11.02.2019, 22:13
Қараулар: 33
Жедел ақша жарылқаушы ма, қарызға батырушы ма?..

Жедел ақша жарылқаушы ма, қарызға батырушы ма?..

Қазір  қала көшелерінде  аяқ  басқан  сайын  маңдайшаларына «Жалақыдан  жалақыға дейін»  деп  жалаулатып жазып  қойып,  ақша  беретін орталықтар  көбейді.  Көбіне тығырыққа  тірелген  адамдар  аталмыш орталықтардың  көмегіне жүгінеді.  Қазіргі  күнде осындай  жедел  берілетін ақшаны  алып,  кейін  әлгі бережақтан  құтылу  үшін және  бір  қарыз  алып, қарыз  құрсауында  жүрген адамдардың  көбейіп  бара жатқаны  алаңдатады.

Мәселен, Самал атты танысым осыдан екі жыл бұрын жедел ақша беретін мекемелердің бірінен 50 000 теңге алады. Бір айдан соң ақшасын төлейін деп барғанында, әлгі мекеменің көшіп кеткенін біледі. Үлкен ғимараттың бір бөлмесінде отырған мекеменің қайда көшкенін сол жердегі бірнеше адамнан сұрап, мардымды жауап ала алмайды. Сосын олар да «Мен туралы мәлімет бар, өздері хабарласар» деген оймен ақшасын буып қойып, күтіп жүреді. Одан кейін де бірнеше рет барып, сол жердегі күзетшілерден, еден жуатын апайлардан сұрастырғанымен, еш нәтиже бола қоймайды. Оның айтуынша, олардың өздері де бірде-бір рет оған қоңырау шалып, іздемеген.  Арада үш ай өткенде, Самалдың жұмыс орнына жалақысының 50 пайызын ұстау жөнінде хабарлама келеді. Құжаттармен танысқанында кейіпкерім 50 мың теңгені пайызымен, сот орындаушысының еңбегімен 235 мың қылып қайтаруы тиіс екенін біледі. Әрі қарай ақша беретін орталықты тауып, сөйлескенімен, ол өзін ақтай алмапты. Заңгерлерден кеңес алудың өзі ақша тұратындықтан, олардың қызметіне тағы  жүгіне алмайды. Сөйтіп оның  жалақысы мен сыйақысының 50 пайызы бірнеше ай бойына ұсталып тұрады. Материалдық жағдайы қиындап, қарыздан әрең құтылған Самал: «Енді көк тиынсыз қалсам да, жедел ақша беретін жерлерге жоламайтын болдым», – деп еді.

Мен «Жалақыдан жалақыға дейін» ақша беретін бірнеше мекемені араладым. 10 мың теңге алсам, күніне 200 теңгеден қосылады екен. Мәселен, 40 000 мың теңгеге күніне 800 теңгеден, 30 күнге 24 мың теңге қосылады. Сонда 40 000 мың теңгені бір ай ішінде 64 мың теңге қылып қайтарады екенмін.  Әрі қарай сомасына байланысты күніне төлейтін мөлшерлемесі де өсе береді. Бір айдан соң алған қарызды төлейтін ақша болмай қалса, үстіндегі өсім ақшасын төлеп қоясыз. Келесі айда тағы да үстемесімен қоса жауып тастауға ақша болмаса, тек үстіндегі ақшасын төлеп амалдауға болады. Бірақ алған ақшаңызды бірнеше есе қылып, өкіртіп тұрып қайтарасыз. Ал егер алда-жалда төлей алмай қалсаңыз, негізгі үстемеге тағы біраз  мөлшерде үстеме қосылады. Мүлдем төлей алмай қалсаңыз, істі сотқа береді.

Бір қызығы, үстемесінің көптігіне қарамастан қай орталыққа барсам да, ақша алушылардың қатары көптігін байқадым. Орта жастағы келіншек менеджер қызға өзін «лояльный клиент» ретінде таныстырып, қомақты ақшаны санап алып жатты. Менеджерден «лояльный клиент» туралы сұрағанымда, «Олар біздің компаниядан ақша алып, оны уақытында төлеп сеніміне кірген клиенттер. Оларға арнайы жеңілдік қарастырылған» деген жауап алдым.

«Жалақыдан жалақыға дейін» ақша беретін орталықтарды аралап жүріп, ақша алуға келген адамдардың бірі Сұлу апа да өзінің аталмыш орталықтың тұрақты тұтынушысы екенін айтып қалды. Дәрі алу үшін 10 мың теңге сұрай келген Сұлу апай қарызға ала қоятын адамы жоқ болғандықтан, қиналып қалған кезде осы орталықтан ақша алып, зейнетақыға жеткенше амалдайды екен.

Бүгінгі күнде ғаламтордағы жедел ақша беретін онлайн  орталықтардың да дәурені жүріп тұр. Ғаламторды аралап, жедел ақша берем деген бірнеше сайтты қарап шықтым. Олардың бірінде «Еш кепілсіз, анықтамасыз тез әрі оңай ақша алып, шұғыл мәселеңізді шеше аласыз» деп жазылыпты. Онлайн несиеге өтініш берушілердің саны әр айдың 25-і жақындаған сайын арта түседі екен. Мұны «ФинТех қазақстандық ассоциациясы» мен «RAEX» рейтинг агенттігі бірлесіп анықтаған. Айдың аяғында жалақысы таусыла бастаған тұрғындардың біразы банктегі несиені жабу үшін, коммуналдық төлемдерді төлеу үшін жедел ақша алатын орталықтардан қаржы  алуға мәжбүр. Несие (кредит) нарығындағы қарқынды дамып келе жатқан жедел ақша беретін орталықтардың тұтынушылары (клиенттері), негізінен, жалақыдан жалақыға әзер жетіп жүрген тұрғындар екендігін аңғару қиын емес. Әдемі сөзбен ұрандатып, жарнамасын жалаулатып, шаруасын шалқытып отырған мұндай орталықтар талай адамның қалтасын қағып, сан соқтыруда. Нәтижесінде жедел, әрі оңай жолмен ақша алып, мәселесін шешуге тырысқан талай адам қарыз құрығынан шыға алмай жүр. Соңғы кездері айлыққа дейін аз ақшаны жоғары пайызбен «ала тұру» әдетке айналып барады. Негізінен, несие тарихының нашарлығына, адамның тұрақты жұмысы бар-жоғына қарамай, еш кепілсіз, анықтамасыз оңды-солды ақша беріп жатқан жедел ақша беретін орталықтардың қызметіне мүмкіндігінше жүгінбеген жөн. Өкініштісі, қазір қаламызда «Жалақыңыз бітіп қалса, бізге келіңіз!» деп ұрандатқан осындай орталықтар көбейіп барады. Онсыз да жалақыдан жалақыға әзер жетіп жүрген тұрғындардың қарыздың құрдымына біржола батып бара жатқандығы қынжылтады.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар