7.02.2019, 18:58
Қараулар: 3
Астықты ауданда айшықты іс көп

Астықты ауданда айшықты іс көп

Жыл сайын жұртшылық көкейдегі сауалын қоюға асыға күтетін, ал әкімдер атқарған істері жайында ел алдына шығып,  есеп беретін дәстүрлі кездесулердің маңызы зор. Сәрсенбінің сәтті күнінде биылғы жылдың кезекті есеп беру жиыны облыстағы ең ірі астықты аудан – Бәйтерек ауданында өтті. Аудан әкімі Асхат Шахаров есепті кезең ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жаңа міндет-межелерді нақтылады.

Бәйтерек ауданына арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов алдымен аудандық мәдениет үйінде «Алтын белгіден» үміткер оқушылармен дидарласты. Биыл  алтын ұя мектебінен түлеп ұшқалы тұрған жас түлектер білім бәйгелеріндегі жетістіктерімен, болашақ арман-мұраттарымен бөлісті. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ауданда ашылған ІТ сыныптың, аудандағы 14 орта мектептің жанындағы роботтық техника үйірмелерінің қатысушылары дайындаған роботтар көрмесін тамашалаған облыс басшысы болашақ өнертапқыштарға сәттілік тіледі. Бұдан соң «Рухани жаңғыру алаңы» кеңсесіне бас сұғып, көп балалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған «KEN» әлеуметтік жобасының жұмысымен танысты.

Жоба авторы Нұргұл Тағайбекованың айтуынша, мұнда оқушылар ағылшын тілін заманауи әдіс арқылы меңгереді. Еркін сұхбаттасу және ойын түрінде өтетін сабақтарға шетелдік еріктілерді кеңінен тарту көзделіп отыр.

«Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» демекші, 2019 жылы Бәйтерек ауданына жүктелген жауапкершілік жүгі жылдағыдан салмақты. Аудан халқының ұзақ жылғы ұсынысы негізінде Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен тарихи атауға ие болған Бәйтерек ауданы өз жылнамасындағы жаңа әрі аса маңызды кезеңге аяқ басып отыр.

— Қуанышты хабарды жыл басында ауданның зиялы қауымымен арнайы кездескен Алтай Сейдірұлы жеткізген болатын. Жасыл желекті, астықты ауданымызды жаңа атаумен одан әрі дамыта түсу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді есептік кезеңдегі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған аудан әкімі Асхат Шахаров.

Жер-ананың төсін еміп, несібесін теріп отырған астықты өлкенің егістік көлемі 230,6 мың га құрайды. Өткен жылы бәйтеректік шаруалар жалпы аумағы 225,2 мың га егістік алқабынан 147,2 мың га дәнді дақыл, 26,8 мың га майлы дақыл, 1,3 мың га көкөніс, 1,6 мың га картоп және 475 га бақша өнімдерін алған. Ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнім 29,3 млрд. теңгені құраған екен. Есепті кезең ішінде 897,3 млн. теңге демеуқаржы төленген, соның ішінде өсімдік шаруашылығына – 221,1 млн. теңге, мал шаруашылығына – 287,5 млн. теңге, сондай-ақ 388,7 млн. теңге инвестициялық демеуқаржы. Өткен жылы 742 жаңа жұмыс орны ашылып, 333 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған.

Облыс орталығына жақын орналасқан Бәйтерек ауданында шағын және орта кәсіпкерлік үшін қолайлы ахуал қалыптасқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 2300-ге жуық шағын бизнес нысанының жалпы өндіріс көлемі 16,2 млрд. теңгені құраса, 32 шағын цехта 719,8 млн. теңгенің өнімі өңделген. Бөлшек тауар айналымының көлемі 8,8 млрд. теңгеге жеткен. Өткен жылы ауданда жаңадан 25 ШОБ нысаны ашылып, пайдалануға берілген.

«Сары бел» ЖШС мен «Каверин С.» ЖК сүт өнімдері еліміздің Маңғыстау және Атырау облыстары мен Ресейдің көршілес аудандарына жөнелтілуде. Ауданның экономикалық әлеуеті артқан сайын, инвесторлар да көптеп келуде. Мәселен, алматылық инвесторлардың қаражатына «Silk way» кемпингі салынып, пайдалануға берілсе, «World  Green Company» ЖШС жылыжай кешенін салу туралы келісімге қол жеткізілген.

— Аудан орталығындағы көппәтерлік және Дариян ауылындағы қосқабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстары аяқталды. «Сұңқар Смарт Сити» ситуациялық орталығы ашылды. Он ауылдық округте «Ашық әкімдік» шарасы, үш «Мемлекеттік қызметтер» жәрмеңкесі ұйымдастырылып,  300-ден астам аудан тұрғынының талап-арызы қаралды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жергілікті демеушілердің қолдауымен Үлкен шаған ауылында спорт кешені салынып, Махамбет ауылында ауылішілік жол жөнделді. Январцев ауылында саябақ қоршауға алынып, Белес ауылында ғашықтар аллеясы салынды. Жалпы, іскер азаматтардың жанашырлығы арқасында жалпы құны 72,6 млн. теңгеге он жоба іске асырылды. Жыл басында қазақтың дауылпаз ақыны Қ. Аманжолов атындағы мектепке ақынның ескерткіш мүсіні, «Домбыра» мүсіні қойылды. Аудан орталығында «Рухани жаңғыру алаңы» ашылса, «Street work aut» спорт алаңы, Дариянда коворкинг орталығы іске қосылды. Біздің бүгінгі ісіміздің ертең тарихқа айналарын, ел тарихының бір орталықта жиналуын ескеріп, ардагерлер кеңесінің ұсынысымен ауданда тұңғыш тарихи-өлкетану музейі құрылды.

Өткен жылы демеушілердің қолдауымен аудандағы Достық мәдениет үйінен «Татуласу орталығы» ашылды. Отбасы құндылықтары мен адамгершілік қағидатты бірінші орынға қоятын орталықта медиаторлар мен заңгерлер тегін кеңес беріп, отбасылардың өзара түсіністігін қамтамасыз етуде. Орталық жұмысы әлі де жүйеленіп, қоғамда өзіндік тиімділігін көрсетеді деп ойлаймын, – деді Асхат Берлешұлы.

Қазіргі таңда Бәйтерек ауданында орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші – 79,9 пайызды, ал табиғи газға қолжетімділік 97,1 пайызды құрап отыр.  «Аз жұмыс атқарылған жоқ, алайда атқарылатын  жұмыс одан да көп» деген аудан басшысы Калинин ауылында он екі пәтерлік екі қабатты қос үйдің және 23 бір пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталатынын мәлімдеді. Одан өзге Володар және Достық ауылдарында су құбыры қайта құрылып, Трекин және Егіндібұлақ ауылдарында су құбырының құрылысы жүзеге аспақ. Биыл Кирсанов, Красный Свет, Павлов, Владимиров, Горбунов, Мирный, Кіші Шаған және Поливный ауылдарына көгілдір отын жеткізу, ал Поливный, Октябрь, Асан және Кіші Шаған ауылдарының халқын сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталған. Мемлекеттікжекеменшік әріптестік аясында аудан орталығында жалпы ұзындығы 14,5 шақырым жол жөндеуден өтпек.

— Әкімдердің есеп беру кездесуі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Өткен жыл аудан үшін жағымды жаңалыққа толы болды. Бастысы, өз ұсыныстарыңызбен Елбасы Жарлығымен Бәйтерек атауы берілді. Өздеріңізбен жаңа жылда қайта қауышып тұрғаныма қуаныштымын.

Облыс орталығына ең жақын орналасса да, аудан тұрғындары үшін қалаға қатынау қиындық тудырып келді. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес үш жылдың ішінде 104 шақырым жол салынды, барыс-келіс едәуір жақсарды. 32 шақырым айналма жол салынуда. Биыл аяқтаймыз.

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 1,1 млрд. теңге бөлінді. Орал қаласында 145 отбасы баспаналы болды. Енді осы бағдарламаны аудандарда да жүзеге асыруымыз қажет. «Бес әлеуметтік бастамаға» сәйкес өз кәсібімді ашам деген жандарға 4,3 млрд. теңге бөлініп, 1242 адам шағын несиеге қол жеткізді. Соның ішінде Бәйтерек ауданының тұрғындары да бар. Аудандарда жастарды қолдау шараларын күшейтіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қарқынды жүргізуіміз керек, — дей келе Алтай Сейдірұлы аудан әкімі Асхат Шахаровқа жастардың бастамаларын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында нақты тапсырмалар берді. Бұдан соң тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі тұрғындардың талап-тілектері мен ұсыныстары сараланып, жұмыс жоспарына енгізілетінін мәлімдеді.

Салтанат ТАНАБАЕВА,

ардагер-ұстаз:

— Елім, жерім деп еңбек етіп жүрген азаматтарға ризамыз. Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы туралы бұқаралық  ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. Өмірімді ұстаздыққа арнаған жан ретінде жүрегім мектеппен бірге. Зейнет демалысында болсам да, білім саласының жай-күйіне алаңдап отырамын. Әсіресе, мұғалімнің жағдайы қатты алаңдатады.

Елбасы Жолдауында Үкіметке «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдауды тапсырды.  Ұстаз мәртебесінің заңмен бекітілуі өте орынды. Өткен жылы Дариянда ашылған мектеп-гимназияны, оған қоса жанындағы интернатын көріп, қуанып қалдық. Бәйтерек халқының қуанышы еселеніп, биыл да ауданның бірқатар мектебі күрделі жөнделсе деген тілегім бар. Білімге құйылған қаражат – ел болашағына салынған инвестиция. Ауылдастарымның атынан Камен, Зеленый, Янайкин мектептерінің күрделі жөнделуіне ықпал етуіңізді сұраймын.

Айым РЫСҚАЛИЕВА,

жастар ұйымының жетекшісі:

— Президентіміз Н. Ә. Назарбаев Жастар жылында жастардың жасампаздығы мен өзін-өзі дамытудың маңыздылығын атап, еліміздің барлық елді мекенін, қалалар мен ауылдарды көгалдандыруды көздейтін «Жасыл қала – жасыл ауыл» бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Біздің Макаров ауылдық округінде 200-ге жуық жас бар. Біздің аталмыш акцияға белсенді үлес қосқымыз келеді және барлық аудан тұрғынын сауапты істен шет қалмауға шақырамыз.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»