11.02.2019, 21:47
Қараулар: 277
Қайнар ОЛЖАЙ: «Кез келген мақала – формула»

Қайнар ОЛЖАЙ: «Кез келген мақала – формула»

«Жайық Пресс» медиахолдингінде «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының бас редакторы, танымал тележурналист  һәм  публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжаймен кездесу өтті. Қайнар Олжай «Жұмадағы жүздесуде» қазақ журналистикасының бағыт-бағдары, тілшілердің теориялық білім алуының маңызды екені, қоғамдағы көкейтесті мәселелер жөнінде өз ойымен бөлісті.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитов қаламы қарымды Қайнар Қалиақпарұлын қалың жұртшылық «тележурналистиканың корифейі» деп бағалайтынын, Теректі ауданында болған «Бас редакторлар клубының» көшпелі мәжілісіне қатысып, шеберлік сағатын өткізгенін айта келіп, бұл жолы жергілікті БАҚ өкілдерімен, журналистика мамандығына қызығушылық танытып жүрген жастармен дидарласып, емін-еркін сұхбаттасатынын алға тартты. Кездесуде тыңнан ой өрбітіп, сергек сөз саптаған Қайнар Олжай әр сауалға толымды жауап беріп отырды.

– Қазіргі қазақ журналистикасын қалай бағалайсыз? Бүгінгі таңда біз үгітші, насихатшыға айналып кеткен жоқпыз ба? Телевидение аудиториясы 10-15 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда едәуір кеміп кетті. Соған қатысты пікіріңізді білсек, – деді алғашқылардың бірі болып сұрақ қойған «Хабар 24» телеарнасының облысымыздағы меншікті тілшісі Ерденбек Жылқайдарұлы.

– Қазақ журналистерінің ең үлкен кемшілігі – терең ізденбейтіндігі. Өзім жүйелі түрде қазақ және орыс тілінде шығатын басылымдар мен сайттарды салыстырып оқимын. Тіпті бір сайтта аталған екі тілде жарияланған бір материалдың аудармасының өзінде ақсап жатады. Талант деңгейі, тіл байлығы жағынан ешкімнен кем түспейтін қазақ журналистері ақпараттың мән-мазмұнын жеткізе білу жағынан орыс тілді журналистерден олқы түсіп жатады. Әңгіме құлпыртып жазуда емес. Ашығын айтсақ, журналистерде базалық білім жоқ. Тоқсаныншы жылдары жеке оқу орындары көптеп ашылды. Олардың профессорлық-оқытушылық құрамы жасақталмады, не кітапханасы, не аудиториясы болмады. Сол кезеңде басқа мамандықтармен қоса, журналистика теориясын оқыту сапасы да құлдырады. Қазіргі кезде журналистиканың жанрлары түгел жойылды. Бұрын суреттеме мен репортаж, репортаж бен очерк, сын мақала мен фельетон, фельетон мен памфлет ұқсамайтын. Қазақ журналистикасын «баспасөз баяндамасы» (пресс-релиз) деп аталатын арамшөп басып қалды. Оның өзін мекеме дайындап береді. Журналист «пресс-релиздегі» ақпараттың байыбына бармай сол күйі жариялайды. Бес газетке сол ақпарат бір мәтінмен басылып шығады. Кез келген мақала – формула. Мақаланың ішкі мазмұны мен сыртқы формасы қабысып тұруы тиіс. Ол үшін логиканы мықты меңгеру керек. Журналистерді даярлағанда психологияны оқыту қажет. Сұхбат алғанда кейіпкердің жан дүниесіне ене білу маңызды. Алдын ала қамданып, тақырыбын терең қаузай білмегенінің салдарынан талай тілші белгілі ғалымдар мен өнер қайраткерлері алдында тауы шағылып қайтады. Әңгіме өрбітуге өресі жетпеген маман алтын сандықтың кілтін аша алмайды, – деді Қайнар Олжай. Ол алдыңғы буын мектебінің тәжірибесі мықты болғанын, содан бермен жалғасқан ортақ өнеге арқауы үзілгенін айтты.

«Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Шерхан Мұртаза, редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарған Сарбас Ақтаев, көрнекті журналист Мамадияр Жақып, Қазақстан Президенті сыйлығының алғашқы иегері Ержұман Смайыл, «Лениншіл жас» газетіне он бес жылдан астам уақыт редакторлық еткен Сейдахмет Бердіқұловтың журналистикалық қарымынан үлгі-өнеге алғаны, тіл ұстартқаны жөнінде әңгімеледі. Тіл ұстарту демекші, фейсбук әлеуметтік желісінде қазіргі уақытта «Қайнар Олжайдың сабақтары» атты топ парақшасы өте белсенді жүргізілуде. Қазіргі уақытта қазақ журналистерінің алдымен көзін сүзіп қарайтыны – осы топ. Өйткені сайттар мен газет беттеріндегі өрескел қателіктер, телевидениеде сөз тізгінін ұстағандардың аузынан шығатын тілбұзар тіркестерді қалт жібермей қадағалап жүрген Қайнар ағаның сын жебесі мақала авторлары мен БАҚ жетекшілеріне бағытталып жатады. Әрине, мұндағы негізгі мақсат – тілші қауымның жер-жебіріне жету емес, ізденуіне, шыңдалып, ширауына жол нұсқау, жауапкершілік жүгі ауыр екенін аңғарту, кәсіби тұрғыда бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беру екені жиі жазылады. «Қайнар Олжайдың сабақтарында» тапсырмалар беріліп, оның орындалуы жүлдемен ынталандырылып отырады. Журналистер әріптестерінің сөз саптауда жіберген кемшіліктерін қызу талқылады.

«Жайық Пресс» медиахолдингіндегі басқосуда Қайнар Олжай қазақ баспасөзінде, бұқаралық ақпарат құралдарында шеттен енген сөздің аудармасының бірнеше сәтсіз нұсқасы қатар қолданылатынына, бұл бағытта бірізділіктің сақталмайтынына, мекемелер тарапынан қадағалау әлі күнге жолға қойылмай келе жатқанына алаңдайтынын жеткізді. Қайнар Қалиақпарұлы журналистер әмбебап болып төселуі үшін жан-жақты білім алып, барлық саладан көш ілгері хабардар болуы, ақпараттық технологияларды меңгеруі, бірнеше тілде сөйлей білуі қажет екенін айтты. Майталман маманның өзі сала-сала бойынша жүздеген мойны озық, білгірлер мен танымал тұлғалардың дерегін, жеке басына қатысты мәліметтерді алдын ала жинақтап жүреді екен. Тілші оқиғаның жай-жапсары жөнінде ертерек қанық болуы, мәлімет алуға барғаннан кейін де деректерді ой елегінен өткізіп, сараптап, зерттеуін жалғастыруы тиіс.

– Адамға керегі – білім. Адамдармен аралас, таныс-біліс бол. «Журналисті аяғы асырайды». Атағын саудалайтындарға күлем. Былтыр 60 жылдық мерейтойымда «Ауданның құрметті азаматы» атағынан бас тарттым. Атақ, марапат адамның жан-дүниесін айқындамайды. Қазіргі кезде танымалдылық ақша табу құралына айналды, – деді қарымды қалам иесі.

Тәжірибелі журналист «Орал өңірі» газетінде жарияланған әріптестеріміздің мақалаларының құрылымын талқылап, тақырыпшаларға бөлінген мәтін көлемі бірдей болуы керектігін айтты.

Мақала жазудың теориялық заңдылықтары мен ықшам да ұтымды тақырып қоя білудің құпиясымен бөлісті. Қайнар Олжайдың айтуынша, БАҚ маманы кәсіби тұрғыдан жедел қимылдауы қажет. Бірақ асығыстық шалағайлыққа ұласпауы үшін уақытын тыңғылықты жоспарлап үйренсе, мәтінді бірнеше мәрте өңдеу арқылы сапалы материал дайындауға болатынын тілге тиек етті. «Жұмадағы жүздесуде» Қайнар Қалиақпарұлы ұтымды сұрақ қойған журналистер мен студенттерге «Қой баққан қиын» кітабын төл қолтаңбасымен тарту етті.

Көп оқып, көп тоқыған, көп көріп, көп түйген қаламгермен жүздесудің, әсіресе, жас журналистерге тәлімдік, теориялық, практикалық тұрғыда тигізген пайдасы зор болды. Есімінің өзінен ел елең етіп, қалам ұстаған қауым етекжеңін жиятын Қайнар Олжайдың бетпе-бет өткізген сабағынан олжалы оралған аңшыдай біраз ой түйіп шықтық…

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.