8.02.2019, 15:31
Қараулар: 142
Бекзат дарын

Бекзат дарын

Кешегілердің  жасы  едік, ал  бүгінде  ел-жұрт  ардагерлер  атайтын  аға  буынның  санатындамыз.  Алдымыз   бірер  жыл  бұрын сексенге  толып  кетті.   Асқар  асуға  енді, міне,  Ғарекең – Ғарифолла  Көшенов  шығып  тұр. Алпысыншы  жылдардың  алғашқы  жартысында  көктемде  қайтып  оралған  жыл құстарындай   ұзақ-шұбақ  тізбектеле  келіп,  бұқаралық ақпарат  құралдарында жұмысқа  кіргенбіз.  Жастар   шоғырының   қатар  түзеп  топтала  қалам  қызметін  таңдауына  екі  бірдей  себеп  болды.  Біріншіден,  1962  жылы  бұрын  жабылып қалған  облыстық  газет  атауы  өзгеріп,  өзіміздің  Оралда  қайтадан  шыға  бастады.  Екіншіден,  1964  жылдың  күзінде  облыстық  теледидар дүниеге  келді.

Ж аңадан  ашылған  жұмыс  орнының  алдымен  жастардың  назарына  ілігіп,  соларды  үйіріп  тартуы –  табиғи құбылыс. Жәй тұрмыс орны  емес, шығармашылық қызмет болғасын  да  қызықтыра  түсетіні  кәміл. Жанғали  Набиуллин,  Базарғали  Қуатов, Бақтыбай  Далабаев   облыстық  газетке  қайтадан  шыға бастаған  бойда  келген   бастапқы  қарлығаштар  еді.  Осыдан  соң араға екі жыл салып, омыраулаған   өктем екпінмен жас мамандардың және бір үйірлі тобы қатарға  қосылды.  Алматыда  оқыған бес-алты  жігіт,  араларында  жалғыз жас келіншек бар. Бәрі де  республикамыздағы бірден-бір  оқу орны – КазГУ-дің түлектері, филология және журналистика  факультеттерін бітіргендер.

КазГУ-дің елге  әйгілі  абырой-даңқынан әлгілерге азын-шоғын «кеуде дерті» жұққандай.  Орал пединститутының  түлектеріне  біртүрлі  астамшылықпен, менсінбей қарайды.

Пединституттың   V  курсында  оқып жүрген маған казгуліктердің  бұл  мінезі  қайдан  ұнай  қойсын.   Іштей  түйілгенмен,  бірден  бет жыртысуға  барған  жоқпын.   Қалай,  не  себептен  екені дәл  қазір есімде жоқ, КазГУ-дің журналистика  факультетінің  түлегі,  облыстық  теледидарда   істейтін  Карл Айталиевпен  жанымыз  тез  жарасып кетті.  Қызығы  сол,  Карлдың  амбициясы  оқу орнын  бірге  бітіргендердің  бәрінен  артық  болмаса,  бір  мысқал да кем емес-ті.   Ғарифолла  мен  Алмагүлден  басқа  КазГУ  түлектері  облыстық  теледидарда  істейтін.  Өзгелерден  Карлдың  лауазымы  жоғары. Талап  деңгейінен  табыла  алмай  ма,  казгулік  әріптестерінің  ісіне   көңілі  толмай, көбіне  қабағын  шытып,   ренжіп  отыратын.

Жанғали  — Ұялыда  туып-өскен   өз ауылдасым.  Қоныс  Миханов  екеуі  қолы бос  уақыттарында  көбіне  бірге  жүреді. Біз  Карл  екеуміз  бір  үйірміз.  Шұрқыраса  табысып,   басқосуларымыз  көбірек.   Осы  Ғарекең – Ғарифолла  Көшеновпен  сондай  басқосулардың  бірінде  тұңғыш  рет таныстым.  Күні  бүгінгідей  есімде.  1964  жылдың  қазан  айы.  Біздің   республикада  РСФСР  әдебиеті  мен  мәдениетінің  күндері  басталып  жатқан-ды.  Мынау  деген әдебиет алыптары Алматыда  қонақта. Жылма-жылғы әдетімен Ақ Жайық өңірінде балық аулап, аңшылықпен әуестеніп, жан рақатына шомған М. Шолохов астанаға бармай, Орал жұртшылығымен  жүздесуді  жөн  санапты.

Әңгіме  тақырыбын  сол жолы Жанғали мен Ғарифолла бірден  Ресей әдебиеті мен мәдениеті  күндеріне бұрды. Маңызы зор  мәдени шараға облыстық газет ұжымының  белсенді  үлес  қосуы  – заман  талабы.  Соған  орай  «Орал  өңірінде»   орыс  әдебиетіне,  орыс жазушыларына  қатысты   бірсыпыра  тартымды  дүниелер  жарияланбақ  екен.  Ғарифолла, жаңылмасам, Константин  Симоновтан-ау  деймін, бір  топ  өлеңді  жеделдетіп  қазақшаға  аударыпты.  Жанғалидың  қолқалауымен  аударма  өлеңдерді   біздің  көз  алдымызда  көркем,  жарасымды  үнмен  барынша  мәнерлеп оқып берді. Өлең  оқығанда  қас-қабағын  әлсін-әлі  көтеріп  түсіріп,  тыңдаушыларға  әсерінің қаншалық екенін білгісі  келгендігінен  бе,  біздің  жүзімізге  оқтын-оқтын  көз  тастаумен болды.

Жүзбе-жүз  бірінші  рет көріп отырғанмен,  жас  ақын  Ғ. Көшеновті  сырттай  бұрыннан  білетін-мін.  1962  жылы  жарық көрген «Жас  дәурен»  атты  жыр жинағына  енген  өлеңдерін  ұнатып,  әлденеше  қайтара  оқығаным  бар. «Көзімді  – оқ,   кірпігімді  –  найза  қылып,  Аққулы  айдын  көлге аңға  шықтым»   деген  жолдар жадымда  жаттаулы.  Жастар  жинағына  рецензия  жазған бір автордың нақ осы келісті  тіркестерді  сынға  алғаны  да  есімде. Көңілімнен  шыққан  соң  ол  тіркестер  жадымда  өз-өзінен  жатталып  қалған-ды. Бірақ  қанша  адам  болса,  сонша  пікір. Әркім  әрқалай пайымдайды. Рецензия  авторының  әлгі  сынына  ақын  авторды  (Ғ. Көшеновті)  қимай,  бойымды  іштей  аяушылық  сезімі  билеп жүретін. Енді өзін көріп танысқаннан  кейін  сол  қимастығым  күш  алып,  беки  түскендей  еді.

Осы  таныстықтан  соң  өзім «Орал  өңіріне»  жұмысқа  орналас-қанға  дейінгі  арадағы  төрт-бес ай  шамасында  Ғарифолламен  жолығыса  қоймаған  секілдімін. 1965 жылдың  13  наурыз күні  газеттің  мәдениет бөліміне кіші әдеби  қызметкер болып  жұмысқа  алындым.  Сөзді  көбейтпеу  үшін  редакцияға  қалай  орналасқанымды  тәптіштеп айтпай-ақ  қояйын.  Ол өзі – едәуір  ұзақ  хикая.  Қысқа-сына  көшкенде,  содан  дәл  бір ай бұрын  бірқатар  белсенді  әрекет-терімді  бұзықтыққа  балап, мені  институттан  қуып  шығарған  еді.  Ректордың  өзі  маған  «ол – нағыз партизан»  деп ат  қойып, айдар таққасын  солай  етпей  қайтеді.

Бірақ   бір  жақсысы,   облыстық  партия  комитеті  «партизансың»  деп мені кеудемнен итерген жоқ. Өзімнің  қалауым  бойынша  облыстық  газетке  қызметке  ұсынды. Сөйтіп  тосын орта,  журналистер  арасынан  бір-ақ  шықтым.  «Партизандық  даңқым»  туралы  ақпарат  редакцияға  өзімнен  бұрынырақ  жетсе керек.  Газет  редакторының орынбасары Махмұт Шомбалов,  жауапты  хатшы  Жұрғали  Ертілесов  институттың   филология  факультетінің   деканы,  менің  бірде келісіп, бірде келіспей қалып  жүрген  қайсар  мінезді  ұстазым   Мәтжан  Тілеужановтың  сыйлас,  сырлас  достары  екен. Осы   тіке каналмен  жедел  жеткен  ғой  мен  туралы  «елең   еткізерлік»  ақпарат.

Алғашқы  күндерден-ақ  редакция  қызметкерлерінің,  әсіресе,  жасы  үлкендердің  бақылап  сынай  да  қарап,  сонымен  бірге «ел  ішінде  бір партизан  жүрмей  ме»  дегендей,  кең  пейілмен  іштартатын  сыңайларын  анық  сезіндім.   Махмұт, Жұрғали  ағаларды  айтпағанда,  аса  сыйлы  ардагер  Ғұбаш  Жөндібаев,  үлкен  бедел  иелері  Ораз  Әбуов,  Болат  Қалиев,  Алғали  Мерғалиев  мені  көргенде,  езулерінде  білінер-білінбес  күлкі  ойнап,  жанарларының  нұрымен  аймалаған  сүйінішті  сәттерді  ұмыта  алармын  ба?!

Шығыс  ғұламасы  Свами  Шивананданың  «Практиканың  грамы  теорияның  тонналарынан  артық»  деген  сөзі бар.  Өмір  шындығынан  өрілген  даналық! Тура  біздің  газет  ісін  нақты  практикадан  үйренгенімізді  біліп  тұрып  жасағандай-ақ тұжырым.  Расында,  істің басы-қасында болып, өндірістің  қайнаулы  қазанының  құлағынан  ұстай  жүріп  үйренген,  тәжірибе жинақтаған  оқып  маманданғаннан  әлдеқайда  тиімді  екеніне  редакциядағы  қызмет  барысында анық  көзіміз  жетті.  Журналистикадан  мүлдем  бейхабар  едім  ғой.  Газетте  істеймін деген ой-жоспар  миыма  кіріп те шықпаған.  Алақұйын  кездейсоқ  оқиғаның  пәрменімен  институтта  оқытушылыққа  қалуға  ыңғайланып  жүрген  жерімнен  өмір  жолым өзгеше  бағыт  алды.

Талай жыл  бірге  қызмет  еткен қарымды  қаламгер  Хамидолла  Қыдыровтың редакцияның  қабырға  газетіне  жазған  бір  өлеңінде  «Инженер  болам»  деп  жүріп, Журналист  болған  осы  екен»  дейтін  жолдар  болушы  еді.  Біздің  кезімізде  «Орал  өңіріндегілердің»  дені «мұғалім боламын» деп  жүріп, ақырында өмір бақытын журналистикадан  тапқандар  болатын. Редакцияның  жасы  үлкендері  өз  алдына,  сәл  бұрынырақ  келген Жанғали  Набиуллин,  Базарғали Қуатов, Ғарифолла Көшенов,  одан  соңғы  біздің  толқын Құбаш  Қажымов,  Ораз  Мұсақұлов, Сұлтанмұрат Сабыров, Қабдырахим  Өтепбергенов – бәрі  де  филология  факультетінде  мұғалім  мамандығына  оқығандар.

Бір  шоғыр осы  жастардың сол  уақыттағы  көшбасшысы  Ғ. Көшенов болғаны  айдан  анық.  Жұмысқа  кірген  бойда  байқағаным,  ол жас  та болса, газет ісіне жедел төселіп,  редакция  ұжымында  әжептәуір  бедел  иеленіп  үлгерген екен.  Секретариатта  жауапты  хатшының  орынбасары  лауазымында.  Жұмыс  ыңғайындағы  оның  ұтымды  ой-пікірлері  мен  ұсыныстарына  редакция  басшылығы,   бөлім  меңгерушілері, кейінгілер  түгел  дерлік ден  қоятын.  Ұдайы  санасып  отыратын. Журналистиканың  әр жанрына  қаламының  жүйріктігіне,  ақындық  алғыр  қабілетіне  қоса,  ол  арамызда  мінезге  байлығымен  қашанда  дараланып көрінді. Әріптестерімен арақатынаста  әдепті,  көкейіндегіні  ашық  айтады, жайдары  қалыпта  жеткізеді. Әлдеқалай  біреудің  жанына  жара салуға, көңіліне қаяу түсіруге   бармайтыны – балалық  шағынан  бастап  айналадағы  адамдардың  қасқабағын  бағып  дағдыланғандығының  нәтижесі-ау  деп  ойлаймын.

Психологтардың  әр  адамның сыр-сипатын, табиғи болмысын оның  қолтаңбасына,  ақ  қағазға түсірген  жазу өрнегіне немесе салған  суретіне  қарап бағалайтыны бар емес пе?! Ғарекеңнің моншақтай тізілген мінсіз жазуы – көркем мінезінің көрінісі. Газеттің алдағы санының сұлбасын сызып, «макетін»  шебер  өрнектегеніне  қарап-ақ, оның  бүкіл  қадірқасиетін  бұлжытпай  ұғуға  болар еді.  Ол  газеттің макетін жазып-сызып зыбынын сала жәукемдеп  жатқанда,  Махмұт ағамыз әлбетте  жанына  жақын кеп,  түрегеп қарап тұратын. Сосын: «Шіркін, жазу-сызуды келістірдің. Шрифт,  өрнек қандай! Енді газеттің нөмірі  де  осылай  әдемі  шықсын  делік» – деп  сүйсініс  білдірер  еді.

Ғарекеңнің  өзі  ғұмырбаяндық  «Қоян  жылы»  кітабында  «Сабақ үлгерімім жақсы, тәртібім үлгілі әрі жазуым  әдемі  болатын, соған   орай  ұстаздарымыз  мені  сабақтан  кейін  алып  қалып,  мектептің  ресми  қағаздарын,  өздерінің  оқу  бағдарламаларын  көшіртетін.  Бұл  жұмыстың  мен  үшін  ауырлығы  болмағаны  өз  алдына,  мұғалімдер  бөлмесіндегі жазу  үстелінің  жанына  жайғасып алып,  бейтаныс  мәтіндерді  әдемілеп  көшіріп  отыру  ұнайтын  да»  деп  жазады. Жұмысты  бар зыбынын  сала, шын сүйіп, ұнатып істеудің оның бойында қалай қалыптасқаны осыдан   ұғылатын  болса  керек.

Жауапты  хатшының  орынбасары,  мәдениет  бөлімінің  меңгерушісі, жауапты  хатшы,  газет редакторы. Ширек  ғасыр  уақыт  ішінде ол  «Орал  өңірінде»  осындай  лауазымдық  қызметтер  атқарды.  Журналистиканың  әр  жанрында  жазған  туындылары  идеялық-көркемдік  қуатымен,  жан мен  рухқа  енетін  ізгілікті  энергиясымен  газет оқырмандарын  елең  еткізуші  еді.

Адамдар,  олардың  қилы  тағдырлары туралы  оның  қаламынан  талай-талай  тартымды дүниелер  туғаны  естияр  жұрттың  есінде болар.  Мен өзім  оған  анық  куәмін.

Жазып  жариялаған  материалдарынан  басқа, ол  газеттің  бағыт-бағдарын  айқындауға  ақыл-ой  өрнегімен  де  зор  үлес  қосты.  «Орал өңірінің»  100  жылдық  тарихындағы  тұғыры  биік  тұлғалардың  бірі  екені даусыз.  Бір  ғасырлық  газет  тарихында  «Қазақстанның  еңбек сіңірген  мәдениет  қызметкері»  атағын  алған  жалғыз  – осы  Ғ. Көшенов.

Түсіне білгендерге журналистика – қасиетті,  киелі мамандық. Олай болатыны  журналистердің мұраты  мен міндеті  –  Ұлы  Құдірет  ақыл-сана беріп  жаратқан  адамдарға  зор  махаббатпен,  сүйіспеншілікпен,  бауырмалдық  сезіммен  адал  қызмет ету.  Қолдан  түсірмей биік ұстар туы – әлеуметтік әділдік. Ар-ұятын жоғалтып,  кісілікке  дақ  түсірсе, қалам ұстағандардың құрығаны,  олар  журналист емес. Бірдеңелер жазғансып, «болдым-толдым» деп жүргендері  түгел  жалған.  Елу  бес  жыл  уақыт  мерзімінде  арамыз  алшақтамай,  қатар  түзеп келе  жатқандығымыз  – осы  құндылықтарды  бағалай  білгендігімізден.  Тал  бесіктен  бастау  алған  тәрбиенің  арқасы!  Анау  Нарын құмында небір сұмдық жағдайларды  бастан  кеше  жүріп,  Ғарифолланы  тал  бесікте  тербетіп  өсірген анасы  Әруәш  апайды көре  қалдық.  Өмірдің  төтен  талқысы  мен ауыр сындарында ар-ұятын,  кісілігін кір жұқтырмай сақтай білген қарапайым қазақ әйелі еді.  Тартпаған тауқыметі, көрмеген азабы жоқ. Құмның жыңғылын да  шапқан,  құмаршығын  да  қаққан,  колхоздың  жылқысын  да  баққан. Егіс  салып,  оны  қолорақпен  орып, дәнді қаппен  жинағаны  және бар.

Сөйте тұра, Әруәш апайдың өмірден мұқалғаны еш байқалмайтын. Кенже ұлын іздеп,  Оралға  келген  кездерінде  табиғатынан   талантты,  адамгершілікті әрдайым биік  ұстайтынын  көріп,  көңіліміз  талай

толды.  Жібектей  жайлы  мінезінен,  байсалды  қалпынан  айнымайтын.  Жасырағында  ауыл  арасындағы  айтыстарға  түсіп,   ақындық  өнерімен  ел  назарына  ілігіпті.  Ғарифолланы  ақындыққа  баулыған  алғашқы  ұстазы  өзі  екен.  Ой өткірлігіне,  сөзге  шешендігіне  өзіміз  толық  куәміз.  Бір  сөзін  әр  ортада әлі  күнге  дейін  еске  алып,  рақаттана  күлкіге  бататынымызды  айта  кетейін.

Жастық  шағымызда  аралас-құралас дос-жарандар бір-біріміздің туған күнімізді құр жібермей-тінбіз. Ғарифолла мен Алмагүл  сондай  бір  туған  күнге  жиналмай  ма. «Бір жаққа бармақпысыңдар?» – деп сұраған ғой аналары.  Алмагүл: «Ару  деген  құрбы  келіншектің  туған  күніне  жиналып жатырмыз» – деп жауап қатады.  Әруәш  апай  сонда:  «Немене  қатында да туған күн бола ма?» – депті  таңданып.

Облыс  орталығында  қызметке тұрғанымызға біздің өзімізден гөрі ағайын-туыс, ата-аналарымыз  күштірек  қуанған  сыңайлы.  Оқтыноқтын  Оралға  келіп  тұрды. Танысып-білісіп,  жақсы  араластық.  Мен үйленерде мәселе негізінен жетердей пісіп, дап-дайын-ақ тұрған,  бірақ  қазақтың  дәстүрі  бойынша  қыздың  ата-анасына  барып  құда  түсу  міндет.  Елден  әкей  келді, Ғарифолла  мен  Карл  қосылды  қасына. Облыстық  комсомол  комитетінде істейтін  Карл  машина  тапты.  Екі  достың  құда  түскен  ең алғашқы  қадамы. Қуаныштары  шексіз.  Кереметтей  мәз…  Ғарекең  сол  әсерден  әлі  де  арыла  қоймаған.  Сараны  «өзім  түсірген  келінім»  деп, жаны шырайланып, жиі-жиі  сүйсініп  отырады.

Жетісудан  Алмагүлді  аңсап,  сағынып,  атасы  Омарқали  ақсақал   мен  әжесі   Рысты,  анасы  Панар   апай  келіп  тұратын.  Шаңырағы-мызда  болды,  дастарқанымыздан  дәм  татты.  Жас  кезімізде еріну,  жалығу  деген  жанымызға  жоламайтын.  Алмагүлдің  ата-әжесін  іздеп,  ол  кезде  Абай  атындағы   совхоздың  бөлімшесі,  қазіргі  Райымбек  ауылына да  барғанмын. «Ка-риктің (Гарик  дегендері) досы  келді»  деп  қариялардың  асып-төгіліп қуанғаны-ай сондағы. Ауласындағы  азын-шоғын   шаруасын  күйттеп отырған зейнеткерлер ғой.

Апорттар төгіліп жатқан  керемет  алма  бағы  бар. Тұқымы  тәуір  тауықтар  өсіреді  екен.    Омарқали  ақсақал  жүріс-тұрысы  жеңіл,  елгезек,  қунақ  кісі  болатын.   Жиен  немересі  Әбдіхалыққа  көптен  тусырап кеткен семіз қызғылт сары  тауықты  қуып  ұстатты  да,  сорпа  пісіртті.  Кешкі  тұп-тұнық  таза  ауада,  алма  бағында  отырып  ішкен  сол  тауықтың  сорпасы  тура  дәл  қазір де сілекейімді шұбыртып  тұр…

Өтті-кетті ғажап дәурен-ай, шіркін!

Осындайда  Абай  хакімнің:  «Бұл жасқа  келгенше…  әйтеуір  бірталай өмірімізді  өткіздік»  деген сөзі  еске түседі.  Біздің   буынның  көзі  тірі  өкілдері дәл  қазір  Абайдан  жиырма  жылдан  асырыңқырап  өмір сүріп  отыр.  Абай  абыздың  көргенінен, ендеше,  біздің  бастан кешкеніміз бір мысқал да кем түспейтін шығар. Айтысқан,  тартысқан, тайталасқан  оқиғалардың  ортасында  біз де  жүрдік. Жаны жайсаң  жақсылар көп жолықты өмір жолымызда. Ардан безген алаяқтардың, ұятсыздардың  ұшырасқаны  да  рас.  Жақсылармен  туған  бауырдай  жанымыз жарасып, тірліктің көш-керуенімен  тоқтаусыз  ілгерілеп  келе жатырмыз.  Ал  анау  арсыз  сұмырайлардан  іргеміз  әсте  аулақ.  Олардың   иттіктерін  аяусыз  беттеріне  басқанымды Ғарекең жақсы біледі.

Күйіп-жанып,  түптеп  сөйлесіп кеткен шақтарымда Ғарекең онша елең  ете  қоймайтын.  Жайбарақат    қалыпта  «мінез  ғой»  дей  салады.  Бұған енді не дерсің. Ғарекеңдікі  де мінез. Байсалды, парасатты ғажап  мінез!

Мен  өзімнің  кейде  күйіп-жанып,  қатты қызынып кететінімді Капустин  Яр әскери  сынақ  полигонында  туып-өсіп,  кішкентайымнан  атом жарылыстарының,  ядролық  қаруларды  сынаудың  зардабына ұшырағандығымнан  көремін.  Әскери  полигонда өмір есігін ашып, ядро-лық  қаруды  сынаудың  зардабын  тарта  тұрса  да,  оның  жүйкесі  берік, мінезі мығым. Сексен жасқа  еңсесі түспей, еркін жетіп отырғаны да содан. Интеллектісі жоғары, мінезге бай адамдардың  ақыл-есті қалпында ұзақ өмір сүретіні ғылымда әлдеқашан дәлелденген.

Ақ Жайық пен Жетісудың жарасып жұптасқан қос перзенті Ғарекең  мен  Алмагүлдің  бақытты  ғұмыры  ұзағынан  жалғаса  бергей!

Тихон  ӘЛІПҚАЛИ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.