8.02.2019, 15:30
Қараулар: 100
Жаңа әдіспен жол салу тиімді

Жаңа әдіспен жол салу тиімді

Біздің облыс елімізде алғаш болып жолдарды жөндеу барысында салқын ресайклинг әдісін қолдануды бастаған. Бұл технологияның пайдасы экономикалық  тиімділігінде және уақыт үнемдейтіндігінде болып отыр.

Бүгінде өңіріміздегі Орал – Кирсанов (48 км), Чапаев – Жаңақала – Сайқын (76 км),  Ақсай – Шыңғырлау (0,51 км), Жымпиты – Қаратөбе (0,50 км) жолдары осы әдіспен салынған. Енді биыл Тасқала – Аққурай – Болашақ, Шыңғырлау – Лубен – Сегізсай, Федоров – Ақсай  жолдарына да осы технология пайдаланылмақшы. Бұл –  ескі асфальтты кәдеге жаратып, оған тұтқыр материалдарды қосып пайдалану деген сөз. Жолдағы бұл жаңашылдық жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаев айтқан еді. Оның сөзінше, егер бір шақырым жолдың күрделі жөндеуі 200 млн. теңгеден асатын болса, жаңа әдіспен салынатын жолдың 1 шақырымы 70 млн. теңге болады екен.

Облыста жол мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, шалғайдағы Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыс-тыру жұмыстары күн тәртібінде тұр. Бұл мәселенің мәнісіне қаныққан Мемлекет басшысының өзі өткен жылы өңірге келген сапарында нақты тапсырма берген еді. Бүгінде ұзындығы 245 шақырымды құрайтын бұл аутожолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Осы жобаларды іске асыру үшін биылғы бюджет жобасында 10 млрд.  теңге жоспарланыпты. Бұл жолдарды жөндеу жұмыстары 2021 жылдың соңына дейін аяқталмақ. Өзекті мәселенің тағы бірі Бөрлі – Ақсай – Жымпиты жолын қайта жаңғырту екені де жасырын емес. Өткен жылы Ақсай қаласынан Жымпитыға дейін 30 шақырым жол жөнделген. Биыл Жымпиты ауылы жағынан жолдың 10 шақырымын жөндейтін мердігер анықталған. Аталған жолдың тағы да он шақырымының жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп тұр. Жалпы алғанда, былтыр бөлінген 33,8 млрд. теңге қаражатқа облыстағы 450 шақырым  жол  жөнделіп  отыр.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде облыс аумағында республикалық маңызы бар Орал – Тасқала – РФ шекарасы (Озинки бағыты) 100 шақырым аутожолын қайта жаңғырту жобасы аяқталды. Жол II техникалық санатқа қайта жаңғыртылды. Жиырма жылдық келешекке есептел-ген қозғалыс қарқындылығы бар жолда тәулігіне 4 мыңнан аса көлік жүруіне мүмкіндік болады. Сонымен қатар Ресей Федерациясымен шекарадағы «Тасқала» өткізу пунктінде жолақтар саны арттырылды. Бұл шекарада аутокөліктер мен жолаушылардың кептелісін жойып қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де оң әсер етеді. Күрделі жөндеу жұмыстары басталған Үлкен Шаған – Переметный – Вечный  0-32 шақырым аутожолын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Осы жылы облыстағы жоспарланған 464 шақырым жолды жөндеу үшін 27,6 млрд. теңге қарастырылды, – дейді Медет Махамбетұлы.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.