4.02.2019, 21:17
Қараулар: 1262
Шалқардың экологиялық ахуалы қайтсе жақсарады?

Шалқардың экологиялық ахуалы қайтсе жақсарады?

Өңіріміздің мақтанышына айналған Шалқар көлінің экологиясы соңғы жылдар бедерінде табиғат жанашырларының айрықша алаңдаушылығын туғызуда. Көл суының тайыздауынан оның тұздылығы мен температурасының артуы, балдыр қаптап, балықтың азаюы, тіпті жаздың кейбір мезгілдерінде айналаға жағымсыз иіс таратып, борсуы – шынымен де, дабыл қағарлық жағдай.

Зейнеткер Жетіс Дәрібаев еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Батыс Қазақстан мемлекеттік су шаруашылығы құрылыстарын жобалау институтында жетекші топырақтанушы қызметін атқарған. Мамандығы – агроном. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Шалқар экологиясы туралы мәселе қаншама рет көтеріліп, әр түрлі ұсыныстар айтылғанымен, көлді құтқару мақсатында әлі күнге дейін шаруашылық бағытындағы нақты тұжырымдама жасалмаған. Осы орайда ол «Орал өңірі» газетінің редакциясына арнайы келіп, аталмыш мәселеге қатысты өзінің сала маманы ретіндегі тәжірибелерімен және тың ой-пікірлерімен бөлісті. Ардагердің әңгімесі оқырманға ой салар, бәлкім, бұл мәселеге қатысты жергілікті билік, сондай-ақ табиғатты қорғау мекемелері өкілдерінің де айтарлары бар шығар. Осы себепті Жетіс Керейұлының адамзаттың ортақ үйі – табиғаттың, келер ұрпақтың қамын ойлап айтқан әңгімесін қаз-қалпында қағазға түсіріп, оқырманға ұсынғанды жөн  санадық.

– 1974 жылы Жайық өзенінің суын Шалқар көліне апаратын канал салынды. Канал Шалқар маңындағы Бозой деген ойпаң жердің іргесімен өтті. Бүгінгі таңда осы маңдағы ауылдың атауы Бозай деп жазылып жүр. Дұрысында Бозой болуы керек. Бұл жердің өсімдіктері топырақ астындағы бор қабатының әсерінен бозғылт түсті болып келеді. Бұрын Бозойға жиналған қардың суы Ащысай деген сай арқылы ағып кететін. Канал Ащысайдың Бозоймен қосылар тұсы арқылы өтті де, судың жолы бөгеліп қалды. Нәтижесінде Бозойға жиналған су Ащысай арқылы ақпай, сол ойпаңға сіңе беретін болды. Сіңген су ойпаңның астындағы бор қабатын шайып кете берді. Шайып кетті дейтін себебіміз – судың жер астымен ағатын жолдары болады. Бұрын Жайықтың деңгейі жоғары болғанда оны жерасты арқылы ағып барып, толықтыратын сулар қозғалыссыз бір қалыпта тұратын. Жайықтың суы азайып, деңгейі құлаған кезде жерасты сулары Жайыққа бағыт алып, қозғала бастайды. Міне, осы кезде қар суы сіңіп, ерітінді күйінде тұрған бор қабаты ағып кетіп, жерасты үңгірі пайда болады. Ғылымда мұндай үңгірлерді карстық үңгірлер деп атайды. 2009 жылы Сырым ауданындағы Кеңащы елді мекенінің қасынан табылған үңгір де карстық үңгірге жатады. Егер Ащысайдан канал өтпей, ойпаңға жиналған су табиғи арнасымен ағып тұрар болса, жаңағы үңгірдің пайда болу үрдісі миллиондаған жылдарға созылуы да мүмкін. Бозойда диаметрі 2, 3 метрдей болатын воронка тәрізді дөңгелек, табиғи шұңқыр өте көп. Еріген қар суы осы шұңқырлар арқылы бор қабатына қарай кідіріссіз, жедел сіңеді. Осылайша Бозойдың астында пайда болған үңгірдің аумағы кеңи келе, Шалқар көлінің астындағы бор қабаты да едәуір көлемдегі ерітіндіге айналып ағып кете берді. Сөйтіп, көл астында пайда болған үңгірдің бір тұсы миллиондаған тонна судың салмағына шыдамай, опы-рылып түсті. Нәтижесінде 2008 жылы Шалқар маңындағы Рыбцех ауылында жер сілкініп, үйлердің қабырғаларына сызат түсті. Мұны арнайы құрылған комиссия Қарашығанақ кен орнымен байланысты техногендік жер сілкінісі деп анықтады. Негізінде, бұл шамамен 20 млн. тонна көлдің суы 50-70 метр биіктіктен құлаған кездегі зор гидравликалық соққының әсерінен болған дүмпу еді. Осының салдарынан Шалқардың суы  едәуір  тайыздап  қалды.

Соңғы кезде Шалқардың экологиялық ахуалы айтарлықтай күрделенді. Көлдің суы тайыздап, температурасы артып, жаз айларының кейбір кезеңдерінде ерекше борситыны байқалып жүр.

Бұл мәселені асқазан-ішек жұмысының бұзылуына қатысты қолданылатын микрозимдер кешені арқылы шешуге болады деген бастамалар көтеріліп жүр. Микрозимдер кешенін сатып алып, көл суына араластырмақ. Сонда бес жылдан кейін су толықтай тазарады-мыс. Бұл мүлде олай емес. Экологиялық мәселені экологиялық тұрғыдан ғана шешу керек. Әрине, микрозимдер кешені дамыған Еуропа елдерде қолданылады. Алайда оны қалалардың қалдық суын тазарту мақсатында  пайдаланады.

Әуел баста Жайықтың суын Шалқарға апарамыз деп канал салудың өзі өрескел қателік дер едім. Табиғатта кез келген өзен-көлдің өзінің табиғи бастауы, көзі болады. Көл суының азаюы оның табиғи көздерінің сарқылуымен тікелей байланысты болып келеді. Суы сарқылған табиғи арналарды қалайша қалпына келтіруге болады? Мәселеге осы тұрғыдан келу керек. Яғни Шалқарға құятын Аңқаты өзендерінің көзін ашу қажет. Ал жасанды жолмен қосылған су тұзды судың бетімен қалқып жайылады да, ұзақ уақытқа дейін араласпай тұрып алады. Табиғи арнасымен келіп қосылатын көктемгі тасқын су көлді 15-20 шақырымға  дейін жарып келіп араласады. Мұндай тасқын судың құрамында суасты тіршілік иелеріне қажетті көптеген пайдалы химиялық элемент болады. Көлді осындай тасқын су ғана тазалай алады. 1994 жылы Шалқардың деңгейі көтерілген. Өйткені тасқын су Шолақ Аңқатыдағы бөгетті шайып кеткен болатын. Қазіргі таңда бұл бөгетті қайтадан жаңғыртып қойды. Ал табиғат Аңқатының суын Шалқарға ағызған еді. Көлге құятын суды жолынан бөгеп, Шалқарды құтқарамыз деудің өзі ақылға сыйымсыз. Арналардың суын молайту үшін оның жиектеріне бұталы өсімдіктер, талшілік отырғызу қажет. Бұл қар тоқтатуға септігін тигізеді. Мұндай жерге түскен қар тегіс жердегімен салыстырғанда 4-5 күндей баяу ериді. Сонда көктемгі тасқын өз алдына, одан кейін де біраз уақытқа дейін көлге мол көлемде су құйылады. Шілікті өсімдіктердің жемісі болғандықтан, оған құстар қонады. Сөйтіп, өзенге құстың саңғырығы, жапырақ, сондай-ақ жан-жануарлардың жа-пасы араласып түседі. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, судағы тіршілік иелеріне қажетті тыңайтқыш секілді. Мысалы, моллюскілердің сауыты кремнийден тұра-ды. Ал суда кремний элементі жануарлардың жапасы мен өсімдіктердің түсуінен пайда болады.

Бір сөзбен айтқанда, мұндай кешенді жұмыстар судағы балықтар мен өзге де тіршілік иелеріне қажетті биогенді элементтерді молайтады. Табиғатта бәрі бір-бірімен байланысты.

Шалқар суының тайыздауынан оның тұздылығы артып келеді.

Бұл балықтардың қырылуына әкеледі. Судағы тұздың мөлшері қалыпты жағдайдан артып кеткенде балықтың тіршілік ете алмайтыны түсінікті. Оның үстіне өзге өсімдіктер табиғатқа оттегі бөлетін болса, судың тасымауынан (борсуынан) пайда болған көкжасыл түсті өсімдіктер оттегімен демалады. Сөйтіп олар паразиттер секілді, судағы оттегі қорын азайтады. Яғни облысымыздағы өзенкөлдердегі балықтардың қырылуының түпкі себебі – судың тасымауынан. Аңқатының салалары Шалқарға тасып келіп құймайынша, ондағы балықтардың өлуі жалғаса береді, Шалқардың экологиялық ахуалы жақсармайды. Шалқарды қалпына келтіру үшін арнайы есептеу бойынша жыл сайын 500 млн. текше метр су қажет екен.

Оның 300 млн. текше метрі буланып ұшып кетеді. Көлге жауын-шашынмен небары 64 млн. текше метр шамасында су келеді. Бұл Аңқаты бойына салынған бөгеттердің бәрін бұзып, судың табиғи көздерін ашу керек деген сөз, – дейді Жетіс  Дәрібаев.

Ал сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

Нұртас САФУЛЛИН,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар