7.02.2019, 18:59
Қараулар: 72
Бүйірінде жазуы бар қозы

Бүйірінде жазуы бар қозы

Сырым ауданындағы Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында сол жақ бүйірінде араб әріптерімен оқығанда «Аллаһ» деген жазуы бар қозы дүниеге келді. Қара қозының бүйіріндегі жазуды әуелі үй иесі Санақ ағамыздың ұлы Медет байқаған.

– Қозы 28 қаңтарда туылды. Төлдерді жылы жерге бөліп жүргенде, қозының бүйіріне көзім түсті. Қара терінің үстіндегі ақ ала жазуға ұқсайды екен, өзім араб жазуына ұқсаттым. Себебі, жоғары оқу орнында араб әріптерін тануды аздап үйренген едім. Осы жазу «Аллаһ» деген жазу емес пе екен деп, анығын білмек болып, қозының суретін әлеуметтік желі арқылы аудан тілшілеріне жібердім, – дейді Медет Садықов.

Әлеуметтік желі арқылы суретті бірінші көрген біз едік. Қозының бүйіріндегі жазуды анықтап оқып беруін өтініп, Медет жіберген суреттерді таныс имамдарға жолдадық. Бұрын аудандық мешіттің имамы болған Бақытжан Құралбайұлы қозының бүйіріндегі белгінің «Аллаһ» деген жазуға келетінін, ал Сарыағаш медресесінің ұстазы Оразбек Жамбылұлы араб жазуымен 80 пайызға сәйкесетінін айтты.

– «Аллаһ» деген жазу екеніне ешқандай күмән жоқ. Алла бар, ол  жалғыз, ол біреу. Осындай мысалдар арқылы Алла өзінің бар екенін есімізге салуда, – дейді Сырым аудандық мешітінің найб имамы Жасқанат Ерсайынов.

Қозыны көру үшін Жамбыл ауылына бізбен бірге барған найб имам қозының оң жақ бүйіріндегі жазу ардақты пайғамбарымыздың есімі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаммед деген жазуға келіңкірейді деген болжамын айтты.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.