7.02.2019, 19:51
Қараулар: 1
Теректіге 6 млрд. теңге инвестиция тартылған

Теректіге 6 млрд. теңге инвестиция тартылған

Теректі  ауданының  әкімі  Әділ Жоламанов  тұрғындар  алдында  өткен  жылдың  қорытынды есебін  берді.  Есеп  беру  кездесуіне  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов және аудан жұртшылығы қатысты.

Өңір басшысы  алдымен Федоров ауылындағы мәдениет үйінің  фойесінде жасақталған аудан кәсіпкерлері өндірген өнімдерді тамашалап, алдағы жоспарларымен танысты.

Атап айтсақ, «Теректі май зауыты» ЖШС, «Ақас» ЖШС, «Жақсымбетов» жеке кәсіпкерлігі, «Сырым.kz» шаруа қожалығы, «Жайна», «Теректі өнімдері» ЖШС  және «Теректі» шаруа қожалығы өкілдері күні бүгінге дейін істеген  жұмыстарын тізбелеп, жетістіктерімен  бөлісті.

Аудан әкімі есебін бірден жоспарға алынған шаруалардан бастады. Олар – Федоров ауылдық округіне қарасты Жайық ауылына таза ауыз су жүргізу және ауылға кіреберіс жолды жөндеу. Аталмыш  жұмыстар  биыл  басталады.

– 2018 жылға арналған аудан бюджеті өзінің әлеуметтік бағыттағы басымдылығын сақтай отырып, 8 млрд. 555 млн. 118 мың теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 6 млрд. 724,7 млн. теңге. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңінен 128,7 пайызға өскендігін көрсетті. Ауданда аутокөлік жолдарының жалпы  ұзындығы 287,8 шақырымды құрайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2019 жылға өтпелі жобалардың жоспарланған жұмыстар үлесі өткен  жылы толықтай орындалып, 27,9 шақырым жол жөндеуден өтті, – деді өз сөзінде Әділ Тауфиқұлы.

Аудан әкімі есебінде атап өткеніндей, былтыр республикалық трассадан Алғабас ауылына дейінгі жолды жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі орындалған. Сонымен бірге Федоров – Ақсай бағытындағы тасжолдың 14,8 шақырымы  жөнделіп, аудан орталығындағы  Юбилейный және Горький көшелерінің жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

– 2018 жылы Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жариялаған болатын. Жаңа, ауқымды жобаларға жол ашқан бес бастаманың біріншісі – әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру. Бүгінгі таңда үй кезегінде 712 адам тұр. Бұл бағытта «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 12 жобаны қолға алған болатынбыз. Бүгінде жобаның нәтижесін көріп отырмыз. Жаңа жыл қарсаңында Федоров ауылында бой түзеген 16 жалдамалы тұрғын үйдің кілттері иелеріне табысталды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ақжайық және Федоров ауылдарында үш қабатты тұрғын  үйлер салу басталды.

Өткен жылдың маусымында басталған құрылыс биыл аяқталып, тағы да  60 отбасы баспаналы болатын қуанышты күннің келеріне сенімдімін, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше тоқталды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікпен қамтудың бағдарламасы» шеңберінде  2353 адам жұмылған. Жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттік қолдаусыз 1438 адам жұмысқа орналастырылып, әлеуметтік жұмыс орындарына 77 адам қабылданыпты. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 525 жұмыссыз тартылып, жастар тәжірибесінен 105 адам өткен. 208 адам қайта даярлау курстарында оқытылған. Мемлекеттік бағдарламалар  аясында 96  несие  берілген.

Аудан әкімі биылғы жоспарларымен де бөлісе кетті. Елді мекендерді газдандыруды жүйелі түрде жалғастыру, таза ауыз су тұтынатындардың пайыздық өлшемін 66-ға жеткізу, Жаңа өмір  ауылында мәдениет үйін салу секілді жоспардағы жұмыстар халық  қошеметін  туғызды.

Есептік жиынды өңір басшысы Алтай  Көлгінов  түйіндеді.

– Өткен жыл еліміз үшін өте маңызды  болды. Бұрынғы кеңестік елдер арасынан ең алғашқы болып БҰҰ-ға төрағалық еттік. 20 жыл ішінде әлемнің назарын аударар әсем қалаға айналған Астанамыздың мерейтойын атап өттік. Жыл сайын Елбасымыздың бастамасымен облыс, аудан, округ әкімдері халықпен кездесіп, есеп беруде. «Ашық әкімдік» «Ашық есік» күнін де өткізіп, жерлестеріміздің сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелерді шешіп жүрген жайымыз бар. Бұл – халық пен билік арасындағы байланыс орнатудың бірден-бір тәсілі. Теректі – шөбі шүйгін, шаруаға қолайлы аудан. Өздеріңізге белгілі, ауданыңызда барлық мемлекеттік бағдарлама сәтімен жүзеге асуда. Былтыр республика бойынша кәсіпкерліктің дамуына жағдай туғызған аудандардың алды болып, Елбасы марапатына ие болдыңыздар. Бұл жеңіске әр теректіліктің үлесі бар. Алдағы уақытта осы көрсеткішті ұстап тұруға жұмыстану қажет. Аудан әкімі Әділ Тауфиқұлының баяндамасынан байқағанымыз, биыл аудан игілігі үшін атқарылар іс көп. Олардың қатарында ауылдық округтерді газдандыру, жол жөндеу, су құбырларын тарту, спорт алаңдары мен көппәтерлі тұрғын үй салу сықылды жобалар бар. Біздің ең басты мақсатымыз – азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, өңіріміздегі әр азаматтың жақсы өмір сүруі үшін қолайлы жағдай қалыптастыру. Осы мақсатта білек сыбана жұмыстанудамыз, – деді Алтай  Сейдірұлы.

Әділет   ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі  ауданы

Айбол САҒИ, жас  маман:

 – Шаған  ауылдық округінің Жаңа өмір ауылында тұрамын. Ауыл үлкен. Жастар көп. Биыл Елбасы Жастар жылын жариялады. Біз Жастар жылын «Маған үкімет не береді?» деп емес,  «Мен еліме не беремін?» деп өткізуіміз керек. Ауданның жастары белсенді. Кәрі-мұқтаждарға көмектесетін еріктілер тобы бар. Спортқа қызығушылық жоғары. Жаздыгүні жиналып, волейбол-футбол ойнаймыз. Қыстыгүні ойынымыз үзіледі. Өйткені, спортзал жоқ. Әбден кеште, мектеп оқушыларынан соң ғана жаттығу-ойындарға жиналамыз. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға сеп болатын мәдениет үйі жоқ. «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген, бізге керегі – мәдениет үйі мен спортзал. Жастар көп болған соң бүлдіршіндер бар. Жұмыс істейтін жастар ала таңнан балаларымызды көрші Подстепный ауылындағы балабақшаға апарамыз. Біздің ауылға бөбекжай өте қажет. Осы мәселелер шешімін тапса, тек жастар емес, барлық шағандықтар қуанышқа кенелер еді.

Надежда РУНОВА,

Долин ауылдық округіндегі мәдениет үйінің директоры:

– Мен Ақсай мен Орал арасын қатыстыратын күре жол бойында жатқан Долин ауылының тұрғынымын. Кен орнына жақын орналасқан ауылымызда газ жоқ. Әлі күнге отын-көмір қолданамыз. Ауданға газ келгеніне біраз жылдың жүзі болды. Ал долиндіктер сол «ақ түйенің қарны жарылар» күнді күтуде. Ауыл ішінде орта мектеп бар. Осыдан елу жыл бұрын салынған мектеп  ғимаратына  жөндеу  қажет.

Ерікқали  АХМЕТОВ, айтыскер  ақын:

– Теректі дегенде өңірдің ақмаржаны – Шалқар келеді ойға. Өзіміз мақтаныш тұтатын сол Шалқардың жағдайын біз айтпасақ, кім айтады?! Жарқыраған айдын көлдің жағасы ыбырсып барады. Көп жиналатын су жағасына күтім керек.

Тағы бір айтарым – аң аулау. Бұрынғыдай атқа мініп, мылтық асынған емес, мотошана мініп, құйғытқан аңшылар аңды қызық үшін емес, қызыл қан қылып, қыру үшін шығады-ау деймін. Соған бір тоқтау болса деймін.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.