11.02.2019, 21:49
Қараулар: 4
Мәдениеті және тәртіп-тазалығымен сүйсіндірген аудан

Мәдениеті және тәртіп-тазалығымен сүйсіндірген аудан

2018 жыл шыңғырлаулықтар үшін нәтижелі болды. Әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа ғимараттар бой көтерді. Жаңа алаңдар салынып, ауылдарға ауыз су тартылды, жолдар күрделі жөндеуден өтті.  Аудан бюджеті  4 млрд. 207 млн. теңгені құрап, өткен кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға артты. Сонымен қатар  былтыр өз кірісі есебінен аудандық қазынаға 386 млн. 600 мың теңге түсіп, жоспар 107 пайызға орындалды.

Бұл туралы Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиевтің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде баяндалды. Аудан басшысының есебіне облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Жиын былтыр атқарылған ісшараларды қамтыған бейнекөрсетілім мен басталып, аудан әкімінің баяндамасымен жалғасты.

Альберт Темірболатұлы өткен жылда тындырылған жұмыстарға тоқталып, алға қойылған міндеттермен бөлісті.

Аудан басшысының айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 843 млн.  теңгені құрап отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция 2 млрд. 626 млн. теңгеге жетіп, 67 пайызға өскен. Оның 685 млн. теңгесі жеке қаражат есебінен салынған инвестиция.

Ауданда тіркелген 694 шағын және орта бизнес субъектісінің бүгінде 608-і жұмыс істейді. Салаларға шаққанда, олардың жартысынан астамы ауыл шаруашылығының еншісінде. Өткен жылы 8 млрд. 26 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Мал шаруашылығында да ауыз толтырып айтуға тұратын нәтиже бар. Мәселен, төрт түлік санында былтыр да өсім байқалды. Олардан алынатын өнім көлемі де артып келеді. Мысал үшін ет өндіру бес, сүт пен жұмыртқа екі пайызға ұлғайған.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ауданның екі шаруа қожалығы 57 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, шетелден ангус тұқымды ірі қараның 107 бас аналығы мен 5 бұқасын сатып алса, екі шаруа қожалығы өз қаражаттары есебінен 89 бас ангус әкелді. Сонымен бірге үш шаруа қожалығы ақтөбелік «АкТеп» ЖШСдан 424 бас малды жеті жылға жалға алды.

Өткен жылы аудан бойынша 30 шаруа қожалығы ашылып, оларға жалпы көлемі 18 мың гектар жер берілді және 24 шаруа қожалығы қосымша 17 мың гектар жер учаскелерін алды. Соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын 3 инвестор 7 мың гектар жермен қамтамасыз етілді.

Ауданда 13 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Солардың бірі «Шыңғырлау-Агро» кооперативі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жалпы сомасы 23 млн. теңге несие алып, модульді мал сою пунктін іске қосты. Болашақта осы мал сою пункттерінің базасында бордақылау алаңдары құрылмақ.

— Бүгінгі күнге аудан тұрғындарының 82 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2018 жылы Ақшат және Амангелді ауылдары сапалы ауыз суға қосылды. Қазіргі кезде Жаңакүш, Ащысай ауылдарында таза су құбырын тарту және Ашық тоғай ұңғымасынан Шыңғырлау ауылына қосымша су тарту жұмыстары жалғасуда. Осылайша биылғы жылы ауыз сумен қамту көрсеткіші 86 пайызды құрамақшы. Ал өткен жылы Ақсуат елді мекенінің әлеуметтік нысандарының газдандырылуының нәтижесінде аудан көгілдір отынмен толықтай қамтылды. Жол мәселесіне келсек, аудан бойынша облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 143 шақырымды құрайды. Соның ішінде 104 шақырымды құрайтын Шыңғырлау – Ақшат – Сегізсай аутожолының ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы аталған жолдың 8 шақырымы күрделі жөндеуден өтті.

Биыл жұмыстар жалғасады. Осы жолдың әуелгі 12 шақырымын құрайтын Шыңғырлау – Ұрысай жолына күрделі жөндеу жүргізу үшін  конкурстық жұмыстар басталды.

Бұл жолға асфальт жамылғы төселетін болады, – деді Альберт Темірболатұлы.

Өткен жылы Қарағаш, Шоқтыбай, Ақтау, Амангелді ауылдарының фельдшерлік-акушерлік пункттері күрделі жөндеуден өтсе, биыл Ақшат ауылының медициналық амбулаториясы бой көтеріп, пайдалануға берілді. Шыңғырлау жалпы орта мектебі де облыстық бюджеттен қарастырылған 244 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті.

Аудан орталығының кіреберісіндегі алаң абаттандырылды.

Алаңға биіктігі 15 метр болатын  «Жеті керемет» монументі, бейнебақылау камералары, жарықшамдармен қоса, соңғы үлгідегі ЛЭД экран орнатылып, 3 аутотұрақ, арнайы аутокөлік жолдары жасалғанын да айта кеткен жөн.

Аудан басшысы құрылыс, цифрландыру, әлеуметтік және басқа салалардағы, сонымен қатар жастар, кадр істеріндегі қол жеткізілген табыстарды саралаумен қатар, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті. Атап айтқанда, аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылып, Шыңғырлау ауданының тарихи ескерткіштері – құлпытастары мен ауданның байырғы тарихы және қазіргі кезеңі туралы кітаптар жарық көрді.

Асан қайғы бабамыздың есімін дәріптеу мақсатында «Асан қайғы аялдаған аяулы мекен – Шыңғырлау» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Ақтөбе, Маңғыстау өңірлері және облысымыздың белді ғалымдары қатысып, олар меценаттардың демеушілігімен бой көтерген Асан қайғы бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Меценат демекші, өткен жылдың басында Ақтау ауылында жерлес кәсіпкерлердің қолдауымен жобалық құны 7 млн. теңге болатын көпір жөнделіп, қолданысқа берілді. Сонымен қатар ауылдардың атауын жаңғыртып, заман талабына сәйкестендіру мақсатында, тұрғындардың ұсыныстарымен ономастикалық жұмыстар жүргізілді. Сөйтіп елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылды. Соның ішінде Лубен – Ақшат, Полтава – Ардақ, Белогор – Ақтау, Тасмола – Ақбұлақ болып өзгертіліп, меценаттардың қолдауымен ауылдық округ атаулары жазылған маңдайшалар орнатылды.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов алдымен өңірімізде атқарылып жатқан іргелі істерге шолу жасап өтті. Мұнан соң Шыңғырлауда қолға алынған жұмыстарға көңіл толарлық екенін жеткізді. Көптеген ауданда тұрғын үй, ауыз су сынды  мәселелер күн тәртібінде тұрса, ал Шыңғылауда олар өз шешімін тауып жатыр. Аудан тұрғындарының ауыз сумен 82%, көгілдір отынмен 100% қамтылуы – жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар облыс басшысы Шыңғырлау ауданында жолдардың асфальтталуы, тазалық, мәдениет, тәртіп те айтарлықтай деңгейде екендігін тілге тиек етті. Шыңғырлау – ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы аудан. Сондықтан осы саланы өрістетуге шақырып, шыңғырлаулықтардың құс өсіру бағытындағы табыстарын да атап өтті.

Аудан тұрғындары тарапынан түскен сауалдарға жауап берген Алтай Сейдірұлы Ақбұлақ ауылына мәдениет үйін, ал аудан орталығына дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу сынды мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын да жеткізді.

 Анар  САҒИ,

Шыңғырлау  ауданы

 

Надежда  АЛИЕВА,

«Марычка»  украин  ұлттық  мәдени  бірлестігінің  жетекшісі:

 — Шыңғырлауда қолға алынып, жүзеге асқан жұмыс көп. Сап түзеген сәнді үйлер, ауыл-аймақтарда пайдалануға беріліп жатқан денсаулық нысандары, жаңарған білім ошақтары, аудан орталығындағы жаңа алаң осының бәрі жергілікті билік пен халықтың бірлесіп атқарған еңбектерінің жемісі деп білеміз. Мұны жиында облыс әкімі де айтып өтті.

Алдағы уақытта шыңғырлаулықтардың әл-ауқаты бұдан да әрмен жақсарып, төскейіміз малға, төріміз қонаққа толып, жастарымыз ата-қоныстарына бет бұрып, өнегелі өзгерістер жалғасын табады деп сенемін.