4.02.2019, 21:22
Қараулар: 16
Жәнібекте жаңадан жолдар салынбақ

Жәнібекте жаңадан жолдар салынбақ

Жәнібек  ауданының әкімі  Азамат Сафималиевтің аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есеп  беру  кездесуіне келген облыс  әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев  алдымен  аудан орталығынан  үш шақырым қашықтықтағы «Әлем» шаруа  қожалығында  болып, қыстақтың  өту  барысына  қанықты.

Облыстан келген басшы-қосшылар өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып, пайдалануға берілген 80 тұрғын үй орналасқан екі көшеден өтіп, жаңа қоныстың жай-күйімен сырттай танысып шықты. Бұдан соң Жәнібектегі шекаралық өткізу бекетіне келіп, ондағы шекара басшылығынан мал, тауар өткізу жайын сұрап  білді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған топ аудандық ардагерлер үйіне де бас сұғып, шежіре қылып жинақталған ауданның тарихымен, Ұлы Отан соғысы жылдарында жәнібектіктердің бастан кешкен қилы тағдырымен, ауданнан шыққан атақты адамдардың өмірдеректерімен жақынырақ танысты. Аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі мектептен тыс жұмыстар орталығы жетекшілерінің көрмесін тамашалап, жетекшілердің оқушылармен бірлесіп жасаған қолөнер  бұйымдарын  көрді.

– Биыл аудан орталығындағы көше жолдарын жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасын табады деп күтілуде, – деді аудан әкімі өз баяндамасында. – Өткен жылы Жәнібек – Талов – Сары өзен аутожолын 0-2 шақырым күрделі жөндеу мақсатында  жобалық-сметалық құжаты өткен жылдың бірінші тоқсанында кешенді мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда аудан орталығындағы М. Мәметова – Х. Халиуллин – М. Өтемісов – А. Иманов көшелерінің арасы жалғанып, сол арқылы республикалық маңызы бар Жәнібек – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі күре жолға қосылатын болады. Аудан тұрғындарының саны өсуіне байланысты және олардың қауіпсіздігі үшін Д. Нұрпейісова атындағы көшедегі үш пәтерлі 8 тұрғын үйдің жанынан тротуар құрылысы, Жәнібек ауылының солтүстік бөлігіндегі 9 жаңа көшеге жаяу жүргіншілер жолының құрылысы және Д. Нұрпейісова атындағы көшедегі екі пәтерлі 20 тұрғын үйдің жанындағы тротуар құрылысының жобалары бойынша құжаттар жасақталып, кешенді мемлекеттік сараптаудан өткізілді. Сондай-ақ Жәнібек ауылының солтүстік бөлігіндегі 9 жаңа көше жолының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалып, биыл кешенді мемлекеттік сараптамадан  өткізу  жоспарлануда.

Аудан әкімінің баяндамасында айтылғанындай, Тегісшіл ауылына ауыз су құбырының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, мердігері анықталған. Талов ауылдық округіндегі Майтүбек және Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты Еңбекші елді мекенін ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы жасақтау қолға алынған. Аудан орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылыс нысанының жобалық-сметалық құ-жаттамасы жасақталып, биыл құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланып, «ҚПО б. в.» компаниясына конкурс өткізу үшін жолданған. Аудан орталығындағы А. Иманов атындағы көшедегі орталық базар маңына тынымбақ салу көзделуде. Сондай-ақ А. Оразбаева атындағы мектепке спортзал  салуға жобалық-сметалық  құжаттама жасақталып, Өнеге бастауыш мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Тегісшіл елді мекеніне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 50 орындық балабақша салынады.

Ауданда жол қозғалысы ережелерінің сақталуы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында 4 бейнекамера және жол қиылыстарына бағдаршамдар орнатылмақ. Сол сияқты биыл маусымда ауданның 7 ауылдық округіне талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Жәнібек ауылының  шығыс бетінде екі қабатты 12 пәтерлі 2 үйдің құрылысы басталмақ. Бұдан басқа да алда атқарылар жұмыстар бар.

Есепті баяндамадан соң жарыссөзге қатысқан аудандық мәслихат депутаты Мейіржан Хаби биыл аудан аумағында қардың мол мөлшерде түскенін, өңір басшысының қолдауымен облыс орталығындағы мекемелерден техникалар бөлініп, жолдардың тазаланып жатқанын тілге тиек етті.

– Жақсыбай ауылынан сайланған депутат ретінде  тұрғындардың тілегіне сай облыс басшылығынан аталған ауылға «К-700» тракторын сатып алуға және осы ауылдағы М. Ықсанов атындағы орта мектептің және фельдшерлік-акушерлік пункттің  күрделі жөндеуіне қаржы бөлуді сұраймын, – деді ол.

– Аудан аумағындағы каналдардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Табиғи су көзі жоқтың қасы. Көршілес Ресейден алынатын судың мөлшері жылдан-жылға кеміп барады. Мәселен, бұрын Еділ өзенінен 30 млн. текше метр су алынса, бүгінде 25 млн. текше метр ғана су алынады. Мұның өзі, негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын біздің аудан тұрғындары үшін басты мәселенің бірі болып тұр. Сізге, құрметті Ғали Нәжімеденұлы, каналдарды тазалап, жөндеуге, сондай-ақ Ресейден Еділ өзені арқылы каналдарға келетін суға қаржы бөлу қолға алынса деген тұрғындардың тілегін жеткіземін, –  деді Жәнібек ауылының тұрғыны, зейнеткер Нұрман Түменов өз сөзінде. Жиында бұдан басқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев, зейнеткер Меңсұлу Жұмақұлова сөз сөйлеп, аудан әкімінің жыл ішіндегі атқарған жұмысына қанағаттанарлық  деген  баға  берді.

Кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев мақсаты айқын мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырса, істің алға басатынына тоқталды. Ол мінбеден сөйлеген ел-жұрттың тілегін қаперге алатынын, шындап ынта-ықылас танытса,  шешілмейтін мәселе болмайтынын алға тартты.

– Әлеуметтік нысандар құрылысын салуды ықтияттап жоспарлап, жобалық-сметалық құжаттамасын уақытында әзірлейтін болса, құрылысты пайдалануға беру межеленген мезгілінде аяқталары сөзсіз. Сіздің ауданда жыл ішінде біраз шаруаның тындырылғанын көріп, біліп отырмыз. Шешімін күткен істердің бар екенін сөйлеушілер айтып өтті. Көптеген ауданда интернет байланысы тиісті деңгейде емес, ал аудан орталығынан шалғай елді мекендерде байланыс  тіптен нашар. Бұл мәселені қолға алатын боламыз. Сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлер жергілікті әкімдіктермен қоян-қолтық жұмыс істеп, жергілікті  ортақ мәселелердің  оңтайлы  шешілуіне  оң  қабақ  танытып, қолұшын созса  деген өтініш бар. Аудандағы жаңа, жақсы бастамаларды қолдауға әзірміз. Ел игілігі жолында баршаңызды  бірлесіп жұмыс  істеуге шақырамын, – деді ол.

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ,

Жәнібек   ауданы