11.02.2019, 22:03
Қараулар: 2
«БІЗ БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯҒА ЗӘРУМІЗ» дейді Жарсуат және Приурал ауылының тұрғындары

«БІЗ БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯҒА ЗӘРУМІЗ» дейді Жарсуат және Приурал ауылының тұрғындары

Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев халық алдындағы есеп беру кездесу жиынын өткізді. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов пен облыстық деңгейдегі бірқатар сала басшылары қатысты.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қадам байқалады. Аудан бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы 104,0% құрады. Салықтар мен басқа міндетті төлемдердің түсімі 12 млрд. 7 млн. теңгені құрады, жоспар бойынша – 11 млрд. 500 млн. теңге. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. 943 млрд. теңгені және физикалық көлем индексі 95,4%-ды құрады.

2018 жылы 4718 шағын бизнес субъектілері тіркелген. Өндірілген өнім, орындалған жұмыс және көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 15,8%-ға өсті және 633,571 млн. теңгені құрады.            «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша өткен жылы мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын, аутокөлік, жабдықтар сатып алуға жалпы құны 324 665  мың теңгені құрайтын 72 жоба мақұлданды. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 56 жоба 208,7 млн. теңгеге, «Қарашығанақ» ЖШС арқылы 195 969 млн. теңгеге 30 жоба  қаржыландырылды (2017 жылы жалпы сомасы 169,8 млн. теңгені құрайтын 34 жоба мақұлданды). Ауданда бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында жобалық құны 3,5 млн. теңге болатын «ПСП «Серик» ЖШС төрт жұлдызды қонақүй кешенінің құрылысы, «Адал Арна Алматы» ЖШС асфальт-бетон зауытын салуды жоспарлап отыр (жоба құны – 2,5-4 млн. доллар). Одан өзге «Аманат» ШҚ 2018 жылы 2,5 млрд. теңге жеке қаражатына Пугачев ауылында сүт өңдеу мен 600 ірі қара малға арналған сүт тауарлы ферманың құрылысын бастады. Аймақтық кәсіпкерлікті қолдау картасына «Сұйық азот өндіретін зауыт» RT-Alliance» ЖШС жобасы енгізілді.

Зауыт салынды, жабдық орнатылды, қазіргі уақытта қажетті құжаттарды рәсімдеу шарасы жүргізілуде, инженерлік жүйелер тартылды, 2019 жылдың наурыз айында зауыттың ашылуы жоспарлануда. Нысанды пайдалануға бергеннен кейін 10 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ауданның  әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жүргізілетін шаралар үлесін қосуда.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі 6 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады. Бүгінде агроөнеркәсіп кешеніне цифрлық технологияларды енгізу қажеттілік болып табылады. Бөрлі ауданында ауыл шаруашылығы кәсіпорнын цифрландыру басталды.

Ауданда 5 шаруа қожалығы күн көзі мен жел қондырғыларын пайдалануда, 6 шаруашылық  жайылып жүрген мал басын ауадан бақылау үшін GPS-трекерларды, дрон мен квадрокоптерді, бір шаруашылық электрбақташыны пайдаланады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80%-ы электронды фор-матқа аударылды.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Смарт Ақсай – Қауіпсіз қала» жобасы енгізілді. «Смарт Ақсай» мобильді қосымшасын жаппай енгізу, аудан әкімдігінің халықпен кері байланысын барынша жоғары сатыға шығаруға мүмкіндік береді. Осы қосымшада түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес платформаларды интеграциялау қызметтер спектрін алуға мүмкіндік береді.

Ауылдық мектептерге, әкімдіктерге және мәдениет үйлерінде кең жолақты интернет қосу есебінен ауыл тұрғындарының сапалы білім алу, халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбей, мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру қажеттілігі шешілуде.

«Смарт Ақсай – қауіпсіз қала» бағытының бірі – бейнежаңалықтар жүйесі (қауіпсіз қала) жобасын жүзеге асыру болып табылады. Аталған жоба қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізуге, патрульдік қызметті бақылауға, бірыңғай ситуациялық орталықта көлік ағындары туралы толық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, қозғалыс болжамы негізінде жол жағдайын басқару бойынша алдын алу шараларын жүзеге асыруға, бағдаршамдар мен интерактивті белгілерді басқаруға, жылдамдық режімін бекітуге, облыстық полиция департаментінің процессингтік орталығымен біріктірілген БҚ-мен интеграцияланған аутомобиль қозғалысының жылдамдығын аймақтық бақылауға мүмкіндік береді.

Президент Жолдауын жүзеге асыруға орай тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында Ақсай қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін 126 пәтерлі екі үйдің құрылысы басталды. Қазыналы мекенде Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын жастар үшін жағдай жасау және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында «JASTAR» стадионы ашылады. 17 ауылдық елді мекенде көше спорттық-жаттығу ойын алаңдарын орнату жоспарланса, аудан орталығының өзінде осыған ұқсас 20 алаң, сондай-ақ 8 көпфункционалды спорттық ойын-сауық кешені орнатылады.

Биыл Тихонов, Успенов, Бесағаш және Киров ауылдарында бөгеттерді күрделі жөндеу, Киров және Бумакөл жатақханаларын салу, Кеңтүбек және Ақбұлақ ветеринариялық пункттерін салу жоспарланған. Киров, Успенов, Облавка, Ақбұлақ ауылдарының әр үйіне дейін сумен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу басталды. Шаһардағы 4, 5, 10-шағынаудан және ескі қаланың су құбыры желілерін қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу, ұзындығы 1769 метр өздігінен ағатын кәріз коллек-торының учаскесін қайта жаңарту жоспарланған. 13 ықшамауданнан Қызылтал ықшамауданына дейінгі 17 көшенің жобалық-сметалық құжаттары аяқталу сатысында. Жаңа көпфункционалды халыққа қызмет көрсету орталығы үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу басталды.

Есеп беру жиынында сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ибрагим Ізмағанбетов тұрғындардан қандай мәселе болмасын сабырлық танытып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруды сұрады. Ал Приурал ауылының тұрғыны, зейнеткер Салиха Құлманғожиева Жарсуат және Приурал ауылдары тұрғындарының талап-тілектерін арқалап келіпті.

– Біз бірнеше жылдан бері жаңа дәрігерлік амбулатория сұрап жүрміз. Бұған бірнеше себептер бар. Қазіргі медициналық пункт ескі баспанада орналасқан. Ешқандай санитарлық талаптарға сай келмейді. Ғимарат ауылдың шеткі көшесінде. Ауылдың жаңадан құрылған бас жоспары бойынша дәрігерлік нысанның орны ауылдың ортасында тұр. Дәрігерлік нысанның жөнделуіне, салынуына қаражат облыстық бюджеттен бөлінетіндігін білеміз. Алтай Сейдірұлы, сізден біздің өтінішімізді қабыл алып, алдағы жоспарларыңызға енгізуді сұраймыз. Біздің ауыл жан-жақты дамыған, Ресей елімен шекаралас ауыл. Ауылда үй салып жатқан жастар көп.

Тұрғындар саны артуда. Шағын және орта бизнес дамып келеді. Көрші Жарсуат ауылындағы медициналық пунктке де күрделі жөндеу керек. Ол округке қарасты үш елді мекен бар. Жарсуат ауылында ресейлік компания да жұмыс жасайды. ФАП-ты бірнеше айда салып беру мүмкін емес. Бірақ алдағы жоспарларыңызға енгізуді сұраймыз, – деді Салиха Әбдірахманқызы.

Бұл сұрақ бойынша Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев жауап берді. Аудан басшысының сөзінше өткен жылы Приурал ауылдық округіне ФАП салуға байқау жарияланған. Байқау екі рет өткізіліп, тендерде жұмысты орындауға құлықсыз мердігер тап болды. Өзге мердігер табылмаған соң, қаржы қажетті мақсатқа жұмсалған. Жарсуат пен Приурал ауылдарындағы бұл жобаларды жүзеге асыру үшін ауданның бас дәрігерімен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасына барлық құжаттар тапсырылған.

– Екі жыл бұрын мен Қостанайдан осы жерге бадминтон спортын дамытуға келдім. Елбасы Жолдауында биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Сондықтан өзімнің және барлық жастардың атынан, Алтай Сейдірұлы, сізге бізден аудандағы спорттың дамуы үшін жасалып жатқан жұмыстарға алғысымызды білдіреміз. Бүгінде Бөрлі ауданында спорттың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалып, спорттық кешендер салынуда. Бастысы, жергілікті спортшылар республикалық жарыстарға қатысып қоймай, әлемдік жарыстарда өз бақтарын сынауда. Осындай зор қолдаудан кейін біздің спортшылар болашақта олимпиадаларда да лайықты өнер көрсететініне сенемін, – деді жиында сөз алған аудандық БЖСМ бапкері Айдана Акулова.

Есепті кездесуде сөз алғандар «Қырықоба» қорғандар кешенінің сақта-луы, Ақсай орталығында теміржол арқылы өту және «Наурыз» бульварында ботаникалық бақтың ашылуы сияқты мәселелерді қозғады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан әкімінің баяндамасына баға берді. Ол соңғы бірнеше жылда ауданда болған оң өзгерістерді атай келіп, жоспарланған жобалардың ауқымын айтып өтті. Ауылдық жерлерде жаңа ФАП салу қажеттілігі мен тарихи ескерткіштерінің маңыздылығы назардан тыс қалған жоқ.

Сондай-ақ Алтай Көлгінов ботаникалық бақты ашу сияқты өтінішті назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті. Ол аудан басшылығына осындай жобаларды жоспарлауға және абаттандыруға жалпы жергілікті кәсіпкерлерді тартуды ұсынды. Сонымен қатар Алтай Сейдірұлы тұрғындарды аудан, қала өміріне бейжай қарамауды сұрады.

Үй айналасына ағаш отырғызу, коммуналдық мекеме жұмысшыларына көмектесіп, қаланы қардан тазалау мен жалпы тазалық сақтауға ұдайы назар болу қажеттігін қадап айтты.

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі   ауданы