11.02.2019, 21:45
Қараулар: 59
«Ән қанатындағы әлем»

«Ән қанатындағы әлем»

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы қолға алған «Жұлдызды отбасы» жобасының кезекті шарасы ҚР мәдениет саласының үздігі Қуаныш Қисметов пен әнші Раушан Қуанышәлиеваның шығармашылығына арналды.

Ынтымақ-бірлігі жарасқан жанұяларды көпшілікке үлгі ету арқылы отбасы құндылығын насихаттау, кейінгі кездері белең алған ажырасу жайттарының алдын алу, шаңырақ шаттығының мән-маңызын ұғындыруды мақсат еткен жоба аясындағы «Ән қанатындағы әлем» атты әдемі кеште Қуаныш Қисметовтің әндерін танымал өнерпаздар Еркін Өтегенов, Рүстем Кереев, Тарас Жауымбаев және «БатысСтар», «Үшқоңыр» топтары әуелете шырқады. Кеш иелеріне БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, ақын Дариға Мұштанова, жұлдызды жұп қызмет ететін білім ордасы – М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы әріптестері, ұстаздары ақ тілектерін жаудырды.

Әулетімен ән салған өнерлі отбасын бүгінде үш ұл, екі қыз өсіп келеді. Кеш қонақтарына әдемі естеліктерін, жан толқытар әндерін сыйлаған өнерлі жұптың шаңырақ көтергендеріне 20 жыл болған екен. «Ерлі-зайыптылардың бақытты болуының басты негізі – отбасының тірегі саналатын ата-ананың ақ батасын алуда. Біздің қызметтен қалмай, өнерден алшақтамай, ел ортасында жүруіміз үйдегі ата-анамыздың жанашырлығы, қамқорлығы мен аппақ тілеуінің арқасы. Отбасылық бақыт деген екі жастың бірін-бірі бақытты қылуымен шектелмейтіндігін қазіргі жастар біле жүрсе екен», – дейді отанасы Раушан Жәрдемқызы.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.