7.02.2019, 19:46
Қараулар: 2
«СҮЙЕГІМІЗ АРУЛАНБАЙ ҚАЛА МА ДЕП СЕСКЕНЕТІНБІЗ»

«СҮЙЕГІМІЗ АРУЛАНБАЙ ҚАЛА МА ДЕП СЕСКЕНЕТІНБІЗ»

Биыл – Ауғанстан аумағынан кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл. Алпауыттар арасындағы мүдде қақтығысынан тұтанған соғыс өртінен тұтастай ауған халқы зардап шекті. КСРО Қарулы күштері қатарында қызмет еткен талай боздақ шет жұртта қыршынынан қиылды. Шын мәнінде, сол кездегі қазақ жауынгерлері қылкөпірдегі қанды шайқасқа қатысып жатқанын сезіне қоймаса керек. Бірақ қан төккен есіл ерлерді ұмытпау ләзім. Тарихтан тәлім, соғыстан сабақ алу керек. Сарбаз Отан әмірін орындаушы ғана. «Ауған соғысы мүгедектер және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркінғали Ғабделов  осы пікірге тоқтам жасау қажеттігін айтады.

Сырым ауданының тумасы, бүгінде Орал қаласының тұрғыны Беркінғали Серікұлы – КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының Құрмет грамотасы, сонымен қатар «Ерлігі үшін», «Ауған халқының интернационалист жауынгерлерге ризашылығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдарына қоса, ТМД Премьерминистрлері жанындағы интернационалист-жауынгерлер комитетінің «Ерен еңбегі үшін» ордені мен отандық «Құрмет» орденінің иегері.

– Аталған ұйымның тарихы 1989 жылдан бастау алады. Тәуелсіз ел болғаннан кейін 1993 жылы «Ауған соғысы мүгедектер және ардагерлерінің БҚО қоғамы» ҚБ бастапқы тіркеуден өтті. Сондық-тан ресми түрде бірлестіктің құрылғанына 25 жылдан асты деп есептейміз. Мен 1995-2005 жыл-дар аралығында бірлестік төрағасы қызметін атқардым. Былтырғы қараша айының 26-сы күні бірлестік мүшелері мені төраға етіп қайтадан сайлады. Менің ғұмыр бойғы тыныс-тіршілігім осы бірлестікпен тығыз байланысты, – деді Беркінғали Ғабделов.

Тарихи деректерден мәлім, 1979 жылы 25 желтоқсанда кеңес әскері ауған жеріне аяқ басты. Саяси мүдделер қайшыласқан соғысқа 22 мыңнан астам қазақстандық қатысып, 761-і қаза тапқан, 21 боздақ із-түзсіз жоғалыпты. Тоғыз жылдан астам уақытқа созылған қасіретке біздің облыстан 1021 адам қатысқан. Тау шатқалдары терең және сай-салалы ауған жерінде өткен ұрыстарда батысқазақстан-дық 27 жауынгердің демі үзілген. Олардың 11-і Орал қаласынан, қалғандары аудандардан аттанған.

Бүгінде қоғамдық бірлестікте 737 ардагер есепке алынған. Ауғанстан соғысының тікелей куәгерлері қарулас достарын ешқашан ұмытпайды, оларды сағына еске алады. Жылма-жыл жоғары оқу орындары мен мектептерде, колледждерде, түрлі мекемеде ұйымдастырылатын кездесулерге бірлестік мүшелері тұрақты қатысып, соғыс зардабы ауыр болғанын, кейінгі ұрпақ одан сабақ алуы қажеттігін әңгімелейді. Беркінғали Серікұлының айтуынша, қоғамдық бірлестіктің мақсаты – жастар тәрбиесімен айналысу, олардың патриоттық сезімін күшейту, ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне көмек қолын созу, қайтыс болған жауынгерлердің отбасын, ата-аналарын қамқорлау.

– Қапияда мерт болған қаруластардың ата-аналарының қатары сиреді. Қазіргі уақытта сегіз жауынгердің әке-шешесі Оралда тұрады. Сыныптасым Аманжол Ғұсмановтың әкесі Қуанышқали мен анасы Жамал Сырым ауданы Жымпиты ауылында тұрды, кейін Бөрлі ауданына көшті. Қуанышқали аға аудандық «Қызыл ту» газетінің редакторы болды. Аманжолмен Қадыр Мырзалиев атындағы мектепте 1-сыныптан бастап бірге оқыдым. Ауғанстан соғысында оқтан жарақат алып, 1981 жылы 9 ақпанда госпитальде қайтыс болды. «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін иеленді. Соғысқа Венгрияда әскери міндетін өтеп жүрген кезінен шақырылған еді.

Отбасы оның қанды ұрыс алаңында жүргенін білмеді. Сол кездегі әскери бұйрықтармен біраз жайт құпия ұсталды. Аманжолды бала күннен бері «Амантай» деп атайтынымыз есімде. Бір ескере кететін жайт, осы жауынгермен аттас Амантай Меңдіғалиев есімді сыныптасымыз Жезқазған пединститутында бейнелеу өнері факультетінде оқып шыққан соң, Аманжол Ғұсмановқа кеудемүсін орнатты, – деді Беркінғали Серікұлы.

Ауғанстан топырағында дәм-тұзы таусылған жерлестердің қилы тағдыры туралы 1999 жылы «О павших в Афганистане» естелік кітабы 3 мың таралыммен жарық көрді. «Ауған соғысы мүгедек-тер және ардагерлерінің БҚО қоғамы» ҚБ-ның төрағасы Беркінғали Ғабделов кітапқа басуға деректер жинаған авторлық ұжымға бастан-аяқ көмектескен. Қаралы шаңырақтарда көзінен жас сорғалап, кеудесіне беріш болып қатқан қайғы тоңын жібіткен шерлі жандардың әңгімесін тыңдау оңайға соқпапты. Ажал араны адам баласын ұлт-ұлысқа бөлмейтіні белгілі. Әлі күнге тағдыры беймәлім боздақтар бар. Сүйегі жат жерде көмусіз қалды ма, әлде тұтқынға түсіп, жергілікті халық арасына сіңіп кетті ме, ешкім білмейді. Орал қаласынан әскерге аттанған, 1980 жылы 27 мамырда Құндыз қаласы маңындағы Балх провинциясында із-түссіз жоғалған ұлты татар, 21 жастағы жігіт Хамбал Гамбаров жөнінде әлі күнге еш дерек жоқ. ТМД үкіметтері басшылары кеңесі жанындағы жауынгер-интернационалистер комитеті хабарсыз кеткен кеңес әскерлерін іздеу жұмысын жүргізіп келеді. Соның арқасында 2012 жылы көкшетаулық қатардағы жауынгер Алексей Зуев пен түркістандық кіші сержант Әбділхакім Ергешовтің сүйектері елге жеткізілді.

Беркінғали Ғабделов 1979 жы-лы 25 желтоқсанда Ауғанстанға алғаш кірген жасақ құрамында он сегіз жасар бозбала болғанын еске алды. Әскери оқу-жаттығудан өткен соң, Өзбекстанның Термез қаласынан тікұшақпен көтеріліп, Ауғанстанның Құндыз шаһарындағы әуежайға қонып, сол маңда жертаса (окоп) қазып аялдайды.

– Екі тәуліктен кейін Кішім қаласына барып, он шақты күнге тоқтадық. Бізге моджахеттер мектеп мұғалімдеріне қиянат жасайтынын, соларды қорғау керектігін айтты. Одан кейін Кабул қаласынан жеті шақырымдай жерде күзетте тұрдық. Таулы-тасты жер. Шаһар көз ұшынан ағараңдап көрініп тұрады. Соңында Пәкістанмен шекаралас Жалалабад қаласына аялдадық. 40-армияға қарасты 66дербес мотоатқыштар бригадасы құрамындағы взводқа қабылдандық. Ауғанстанда қос тарап дүр көтеріліп, шабуылға лап қоятын қиян-кескі ұрыс жиі болмайды. Үш-төрт сарбаздан бөлініп, тапсырмамен барлауға шығамыз. Ең бастысы, тұтқиылдан тұтқынға түсуден немесе қу сүйегіңнің аруланбай қалатынынан сескенесің. Сондықтан жау қолына қаруласыңды тастамау, мәйітін болса да әкелу басты міндет болды. 1980 жылғы наурызда Шоран шаһарына жақын Серан қышлағындағы ұрыста взвод командирі, 23 жастағы лейтенант Александр Стовба қатты жарақаттанып, жау қолына түсті. Дұшман оның кеудесіне жұлдыз таңбасын темірмен қыздырып басқан. Лейтенант соңғы демімен бар күш-қуатын жинап, тау өткелі жарқабағының ұшар басынан секіріп, мерт болды. Кейін оған жауынгерлерді қорғауда күшін сарқа пайдаланған қайсарлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол шайқаста мен тіземнен жарақат алып, жауған оқтың астынан Арыс қаласынан шақырылған досым Марат пен жергілікті әскер пұштын Шереннің арқасында аман шықтым, – деген Беркінғали Ғабделов майдан жолын бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Бақытбек Смағұловпен бірге өткергенін айтты. Бақытбек Смағұловтың ұрыста өте өжет, достықта ерен мәрт екенін барлық қаруласы танып білген. Тіпті жаттығу сәтінде әскери бұйрыққа бағынбай, отты өлеңін оқып, толғанып тұрып алатын «қиқарлығына» қабағынан қар жауған айбарлы командирлер де кешіріммен қарапты.

Беркінғали Ғабделов бірлестік тарапынан Ауғанстан жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты ауқымды іс-шаралар жоспарланып жатқанын айтты. Облыс әкімдігі жыл сайын әр «ауғандыққа» бюджеттен ай сайын 20 мың теңге мен 2 АЕК көлемінде төленетін қаражат бөледі. Және түрлі деңгейдегі іс-шараларын өткізуге қолдау білдіріп келеді. Барлық ауған соғысының ардагері мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған. Жәрдемақы көлемі мүгедектік дәрежесіне қарай көбейтіліп беріледі. «Ауған соғысы мүгедектер және ардагерлерінің БҚО қоғамы» қоғамдық бірлестігі тарих талқысында қалған тағдырларды ардақтау бағытында тынымсыз еңбектене бермек.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.