патшадан бақытты»

Әлі күнге алыс шетелдерге шығып көрмеппіз. Мектептегі оқушы кезімізден таныс орысша өлеңде шырқалатындай «Түріктің жағалауы да, Африканың да қажеті жоқ» және олар да маған өліпөшіп қол бұлғап тұрмағандай. Әрине, мүмкіндік болып жатса, өзге елдерге саяхаттап, сол мемлекеттердің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысқанға не жетсін, шіркін!

Екі-үш жыл турасында БАҚ арасындағы инновациялық материалдар байқауында бас жүлде грантты ұтып алып, Англияға барып қайтқан әріптесім Сәкен Әбілхалықов ағылшындардың күнделікті «құмырсқа» тірлігіне басын шайқап, аузын «ашып» келген-ді. Тұманды елдің ежелгі қаласында еңбек ететін, әсіресе, іскер азаматтары (дамыған елдерде медицина қатты дамығанмен, қызметі қымбат деседі) түскі үзілісте ауырмаудың жолы деп саябақтарда жүгіріп,  дене қимылымен айналысады екен. Әрі «жеңіл» (легкий) жүгіріп қана қоймай, уақытты тиімді пайдаланып, планшетті шұқып, қажетті хабарламаларға жауап жазып не оқи жүреді. Лондон шаһарының қай бұрышына барсаңыз да, осындай көрініске куә боласыз деген-ді ол. Ал, бізде ше? Ондай асып-тасып бара жатқан қыруар шаруамыз болмаса да, күндіз-түні қолымыздан ұялы телефонымыз түспейді. Жүгіруді айтасыз, жаяу жүруге де кегежеміз кері тартып тұрады. Дамыған мемлекеттерде әлеуетті компания өзінің қызметкерлерінің денсаулығына мұқият қарайтыны белгілі. Кез келген мемлекеттің болашағы ұлтының  денсаулығына байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мәңгілік ғұмыр жоқ, сондықтан қамшының сабындай қысқа өмірде жер бетіндегі «сапарымызды» ауырмай-сырқамай өткізген жөн-ау… Шындығына келгенде, бір айдың жартысын «науқас парағымен» өткізетін қызметкерден қандай еңбек өнімділігін, қандай сапалы жұмыс нәтижесін күтуге болады?!  Сондықтан «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенге өзіміз де мән-маңыз беріп, өзімізден кейінгі жас буынның санасына сіңірсек. Әрине, құр сөзбен емес, нақты іспен. Бірінші кезекте дұрыс тамақтану, дене шынықтырумен айналысу сықылды бағыттарды ұмытпағанымыз жөн-ау. Дегенмен, біздің өңірде де өз қызметкерлерінің денсаулығына алаңдайтын, ұжымға салауатты  өмір салтын ұстануды насихаттайтын әлеуетті компаниялар баршылық. Олардың дені өндіріс-өнеркәсіп саласында деуге болады.

Соңғы жылдары «Жайық Пресс» ұжымы да салауатты өмір салтын ұстаушылар қатарын көбейтуге барынша күш салуда. Біздің медиахолдингте бұрыннан спорт десе, ішкен асын жерге қоятын қызметкерлер көптеп саналады. Аға буыннан медиахолдинг басшысының орынбасары Ғайсағали Сейтақ волейболды, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин футболды жандарына серік етсе, Есенжол Қыстаубаев, Сырымбек Тұяқов жаяу жүргенді ұнатады. Аға буынның өнегесімен ұжымдағы кейінгі толқын да спортқа қырын қарамайды. Қазақы баспасөздің қара-шаңырағындағы осындай жақсы дәстүр әрі қарай жалғасын тауып отыр. Қыс мезгілінде шаңғы, коньки тебу, жылдың төрт мезгілінде футбол, волейбол ойындарын ойнау денені сергітіп қоймай, оған қоса көңіл күйді көтереді десек, артық айтқандық емес. Мысалға, жуырда мекемеішілік эстафеталық жарыс жоғары деңгейде өтті. Жұмыс уақытының көп бөлігін компьютер алдында өткізетін журналистер қауымы жүгіріп, секіріп,  денедегі ащы терді сыртқа шығарып, кәдімгідей сергіп қалды. Ұжымдағы осындай жақсы дәстүр өзге де мекеме-кәсіпорындардың ұжымына жұғысты болса екен.

Шопенгауэр деген данышпан «Дені сау кедей науқас патшадан бақытты» депті. Бақыттың негізі  – деннің саулығы. Деніңіз сау болса, өмірдегі барлық белес-биіктерді бағындыру өз қолыңызда.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Ajgereevagul@mail.ru

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар