8.02.2019, 15:29
Қараулар: 6
Бес бүлдіршінді аза тұтты

Бес бүлдіршінді аза тұтты

Астана төрінде қалың қазақты күңірентіп, халықты есеңгіреткен қайғылы оқиға көз алдымыздан кетер емес… Отқа оранып опат болған бір отбасының бес бүлдіршінінің тағдыры талайдың жанына батып, жүректерге зіл-батпан жүк артты. Қара жамылған ата-анаға еліміздің әр түкпіріндегі азаматтың бәрі қайғыра көңіл айтуда… Мемлекет басшысы да қаза болған балалардың ата-аналары мен тума-туыстарына көңіл айтқан еді.

Сәрсенбі күні Орал қаласындағы қазақтың қаһарман қыздарына қойылған ескерткіш жанында жиналған бір топ студент жастар, ата-аналар, оқиғаға бейжай қарамаған қалалықтар үйінде шыққан өрттен опат болған астаналық  бүлдіршіндерді еске алып, бір минут үнсіздік жариялап, гүл шоқтарын қойды. Белсенді жас Дулат Жүсіпқалиев «Біз бұл жерге елде болған қайғылы жағдайға ортақтасайық, алыста болсақ та ата-анаға демеу болайық деп келдік» десе, «Ақ отау» ҚБ төрайымы Алтынай Искалиева бұл қасірет бәріне сабақ болып, мұндай жағдай қайталанбасын деген тілегін айтты. Ал үш баланың анасы Жеміс Имашева болса «Сәбилердің обалы кімге?» деген са-уалын ортаға тастап, елдегі ана мен баланың жағдайы үнемі назарда болуын тіледі.

– Мұндай қазаны естігенде жанымыз түршікті. Өзім ол сәбилердің ата-анасын көз алдыма елестете алар емеспін. Қандай азап, қайғы десеңізші?!. Қазір ол отбасының тұрмыс-тіршілігіне қатысты сұрақ та, оған берілген жауап та көп. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын қаза бұл. Осы жасқа келгенде, мұндай қасіретті бірінші рет естіп отырмын. Бес бірдей баланың қазасы бір отбасының ғана емес, бүкіл Қазақстанның қасіреті деп ойлаймын. Қазір еліміздің әр түкпіріндегі тұрғындар есеңгіреп отырған ата-анаға қаражат жинап беріп, көмек қолын созуда. Біз де шамамыз келгенше көмектесейік. Біз де төтеннен келген қасіретке душар болған әке мен ананы қолдайық. Енді мұндай жағдайды Қазақстан халқының  басына бермесін. Сақтанайық, отбасымызды сақтайық, – деді БҚО ҚХА аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина. Мұндай аза тұту шаралары еліміздің  әр  өңірінде  өтіп  жатыр.

Еске салсақ, 4 ақпан күні түнде Астана қаласында  «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанадан өрт шыққан еді.

Тілсіз жау «жалмаған» үйде  2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес қыз бала көз жұмған. Қайғылы оқиға кезінде олардың ата-анасы түнгі жұмыста болған. Ақпанның 5 күні балалардың денесі  жер  қойнына  тапсырылды.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар