7.02.2019, 19:42
Қараулар: 82
ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЕСЕБІ

ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЕСЕБІ

Әкімдердің  халыққа  есебі  ортақ  мәселені  бірге  анықтап, оларды  шешу  жолдарын  ұсынатын ортақ  мүдде  алаңына айналды.  Осыдан  төрт-бес  жыл  бұрын  есеп  беру  жиындарында  көбіне-көп жеке  мәселелер  көтерілсе, қазір  жалқыдан  жалпыға қарай  сипат  алып келеді.  Бұған  Тасқала  ауданының әкімі Алдияр Халеловтың  аудан  тұрғындары  алдындағы  есебі  барысында  тағы  бір  мәрте  көз  жеткіздік.  Жиынға  облыс әкімі Алтай Көлгінов,  бірқатар  облыстық басқарма  басшылары, аудан  тұрғындары  қатысты.

Аудандық мәдени-демалыс орталығында өңір басшысына ауданда іске асырылатын инвестициялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында Тасқала ауылындағы үш қабатты 18 пәтерлік тұрғын үй мен Тасқала және Ақтау ауылдарындағы су қорғау бөгетін қайта құру, Тасқала ауылында тұрғын үй құрылысына берілетін аумақтарға қажетті инфрақұрылым тарту жобалары бар. Сондай-ақ көрмедегі аудан орталығында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 140 орындық балабақша және жастар стадионының жобасы да назардан тыс қалмады. «Феррум контракт» ЖШС 2019-2020 жылдары іске қосуды жоспарлап отырған құтыдағы су өндіру цехы жобасының құны шамамен 120 млн. теңге.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов ауданның 85 жылдық мерейтойына орай ашылған «Рухани жаңғыру» залында болып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысты.

 

Жаңа   жолдың   игілігі

Өткен жыл аудан халқы үшін жетістіктерге толы болды. Ең бастысы, тасқалалықтар ұзақ жылғы жол азабынан арылды. «Орал – Тасқала – РФ» күре жолын күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, сегіз жолақты тақтайдай тегіс жол пайдалануға берілді. Аутожол қозғалысы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылды. Бұл өз кезегінде ауданның экономикасы мен шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, тұрғындарды жұмыспен қамтуға жаңа серпіліс беретіні сөзсіз. Қазір аудан тұрғындары облыс орталығына еш қиындықсыз қатынауда.

Аудан әкімі Алдияр Халеловтың мәлімдеуінше, биыл тасжол бойында транзиттік аутокөліктердің мұқтажын өтейтін кемпинг пен жанар-жағармай құю стансаларының құрылысы қолға алынбақ. Күрт молайған көлік ағынын аудан мүддесіне тиімді пайдалану мақсатында ірі инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде.

Аудан тұрғындарының сұранысына сәйкес, ендігі кезекте ауданаралық және ауылішілік жолдар кезең-кезеңімен жөндеуден өтпек. Алдымен Бірлік, Достық, Мереке, 1-Шежін елді мекендерінің кіреберіс жолдарын орташа жөндеу қолға алынбақ. Тасқала ауылындағы жалпы ұзындығы 19,95 шақырым 31 ауылішілік аутомобиль жолын күрделі жөндеуге төрт жобалық-сметалық құжат дайындалып, кешенді сараптамадан өткізілді.

Баяндамадан ұққанымыз, ауданда кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Барлығы 1 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысаны бар. Соның 513-і жеке кәсіпкер болса, 383-і шаруа қожалықтары. Аудан экономикасының негізін қалайтын ауыл шаруашылығы саласында 416 агроқұрылым жұмыс жасап, 1971 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданның төрт шаруа қожалығы 100,5 млн. теңге көлемінде несие алып, мал басын асылдандырған. Оған қоса ауданның шаруа қожалықтары 170 бас отандық асыл тұқымды ірі қара малын, шетелден 65 бас асыл тұқымды ірі қара малын және 84 асыл тұқымды қошқар сатып алған екен. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру» ережесіне сәйкес түскен өтініштер бойынша  60 шаруа қожалығына 92,3 млн. теңге көлемінде демеуқаржы төленіпті. Ауданда 17 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған, сондай-ақ 972 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс жасайды. Өткен жылы «Гитинов» шаруа қожалығымен 465,2 тонна ірі қара мал еті және 43,7 тонна қой еті Ресей мен Арменияға экспортқа шығарылған.

Аудандағы 15 шағын  цехта 57 адам тұрақты жұмыс жасайды. Өндірілген өнім көлемі 19,24 млн. теңгені құраған. Осы орайда күрделі жөндеуден өткен «Орал – Тасқала – РФ» транзиттік жолының кәсіпкерлердің көрші елдерге барыс-келісін жеңілдетіп, ауданның экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізетініне сенім мол.

 

Су   –   тіршілік   нәрі

Халықтың тұрмыс сапасын арттырып, денсаулығын жақсартудың басты кепілі – сапалы ауыз сумен қамту. Есепті кезеңде Аманкелді, Атамекен, Қалмақшабын, Алмалы ауылдарында жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын су құбырларын қайта құру жұмыстары аяқталды. Тасқала ауылының Жеңіс, Жақсыбаев, Шамов және Ержанов көшелерінің су құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аудандағы 28 елді мекеннің 16-сы немесе аудан халқының 94,8%-ы орталықтандырылған ауыз су  жүйесімен  қамтылған.

Тасқала ауылының орталықтандырылған су құбыры тартылмаған көшелеріне құбыр тарту, жалпы құны 340,4 млн. теңге құрайтын Мереке және Қалмақ ауылдарының су құбырын қайта құру жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланған.

Ауданның тоғыз елді мекенінде демеуқаржы бөлінуіне байланысты ауыз су құны 300 теңге 65 тиыннан 30 теңгеге арзандатылған. Бүгінгі таңда Бірінші Шежін және Мерей ауылдарының су жүйесінің құжаттары субсидиялауға тапсырылған.

Өткен жыл тасқалалық диқандарға оңай тиген жоқ. Ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан егіннің 39,2 пайызы есептен шығарылып, 7,7 мың тонна ғана астық жиналды. Абырой болғанда, мал азығының егіс көлемі 33 пайызға артып, 79,6 мың тонна  шөп дайындалды. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарының егіс көлемі 8,5 пайызға ұлғайып, өндірілген өнім көлемі молайды.

Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы Жайықбай каналын іске қосу ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосатынын айтады. Қазіргі кезде Жайықбай каналын сумен толықтыру үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Оған қоса Шежін және Мереке ауылдық округтерінің аймағынан жалпы ұзындығы 19 км Жайықбай ІІ каналының құрылысы басталып, аяқталмай қалған. Бұл канал бойында бес шаруа қожалығына жер телімдері берілген. Жайықбай каналын іске қосу аудан бойынша мал, құс, балық шаруашылықтарын дамытуға, киік санының көбеюіне, 812 га жердегі көлтабандарға су жеткізіп, құнарлы мал азығын дайындау көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл каналға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға 12,8 млн. теңге қаражат бөлінген.

Ауданның экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында Бірлік ауылында 5 мыңға дейін ірі қара бас малға арналған мал бордақылау алаңы мен «Аманат» шаруа қожалығы базасында қуаттылығы 2000 басты өсіруге мүмкіндік беретін құс фермасын ашу жоспарлануда.

 

Қарғын   судан   қауіп   бар

Биыл облыста қардың қалыңдығы кей жерлерде жарты метрден асады. Көзкөргендердің айтуынша, қардың осыншалықты мол түсуі соңғы рет 1987 жылы болған екен. Қар, әсіресе, Тасқала ауданында қалың.

– Жыл сайын су тасқынының алдын алу жұмыстары уақтылы жүргізілсе де, көктемде қауіп сейілмей тұр. Биыл екі есе көп қар жауды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында жергілікті атқарушы құрылымдар бар мүмкіндікті пайдалана отырып, қажетті шараларды жасауда. Өзен бойындағы бұталар мен ағаштар шабылып, табиғи арнасына қосымша 500 метрлік арна қазылды. Аудан бойынша суға кету қаупі бар аутокөлік жолдарының бойындағы алты су өткізу сақиналары мен 14 құбыр ауыстырылды. Тасқала ауылының Шамов көшесінің бойындағы ұзындығы 1800 метрді құрайтын канал тазартылып, тереңдетілді. Мәметова көшесіндегі бөгет пен Чурилин, Жеңіс, Шамов көшелерінің бойындағы су өткізу құбырлары бетондау арқылы бекітілді. Былтырғы есептік кездесу барысында көтерілген Тасқала және Ақтау ауылы маңындағы бөгеттерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, облыстық құрылыс басқармасына тапсырылды.

Алайда, ауданда өз күшімізбен жүргізілген жұмыстар жеткіліксіз болып отыр. Көп жылдар бойы тазартылмаған Деркөл өзенінің суы тартылып, жағасын қоға басып барады. Түбі тайыздалып, арнасы тарылғандықтан, көктемде еріген қар суын өткізіп үлгермейді. Су жайылып ауылдарға кіріп,  тұрғын үйлерге қауіп төндіреді. Деркөл өзенінің түбін тазартып, тереңдетіп және арнасын кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл қомақты қаржыны талап ететін өте ауқымды жұмыс. Алайда, бұл мәселенің шешілуі Тасқала ауданында көктемгі су тасқынының алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Ауданда жол техникаларының жетіспеуі және кейбіреулерінің тозығы жетуі елді мекендерге дейінгі жолдарды қардан тазарту жұмыстарын уақытында жүргізуге кедергі келтіруде, – деді Алдияр Сансызбайұлы.

 

Әлеуметтік   нысандар   жаңартылуда

Атқарылған жұмыс ауқымды, дегенмен шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мәселен, аудандағы бес мектеп (Жақсығұлов, Алтынсарин, Атамекен, Сәтпаев, Ақтау) ғимаратын күрделі жөндеу қажет. Оған қоса Достық орта мектебі мен «Ақбөпе» бөбекжайы ғимаратын күрделі жөндеу жұмысына қажетті құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамаға  жолданған  екен.

Аудандық мәдени-демалыс орталығы мен Мереке, Аманкелді ауылдарындағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеуге жалпы құны 344,9 млн. теңге құрайтын жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.

Өткен жылы аудан орталығында 40 орындық «Нұр» жеке бөбекжайы ашылған. Дегенмен үш жасқа дейінгі 232 бала әлі балабақша кезегінде тұр. Аудан басшылығы бұл мәселені Тасқала  ауылында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы 140 орындық балабақша салу арқылы біртіндеп шешпек. Оған қоса, Шежін орта мектебі жанынан 50 орындық және Оян орта мектебі жанынан 25 орындық балабақша құрылысы басталмақ. Сондай-ақ биыл Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп пен Аманкелді орта мектеп балабақша кешенінде IT-сыныптары, «Сәулет» мектеп-лицей кітапханасында коворкинг орталығы ашылмақ.

Есептік жиында сөз алған тасқалалықтар аудан тізгінін осыдан жарты жыл бұрын ғана қолға алса да, қыруар шаруаны атқарып, алдына мол мақсат қойып отырған аудан басшысының іскерлігі мен еңбекқорлығын атап өтті. Мерей ауылында өрт сөндіру бекетін салу, «Орал – Тасқала – РФ» күре жолын жағалай орман жолағын отырғызу, Орал – Сарытау аутожолының жиегіне жол белгілерін орнату, арзандатылған жанар-жағармайды қазіргідей облыс орталығынан емес, ауданнан алуды ұйымдастыру, жұмыссыз жастарды біріктіріп, кооператив ашу және т.б. ұсыныс-пікірлерімен бөлісе келе, аудан әкімі Алдияр Халеловтың жұмысына оң баға берді.

 

«Тасқала –  әлеуеті мол   аудан»

Былтыр ауданда атқарылған жұмыстарға кеңінен талдау жасаумен қатар, алдағы міндеттерді де саралаған облыс әкімі Алтай Көлгінов «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы», «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының өңірде іске асу барысына жеке-жеке тоқталып өтті.

–  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында елімізде мыңдаған шақырым жол салынуда. Соның игілігін сезініп отырған бірден-бір аудан – Тасқала ауданы. Өткен жылы осы жолмен біздің облысқа 1,2 млн. аутокөлік өткен. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 72 пәтерлік үш қабатты қос тұрғын үй сіздің ауданда бой көтеруде. Өңірде 67 мың адам салық  жеңілдігін пайдаланды, соның  екі мыңы тасқалалықтар. Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп бекітті. Жергілікті әкімдіктер ауыл жастарының әлеуметтік мәселелерін ерекше назарға алуы тиіс. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға келген әр маманды бағалап, тұрақтап қалуына  жағдай  жасаңыздар.

Біз өңірдегі барлық әлеуметтік нысанға аудит жүргізудеміз. Ең алдымен апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешеміз. Аудан-ауылдағы өзекті мәселелерді тоқсан сайын ұйымдастырылатын «Ашық әкімдік» шарасына келіп айтуларыңызға болады. Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, шешімін табамыз. Тасқала – шекарада орналасқан, жан-жақты дамып келе жатырған әлеуеті зор аудан. Әсіресе, егіншілікке де, мал шаруашылығына да қолайлы. Биылғы қардың мол қорын дұрыс пайдалана алсақ, нәтиже болады. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, жаңа тасжол пайдалануға берілді, ауыл шаруашылығын дамытып, өндірісті өрістетуге, қызмет көрсету нысандарын көптеп ашуға мол мүмкіндік туып отыр, – деді Алтай Сейдірұлы.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.