7.02.2019, 19:49
Қараулар: 4
Сауатты мұғалімдер азайып барады…

Сауатты мұғалімдер азайып барады…

Ұстаздың  қоғамдағы  рөлін  айқындап,  оның беделін  көтеруге, «Педагог  мәртебесі»  туралы заң  қабылдауға,  бірінші  кезекте  Президенттің өзі бастамашы болуы  білім  мен  тәрбиенің бүгінгі қоғамдағы  көкейкесті  маңыздылығын  көрсетсе  керек.

Мұғалімнің қоғамда атқаратын  қызметі, бүгінгі қолданыстағы «Білім туралы» заңда (2007 жыл) құқықтық  және ғылыми-педагогикалық жағынан нақты айқындалып көрсетілген. Онда мұғалімнің міндеті: «мемлекеттік білім беру стандарт талабына сәйкес, сапалы білім беруді қамтамасыз ету; өзіндік кәсіптік шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін ұдайы жетілдіріп отыру» — деп жазылған. Демек, мұғалімнің қоғамдағы атқаратын қызметі бұған дейін-ақ қай-қай жағынан да нақтыланған. Жас ұрпақтың тағдырына, болашағына жауапкершілік мұғалімнен басталады.

Сонымен қатар соңғы жылдары мектеп практикасында, мұғалімнің осы ұстаздық еңбегінің білім сапасына қатысты деңгейін анықтайтын, бірыңғай объективтік өлшем жүйесі – ҰБТ моделі мен әр түрлі мониторингтік бақылауларда жеткілікті тәжірибе жинақтады.  Бірақ бүгінгі рухани жаңғыруымызда, «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білімнің салтанат құруында, мектептегі білімнің жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, мұғалім мәртебесінің жоғары болуына кедергі болып отырған түйткілді жағдайлар, кемшіліктеріміз де баршылық.

Бірінші кезекте, оқушының білім сапасына қатысты кемшіліктерінің себептерін анықтау, оны жоюдың жолдарын жан-жақты аша отырып, оған жаңа «Педагог мәртебесі туралы» заңның құқтық мүмкіндігін жете пайдалана білу — жалпы білім берудің  алдында  тұрған  басты  міндет.

Бүгінде жалпы білім беретін мектептерде мұғалімдер оқушыларының білімінің сапасын өздері бағалайды.

Өткен ғасырдың аяғы, жаңа ғасырдың басында мемлекеттік ҰБТ моделі мемлекеттік емтихан ретінде қолданысқа  енгенге дейін және биыл екінші жыл жаңа форматта түлектердің бітіру, емтихандарын  мектепте мұғалімдердің өздері алуында, білім сапасын жасанды  көтеріп бағалау, бұрын болып көрмеген жоғары деңгейге жетті. Өткен жылы  алты мыңнан, биыл жеті мыңнан астам түлек «Алтын белгі» аттестаттарына ие болды. Ал олардың көпшілігі жоғары оқу орнына емтихан тапсыруда кері-сінше тестілік бақылаудан төмен балл жинады.

Бүгінгі таңда білім стандартының орындалуының объективтік өлшем жүйесі — ҰБТ-ның өзі жаппай қолданылатын шпаргалканың «астында» қалды. Бір жыл бұрын тестілік сынаққа қатысқан 88583 түлектің 84 мыңнан астамы электрондық қондырғы, қағаз түріндегі шпаргалка қолданған («ЕҚ», 4 шілде 2017 ж.). Сонда біздің түлектеріміз ҰБТ-ны толыққа жуық шпаргалка көмегімен тапсырды деген сөз.

ҰБТ-ның білім сапасына қатысты мән-маңызы оның әділ өтуінде. Сондықтан заңда: «ҰБТ тікелей республикалық тестілеу орталықтарымен байланысты онлайн жүйесі арқылы өткізу қамтамасыз етілсін» деп жазылуы тиіс. Бұл қазіргі қойылып отырған талапқа сәйкес мұғалім мәртебесін өсіріп, білім сапасын жетілдіруге оңтайлы жағдай жасаған болар еді. Сонда жалпы мектеп, мұғалім білім сапасына қатысты өз еңбектерінің шынайы нәтижесін көру мүмкіндігіне ие бола алады. ҰБТ – оқушының білім стандартын меңгеру, мұғалімнің меңгерту деңгейінің сапалық көрсеткіші. Ал  тестілік сұрақтар оқушылардың міндетті меңгеруге тиіс, мемлекеттік білім стандарттарының маз-мұнын құрайды.

Тестілік бақылаудағы басты қағида — тәуелсіз, сырттай бақылау. Оның нәтижесінің жоғары болуына мүдделі, қандайда болмасын, субъективтік факторлар қатыспауы керек. Сонда ғана тестілік білімді бақылау, бағалау моделі білім стандартының орындалу деңгейінің объективті көрсеткіші бола  алады.

Бүгінгі күнге дейін елімізде ағарту жүйесі өзін-өзі аттестациядан өткізіп келеді. Осы негізде тестілік бақылауда түлектердің жаппай шпаргалка қолдануына да,  ауылдық жерлерде көптеп тест орталықтарын ашуға да өзіміз мүдделі болдық. Сондықтан жаңа заңда: «ҚР Ұлттық тестілеу орталығы не Үкімет кеңсесінің, не Президент әкімшілігінің құзырына берілсін» —  деп жазылуы керек-ақ.  Сонда ҰБТ моделі ҚР Білім және ғылым министрлігіне тәуелсіз, сырттай еліміздің жалпы білім беру жүйесіндегі білім стандартының орындалу деңгейін объективті айқындау мүмкіндігіне ие болып, мұғалім мәртебесінің өсуіне де, білім сапасын да оңтайлы ықпал етер бірден-бір білімдік факторға айнал-ған  болар еді.

«Әлемдік тәжірибеде мектеп директорлары әкімшілік қызметке емес, педагогтармен жұмыс істеуге көп көңіл бөледі. Директор уақытының көп бөлігін оқыту сапасын арттыруға қатысы жоқ жұмысқа емес, мұғалімдерді дамыту мен қолдауға ықпал ететін тамаша педагог ретінде көріне білуі тиіс» — дейді белгілі педагог-ғалым А. Құсайынов («Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» Алматы -2013 ж. ,48-бет).

Бүгінгі біздің жағдайымызда сонау кеңес заманынан бері қалыптасқан түсінік – директор мектептің материалдық-техникалық базасына ғана жауапты адам. Ал «Оқушының білім сапасына, тәрбиесіне, жалпы оқушы тағдырына мұғалім жауапты» дейтін  көзқарас  әлі де болса берік сақталған.

Әр мұғалімнің сапалы білім беруіне, әр оқушының жүйелі білім алуына жағдай жасауы тиіс мектеп басшысының өз міндетін мұғалімдерге ысырып салуы, мектептің жұмыс нәтижесіне де, мұғалімнің беделіне де кері әсер етіп  отырғандығы жасырын емес.

Сондықтан заңда: «Педагогикалық ұжымды басқаруда мектеп директорының бірінші кезектегі міндеті — мектептегі білім стандартының орындалуын, мұғалімдердің оқушыларға сапалы білім беруін ұйымдастыруды қамтамасыз ету», — деп жазылуы тиіс.

Елбасы өткен жылғы Жолдауында «Педагог мәртебесі» туралы заң әзірлеп, мұғалім беделін арттыруымыз керек» дегенде «Оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайту, біздің оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отыр, оны төмендетуіміз  тиіс»  деген  болатын-ды.

Мұғалімнің беделі, оның «инемен құдық қазғандай», еңбегінің сапалы болуына тікелей қатысты. Мұғалімнің жүктемесін 18 сағат-тан 16 сағатқа дейін азайту – көптен айтылып келе жатқан мәселе. Сонымен қатар мектептің жоғары сыныптарында 19-23 пән оқытылады. Оған факультативтік сабақтар, арнаулы курстар, үй тапсырмасын орындауға кететін уақытты қосқанда, оқушылардың апталық жүктемесі 12-14 сағаттан асып жығылады. Демек, мектептердегі «Оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайту керек» дейтін талап білім сапасына, мұғалімнің беделіне тікелей қатысты, жаңа заңнан өз шешімін табуы тиіс. Бүгінгі білім сапасына, мұғалім беделіне қатысты қолбайлау болып отырған мәселелермен қатар, мемлекеттік деңгейде шешілетін, жалпы педагог мәртебесін көтеруге байланысты басқа да көкейкесті мәселелер баршылық.

Ең алдымен, әлемдік педагогика ғылымында аттары белгілі жалпы білім берудің реформаторлары болып саналатын Моно Муршет, Чинези Чийоке, Майкл Барберлер мұғалімдік кәсіптің сапасының, педагог мәртебесінің жоғары болуында, ғылымда аксиомаға айналған үш факторды алға тартады. Олар: мұғалімдік мамандыққа лайықты, қабілетті адамдардың келуі; мұғалімдік мамандықты тиісті дәрежеде атқара алатындай даярлықтан өтуі; мұғалімнің білімінің жоғары болуы — өйткені оқушының білімі мұғалім-нің білімінен жоғары бола алмайды.

Осы талап тұрғысында, Елбасы өткен жылғы Жолдауында «…Білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізуді жүзеге асыру» міндеттерін күн тәртібіне қойып отыр.

Әсіресе, білім адами капиталдың ең басты құндылығына айналып отырған XXI ғасыр жағдайында мұғалімдік мамандықты  таңдаған талапкерлердің білім сапасы жоғары болуы — бүгінгі таңда арнайы мемлекеттік деңгейде «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдау қажеттілігіне алып келген басты факторлардың бірі. Қазір лицей, гимназия, дарынды балалар мектептерінде ғана емес, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында сабақ беретін сауатты мұғалімдер барған сайын азайып барады. Ал жоғары педагогикалық оқу орындары бірыңғай бакалавриаттық деңгейде мұғалімдерді, азын-аулақ қана магистрлерді даярлайды. Ол барған сайын, сан жағынан да, сапа жағынан да уақыт талабына сай келе бермейтіндігін көрсетіп отыр.

Педагог мәртебесін көтеріп,  «Білім берудің жаңа сапасына» қол жеткізуде, педагогикалық жоғары оқу орындарында педагог-магистр факультеттерін ашып, математикафизика, химия-биология, гуманитарлық пәндер және де педагог-психолог бағдары бойынша, жаппай арнайы магистрлар дайындау, оларды теориялық-әдістемелік жағынан даярлаудың сапасын жетілдіріп, мемлекеттік деңгейде материалдық  жағынан қолдау — бүгінгі күннің талабы.

Сонымен қатар университеттердің базасында педагогикалық бағдардағы бейінді, жаңа үлгідегі инновациялық мектептер жұмыс істесе, жалпы педагог мәртебесін көтеру, педагогикалық мамандыққа сапалы, арнайы кадрлар даярлауды өркениетті деңгейде шешуге болар еді.

Нәсіпқали  ДӘУЛЕТОВ,

педагогика  ғылымдарының  кандидаты, «Құрмет» орденінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің  «Ең үздік мектеп директоры» дипломының екі  мәрте иегері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар