7.02.2019, 15:01
Қараулар: 15
Мәжіліс депутаттарымен жүздесті

Мәжіліс депутаттарымен жүздесті

Сырым ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Марат Бопазов аудан активімен кездесіп, Елбасының  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тақырыбындағы Үндеуін жүзеге асыру жайын талқылады. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев қатысты.

Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын қазақстандық жастар мен педагогтар зор қуанышпен қабылдады. Өйткені Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, биыл «Педагогтар мәртебесі туралы» заң қабылданатын болды.

Жастар жылына мемлекет емес, ең бірінші жастар дайын болуы керек. Елдің ертеңінде әрбір жастың үлесі бар. Сондықтан қазақстандық жастарға, біріншіден, білім, екіншіден, тәжірибе керек. Білім дегеннен шығады, адамға білімді болу жеткіліксіз. Себебі адамның адами қасиеті болмаса, құр білімнен пайда жоқ, – деді Жастар жылына қатысты пікірін білдірген Нұрлан Әбдіров.

Халық қалаулыларының айтуынша, наурыз айының аяғында «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасының мәтіні талқыланбақ. Депутаттар үкіметтің педагогтарға ұсынатын әлеуметтік пакетін түгендеп, мұғалімдердің еңбек етуден басқа да мәселелері үшін мемлекет тарапынан материалдық қолдау болуын басты назарға алмақшы.  Сонымен қатар жиында ауданда 2019 жылы жүзеге асыру жоспарланған және алдағы уақытта жүзеге асыру жөнінде тиісті ұсынысы даярланған жобаларды қолдау бағытында әңгіме өрбіді.

Жиналыста сырымдықтар бірқатар түйткілді мәселені ортаға салды. Сырым ауданының прокуроры Қанабіл Төремұратовтың жеке мал иелеріне өз малын бағуды заңмен міндеттеу жайында ұсынысын білдірді. Оның пікірінше, мал ұрлығының жиілеуі, көліктердің малға соқтығысу оқиғаларының бәрі тұрғындардың өз малын қараусыз қалдыратындығынан орын алып отыр. Аудандық мәслихаттың депутаты, «Атамұра» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Тасқалиев Бұлдырты ауылынан спорт кешенін салуға қолдау көрсетуді сұрады.

Мәжілісмендер іссапар аясында «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының ғимаратында аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі Мәжілістің заңнама және сот-құқықтың реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровке заң төңірегіндегі дау-дамайларды шешуге көмектесуін сұрады. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, әрбір тұрғынның мәселесі Парламент қабырғасына жеткізіліп, тиісті басшының не министрдің алдына қойылмақ.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.