8.02.2019, 15:28
Қараулар: 35
Берекелі істер қайткенде еселенеді?

Берекелі істер қайткенде еселенеді?

Ақжайық  ауданының  әкімі  Қалияр  Айтмұхамбетовтың  тұрғындар  алдындағы  есебі  өтті. Шараға  келген облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары Ғали  Есқалиев, облыстық  мәслихат  хатшысы Мәлік  Құлшар,  бірқатар  басқарма  басшылары  алдымен аудан  орталығындағы №1  орта мектептің  тыныс-тірлігімен  танысты.  1975  жылы іргетасы  қаланған  білім ордасының  ғимараты  күрделі жөндеуге  мұқтаж  екендігі  жайында  әңгіме  болды. Бұл  үшін  тиісті  жобалық-сметалық  құжаттар  сараптамадан  өткен.

Сондай-ақ Чапаевтағы «Бұлақ» дүкенінде болып, қызметкерлермен жүздескенде, Ғ. Есқалиев тауар бағасымен, отандық өнімдердің өтімділігімен танысты. Ашылғанына 15 жылдан асқан бұл дүкенде нан өнімдері өз наубайханасында пісіріледі.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына орай Чапаевта «Ашық әкімдік» қызмет көрсету орталығы өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылған еді. Жоба ашықтық, қолжетімділік, қызмет көрсету сапасы бағыттары бойынша іске асуда. Мұнда аудан әкімі аппараты, экономика және қаржы, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутожолдары бөлімдері қызмет көрсетеді. Орталықпен танысу барысында Ғ.  Есқалиев осындай жобаның тұрғындармен тығыз қарым-қатынастағы аса маңыздылығын атап  көрсетті.

2018 жылдың қорытындылары және алда тұрған мақсаттар турасындағы өз баяндамасында аудан әкімі нақ осы, яғни халықпен тығыз байланысты алдыңғы орынға шығарған. Өткен жылы барлық жердегі есепті кездесулердің нәтижесінде 91 мәселе көтеріліп, оның 49-ы оң шешімін тапса, 11-іне уақтылы түсінік беріліп, 31-і қаржыландыруды талап ететіні немесе ұзақ мерзімді сипатқа ие екені тұрғындарға ұғындырылды. Барлық ауылдық округте, соның ішінде Чапаев және Тайпақ ауылдарында екі мәрте «Ашық әкімдік» шарасының ұйымдастырылуы, әлеуметті жеке мәселелерімен қабылдаулар, басқа да жүздесулер қорытындысымен 22 өтініш шешімін тапты. 13 өтініш бақылауға алынып, орын-далуда. Жұртпен қарым-қатынасты нығайтуда барлық оң нәтижені байыта түскен абзал. Қаңтар айынан бастап жергілікті ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы онлайн сауалнама жүргізу басталды. Бүгінге дейін сол сауалнамаға 2500-ге жуық ақжайықтық қатысты. Айталық, олардың 13,6 пайызы ауылдарды абаттандыруды қажет деп тапқан. 10,2 пайызы елді мекендердегі жол құрылыстарын және жолды жөндеуді жалғастыруға ұсыныс берген.

– Ақжайықта шағын және орта бизнестің 1751 субъектісі тіркелген. Ал бұлармен байланыс жанжақты ма? Өкінішке қарай, тіркелгенімен, жұмыс жасамай тұрған немесе ісін уақытша тоқтатып қойып, жасырын пайда тауып жүргендер бар. Сондықтан бірқатарына тиісті бөлімдердің, мамандардың қолұшын созу арқылы іске қосу, саны бар да сапасы жоқтарын жаптыру, жасырын жұмыс жасап жүргендерді заңды жұмыс жасауға тарту бағытында қозғалыс басталды. Есепті жылда еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында екі дүркін «Еңбек келісімшартын жасайық!» атты акция ұйымдастырылып, нәтижесінде 294 жұмыс беруші 595 жұмысшымен келісімшартқа отырды.

Осы қозғалысқа байланысты әлі қарымды қимыл керек. Талдау көрсетіп отырғандай, орташа есеппен 1 субъектіге небәрі 1,3 адамнан келіп отыр. Бұл – шындықтың ауылынан алыстау. «Демек, аталған бағыттағы мығым қарекетті мақсатты түрде жалғастыруымыз қажет», – деді Қ. Айтмұхамбетов.

Соңғы жылдары қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында шағын кәсіпкерлікті несиелендіру, мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсіп, былтыр 1 млрд. 129 млн. теңгеге жетті. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 200 адам, «Бизнес кеңесші» жобасы арқылы 30 адам оқытылды. Өткен жылы жалпы құны 161 млн. теңгені құрайтын 24 кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 57 жаңа жұмыс орны ашылды. Соның ішінде, мысалы, «Октан» жанар-жағармай кешені, 100 орындық «Астана» жеке балабақшасы және «Шаңырақ» сауда үйі бар. Тек қана дүкен, кафе немесе ауыл шаруашылығы құрылымдарын ашумен шектелмеу қажет. Ауданда жылыжай, супермаркет, қоғамдық монша, ұлттық спорт, оның ішінде ат спорты кешені сияқты нысандар жоқ. Ал мүмкіндіктер, әрине, аз емес. Демалыс орталығы, балалар кафесі, маршрут арқылы жолаушылар тасымалдау секілді маңызды бағыттар жетіспейді. Кәсіпкерлік саласын ілгерілету мақсатында арнайы жұмыс тобы жуырда іске кірісті, оған сенім зор-ақ.

Ауданда ірі қара өсіретін 44, жылқы өсіретін 7, қой өсіретін 2 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс жасауда.

Шетелден асыл тұқымды ірі қараның аналығын сатып алуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14 шаруашылық 1050 басқа 536,5 млн. теңге несие алды. Қыр төсіндегілердің ұмтылысына мемлекеттен жәрдемақша көлемі айтарлықтай өсуде. Айталық, 2012 жылы шаруалар 106 млн. теңге жәрдемақшаға қол жеткізсе, 2018 жылы өтінімдер бойынша бұл 649 млн. теңгені құрады. Соңғы кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары өз мекендерінде электр қуатының мәселесін шешу үшін 24 дана модульді гибридтік стансасын, 23 дана күн сәулелі панель орнатты (151,3 млн. теңге). Осындай ілгерілеушілікті, алға басуды, озық тәжірибені басқа шаруалар, кәсіпкерлер, ауылдардағы жастар арасында насихаттауды өрістеткен абзал.

Аудан басшысы өз есебі барысында мал арасындағы бруцеллез ауруына байланысты алаңдаушылығын білдірді. Есепті кезеңде 225 бас қой-ешкі малы сол кеселге шалдығып, алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге азайғанымен, ірі қараның алдыңғы жылмен салыстырғанда залалдануы 0,3 пайызға артып (1146 бас) отыр. Бәрінен қиыны, бруцеллездің адамға жұғуы тыйылмай келеді. Ветсанитарлық қағида шең-берінде аса қырағылық керек, мамандар малдың қозғалысын бақылауда ұстап, тиісті бақылау және қадағалауды күшейтуі керек. Жазда мал бағымын ұйымдастыруды жолға қоятын уақыт жетті.

Халықтың өтінішіне сай мемлекет қамқорлығының жарқын бір көрінісі – елді мекендерді таза ауыз сумен қамту. Қазір 28  ауылда ауыз су мәселесі шешілген, яғни тұрғындардың 84,8 пайызы таза сумен қамтылып отыр. Шабдаржап, Томпақ ауылдары бойынша 2018 жылы құрылысы басталған таза ауыз су тарту жұмысы жалғасатын болады. Тағы 6 ауылға құбыр тарту және Базартөбе ауылында құбырды қайта  құру  жоспарланды.

Бүгінгі күнде тұрғындардың 92,5 пайызы газбен қамтылған. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасына» сай 11 елді мекенді көгілдір отынмен қамту үшін желі апарылды. Мұның бәрі мемлекеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалды деген сөз. Енді баспаналарға газды жеткізу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Бұл мәреленген жағдайда газбен қамту көрсеткіші 99 пайызды  құрайды.

Аудан орталығы тұсында Жайыққа көпір орнату мәселесі көптен бері сөз болып келеді. Ауқымды, күрделі мәселені шешу облыс әкімі Алтай Көлгіновтің басты назарында екеніне жұрт риза. Қазір қалқымалы көпір сатып алу жұмыстары атқарылуда.

7 ауылдағы денсаулық сақтау саласы нысандарын күрделі жөндеу мақсатында жобалық-сметалық  құжаттама  дайындалды.

Алда тұрған басқа да межелерді, салалар бойынша ауқымды жоспарларды саралай келіп, аудан әкімі Жастар жылына байланысты мерейлі міндеттерді тұжырымдады. Коворкинг орталықтарының қатары көбейетін болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай азаматтардың қолдауымен жасалып жатқан бүкіл іс түптеп келгенде, жас ұрпақтың игілігі болып табылады. Демеушілердің көмегімен түрлі құрылыс, көріктендіру бойынша 2017 жылы 11 млн. 586 мың теңгенің 21 жобасы жүзеге асырылса, 2018 жылы 70 млн. 470 мың теңгенің 45 жобасы жүзеге асты. Қыз-жігіттер әманда жұқалмайтын жігер танытып, жақсылыққа сүбелі еңбекпен жауап беріп, ауыл-еліміздегі рухани серпіліске атсалысқаны абзал. Жаһанға тоталитаризм кезеңінің өзінде «Мен қазақпын!» деп жар салған жерлесіміз, әйгілі ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығы таяу. Жастар бойында туған жерге деген сүйіспеншілік алаулап, білімге, еңбекке, ата-баба аманатына адалдық, атажұрттың ахуалын ажарландыратын барша іске мүдделілік көрінсе, нұр үстіне нұр.

Облыс әкімі А. Көлгінов БҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген жиналысында баяндағандай, өңірімізде жұртымызды қуантқан оң өзгерістер, жетістіктер аз емес. Жиындағы өз сөзінде Ғ. Есқалиев осыдан мысалдар келтіре отырып, Ақжайық ауданының одан әрі өркендеуі үшін мүмкіндіктер зор екенін айтты. Мәселен, әлі де тиімсіз пайдаланылып отырған алқаптар аз емес. Ағаш өңдеу шеберханаларын, қасапханалар неге ашпасқа? Кәсіпкерлікте жастар әлде де өздерін көрсетуге ұмтылуы керек-ақ. Алға талпынғандарға қолдау қашанда болады.

Тұрғын үй құрылыстары жөнінде Ақжайықта да ілкімді істер барын айта келіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары мемлекет жекеше ынтымағы негізінде баспаналар салуға ірі кәсіпкерлер атсалысса, бұған да қолдау жасалатынын айтты.

Болат   ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық   ауданы

 

Ғинолла  САДЫРОВ, Тайпақ  ауылдық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы:

– Ауданымыздағы берекелі бетбұрыстарға халық риза. Елдегі басқа кейбір аймаққа қарағанда мақтанатындай беталыстар бар. Біздің шалғай жатқан Тайпаққа облыс басшысы Алтай Сейдірұлы бірнеше мәрте жұмыс сапарымен келді. Одан бұрынғы басқа басшылардың мұндай жиі сапарлауын көрмегеніміз рас. Ол біздің ауылдық округтегі Шабдаржаптағы орта мектептің еңселі жаңа ғимаратын салғызамын деді, орындалды. Зор ризашылығымызды айтамыз. Ауылдастарымыздың бір өтініші – Краснояр орта мектебіне  күрделі  жөндеу  керек.

Тілес   ЖАЗЫҚБАЙ, еңбек   ардагері:

– Кіндік қаны осы аудан топырағында тамған, сонау аласапыран заманда қазақ үшін қолдан келген жақсылықтар жасаған, қайраткерлік дәрежесіне көтерілген, өкінішке қарай, әпербақандардың кесірінен қуғын-сүргінге ұшыраған Ораз Исаевтың туғанына 120 жыл толатын кез таяу.

Ол халық жадында мәңгі қалуы тиіс. Осыған байланысты тиісті шаралар ұйымдастырылғаны  жөн.