4.02.2019, 20:58
Қараулар: 816
Өңештен өткенімен, өмірге қауіп!..

Өңештен өткенімен, өмірге қауіп!..

Сапасыз  аста  ажалдың  «дәмі»  бар.  Асыра  сілтеп, артық  айтқанымыз  емес. Бірақ  күнделікті  тұтынып жүрген кейбір  өнім  түрлерін  ауызға  салған  бойда тіл  тартпай  кетуіңіз  әбден  мүмкін. Неге бұлай айтып отыр дейсіз  ғой.  Мәселен, өткен  жылы Шымкент  шаһарында үш жастағы  бөбек ата-анасымен  бірге  асханадан  тамақтанып, астан  уланып  қайтыс  болғандығы,  60-тан  аса  адам  бір жерден  балмұздақ  жеп,  жаппай жансақтау бөліміне түскендігі желіде  желдей  ескен  еді. Мұндай  оқиғалар біздің  өңірде  де мүлдем  болмады  деп  айта  алмаймыз. Аузына  салған  астан ажал  құшпаса  да,  аурухана  төсегіне  таңылғандар аз емес.

 

Кәмпиттен  шыққан  құрт

 

Қазір кәсіпкерлерді мемлекет барынша қолдап, қолпаштап, қорғап, оларға кең өріс беріп, кедергісіз кеңістік сыйлап отыр.

Сондықтан кәсіп иелері ашқан асхана-кафелердегі тамақтарды, дүкендердегі өнімдерді жөн-жосықсыз тексеруге жол жоқ. Өйткені заң тексеріске тежеу болып тұр. Тексеріс болмағасын кей кәсіпкерлер іріп-шіріген, қала берді, құрттаған өнімдерін тұтынушыларға сатуда. Былтырғы жылдың соңында Зашаған кентіндегі «Азиза» сауда үйінен «Атауова» жеке кәсіпкерлігі өндіретін «konofeto» деп аталатын кәмпиттің ішінен құрт шыққанын бір тұтынушы әйел видеоға түсіріп, желіге жүктеген еді. Әлгі кәмпиттің ішінде құжынап жүрген құрттарды көргенде төбе шашың тік тұрып, жеп отырған асыңды жерге тастай салғың келеді.

Өткен жылдың тамыз айында 2004-2008 жылы туған жасөспірімдер Орал қаласындағы мәдениет және демалыс саябағындағы «Бургер Стрит» деп аталатын дүңгіршектен донер жеп, ауруханадан бір-ақ шыққан.

– «Азиза» сауда үйіндегі кәмпиттердің бірінен құрт шыққанын әлеуметтік желіден көргеннен кейін біз сол кәмпитті алған тұтынушы әйелдің ұялы телефонын тауып, хабарласып, бізге келіп арыз жазуын сұрадық. Бірақ ол әйел келмеді. Енді әлгіндей сұмдықты көріп отырғаннан кейін қол қусырып отыра алмаймыз ғой. Тұтынушы әйел түсірген видеоны прокуратураға көрсетіп, аталмыш сауда үйін тексеруге рұқсат алдық. Үш күннен кейін тексеруге барсақ, құрт шыққан кәмпиттерді сөрелерден алып тастаған. Қолымызда дәлел болғаннан кейін сол кәмпитті шығарған «Атауова» жеке кәсіпкерлігіне 48 мың теңге айыппұл салдық. Ал енді мәдениет және демалыс саябағынан донер жеп, уланып қалған жасөспірімдерге қатысты оқиғаны айтар болсам, біз дүңгіршекті тексеру барысында оның санитарлық талаптарға сай емес екенін анықтап, айыппұл салдық. Прокуратураның шешімімен ол дүңгіршек уақытша жабылды. Бұлардан бөлек, өткен жылы астан уланғандығы жөнінде жұқпалы аурулар ауруханасынан алты шұғыл хабарлама, тұтынушылардан үш арыз-шағым түсті, – дейді Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәдениет Танауов.

 

Немқұрайлылық  танытпаңыз

 

Тұтынушыларға тұрып қалған немесе мерзімі өтіп кеткен өнімдерді  сататын кәсіп егесін жазалау да қазір оңай шаруа емес. Ол үшін сіздің денсаулығыңызға нақты қауіп төнуі керек екен. Онда да сіздің қандай да бір дүкеннен өнім сатып алғаныңызды немесе қай жерден тамақтанғаныңызды дәлелдейтін қолыңызда бейнематериал немесе чек болуы қажет.

Деркөл шағынауданының тұрғыны Асылан Серғазиев есімді азамат үйінің қасындағы «Дина» дүкенінен шұжық аламын деп ақшасының зая кеткенін айтады.

– Осыдан екі-үш ай бұрын кеште жұмыстан келе жатып, дүкенге соғып, шұжық алдым. Содан үйге барғасын жейін деп ашсам, ішінен жіп шықты. Әлгі жіпті алып тастайын деп тартқанымда үзіліп қалып, жартысы ішінде қалып қойды. Сосын шұжықтың қақ ортасынан кесе бастап едім, жіппен қоса қап-қатты бірнәрсе шықты. Жеуге болмайтынын бірден түсініп, қоқысқа тастай салдым. Дүкенге барып, жаңағы шұжықты көрсетіп, ақшамды қайтарып берулерін талап етіп, сосын қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына барып арыз түсіргім келген, бірақ немқұрайлылық танытып, бармадым, – дейді Асылан.

 

4 өнімді  тексерту – 50 мың теңге!

 

Асылан сияқты арыз жазуды құп көрмейтін, өзінің сатып алатын өнімінің сапасына, құрамына аса қатты мән бермейтін тұтынушылар жетіп артылады.

«Жазым болса, быламыққа тіс сынар» деп отыра бермей, сапасыз тамаққа тап келсеңіз, уақытыңызды бөліп, бұған жауапты мекемеге бас сұғып, шағымданғаныңыз абзал. Әйтпесе, сапаны ұмытқан кәсіпкерлер жазадан сытылып кете беретіні ақиқат. Дүкен мен кафелердегі тамақтардың қаншалықты сапалы екеніне көз жеткізу үшін біз санитар мамандармен бірге «Школьник» аялдамасындағы «День и ночь» дүкенінен «Жайық Агро LTD» өндіретін шұжық пен «Иманова» жеке кәсіпкерлігі шығаратын тұшпараны, сондай-ақ «Жайық Пресс» медиахолдингі ғимаратының іргесінен орын тепкен,  яғни Мұхит көшесі, 66-мекенжайындағы «Старая пристань» кафесінен палау, Мұхит 61/1 мекенжайындағы «Tisoff» кафесінен бәліш сатып алып, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО филиалы зертханасына бардық. Нәтижесінде «Старая пристань» кафесінен алған палаудан ішек таяқшалары бактериялар тобы бары анықталды. Бұл кафені тексеруден өткізу жөнінде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына арызымызды жазып қалдырдық.

Осы тұста айта кетер бір жайт бар. Өнімдерді зертханадан өткізудің өзі қиямет-қайым қазір. Өйткені кез келген тұтынушы дүкеннен өнім сатып алып, бірден  тексерістен өткізе алмайды. Олай баратын болсаңыз, зертхана қызметкерлері өнімді қабылдамайды. Егер сіз жиі тұтынып жүрген өнімнің сапасын, құрамын білгіңіз келсе, алдымен зертханаға барып арыз жазасыз.

Сосын зертхана басшылығы қасыңызға мамандарын бірге қосып жібереді. Өзіңіз сатып алған өнімді өздерінің арнайы ыдыстарына салып, тексеріске алып барады.

Бұл – бір. Екіншіден, зертхана «Әншейіннің атасы өлген» деген ұстаныммен жұмыс істейді. Яғни әр өнімге пәленбай мың теңге ақша сұрайды. Біз алып барған төрт өнімді тексерту үшін өз қалтамыздан 50 мың теңге және өнім мен тамақтарды сатып алу үшін тағы екі мың теңге жұмсауға тура келді. Яғни 52 мың теңгенің «басына су құйып» жібердік. Мұндай шығын шығарар болса, тұтынушылар зертхананың табалдырығын аттар ма екен, өзіңіз ойлай беріңіз енді?..

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде өлім-жітімнің 60 пайызы зиянды тағам тұтынғаннан болады екен. Ұйымның жасаған рейтингісінде Қазақстан ондыққа кірген. Яғни ел тұрғындарын 100 мыңға шаққанда 106 адамның ажалы астан келеді екен.

– Қандай да бір тұтынушы сапасыз немесе мерзімі өтіп кеткен өнімге тап келсе, алған жеріне барып, ақшасын қайтарып берулерін талап етуге және қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне шағымдануға толық құқы бар. Біз алдымызға көмек сұрап келген тұтынушыларға не істеу керектігін, қайда бару қажеттігі жө-нінде жолын көрсетіп береміз. 2018 жылы 353 адам қоңырау шалып, 160 адам аяқтай келіп, бізден көмек сұрады, – дейді БҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Эльмира Қиматова.

 

Чек  талап  етіңіз

 

Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың айтуынша, кез келген тұтынушы қандай да бір асхана-кафелерден тамақтанса немесе дүкендерден өнім сатып алса да, міндетті түрде чек сұрауы қажет.  «Егер сатып алған өнімі сапасына сай болмай шықса, өніммен бірге чекті алып, бізге шағымданса болады. Бірақ көп тұтынушы чек сұрамайды қазір. Мәселен, сапасыз немесе мерзімі өтіп кеткен өнім сатып алып, бірақ қай жерден алғанын дәлелдейтін қолында чек болмаса, не істеу керек деген сұрақ туындауы мүмкін. Ондай жағдайда дереу видеоға түсіріп, бізге алып келуі керек. Нақты факті болған жағдайда ғана кәсіпкерлерге шара қолдана аламыз. Мысалы, жақында бізге бір жігіт келіп: «Еуразия көшесінің бойындағы бір дүңгіршектен досым екеуміз донер жеп едік, менің ішім ауырды, жолдас баламның тісі сынды», – деп шағымданды. «Донер сатып алғанда чек сұрадыңдар ма? «Жедел жәрдем» шақырдыңдар ма?» деп сұрасам, «Жоқ» деп жауап берді. Яғни қолында сол жерден донер сатып алғандарын дәлелдейтін ешқандай «құжат» жоқ. Ал дәлел болмаса, тексеріс жүргізе алмаймыз. Өйткені оған заң рұқсат етпейді. Жалпы, біз ай сайын дүкен, кафе-мейрамханалардағы тамақтарды тексеруден өткізіп тұрамыз. Егер тексеріс барысында өнімнің сапасыз екендігі анықталса, кәсіпкерге айыппұл салынады. Өткен жылы «Жайық Агро LTD» шығаратын «Мусульманская» шұжығы мен «Колесников» жеке кәсіпкерлігінің сиырдың тартылған етінен (фарш) шошқаның ДНҚ-сы табылды. Сонымен қатар «Кублей» ЖШС-ның, «Элис» мейрамханасының, «Вассавый» кафесінің, «Суровский», «Западный» сауда үйлерінің, «Лидер», «Дина» дүкендерінің, «Алтындар» шағын маркетіндегі тамақ өнімдерінен және «Иманова» жеке кәсіпкерлігінің өнімдері микробиологиялық көрсеткіш бойынша нормаға сәйкес емес екендігі анықталды. Тексеріс кезінде шыққан олқылықты жою үшін кәсіпкерге уақыт беріледі. Кейін біздің мамандар барып, кемшіліктің жойылған-жойылмағандығын тексереді. Егер жойылмаса, материал сотқа кетеді. Жалпы, асхана-кафе және мейрамханаларды тексеретін болсақ, кәсіпкерге бірнеше күн бұрын ескерту қағазын жібереміз».

Егесіне ескертіп алып, жалаулатып жетем дегенше, кәсіпкер барлығын жылан жалағандай қып қоятыны белгілі ғой. Қарапайым тұтынушыларды қапалы еткен кәсіпкерлердің ісі сапалы болуы үшін алдымен заңның талабы күшеюі тиіс. Сонда ғана сапасыз тамақтарға тосқауыл қойылар ма еді?..

 

Сапасыз  тағам, сандалған   адам…

Бет  қатталып  жатқанда  бізге Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкері хабарласып, «Старая пристань» кафесіне тексеріс жүргізу жөнінде жазған арызыңызға жауап дайын, келіп алып кетіңіз», – деді. Құстай ұшып жетіп бардық. Қолымызға ұстатқан тілімдей қағазда былай деп жазылған: «Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ ҚР Кәсіпкер лік кодексінің 144-бабы 3-тармағына сәйкес, бақылау және қадағалау субъектілерін жоспардан тыс тексеруге құқықтары бұзылған  жеке және заңды тұлғалардың (тұтынушылардың) өтініштерін және мемлекеттік органдардың өтініштерін қоспағанда, адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған орта мен  жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені туралы нақты фактілер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері жататындықтан, «Старая пристань» кафесіне жоспардан тыс тексеріс жүргізу мүмкін еместігін хабарлайды. Сонымен қатар 16.01.19 ж. №3/7 тағам үлгілерін зерттеу хаттамасында өнім (плов) алынған нысанның толық мәліметтері (атауы мен мекенжайы) көрсетілмеген. Басқармамен ҚР ДСМ ҚДСК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалына өнім (плов) алынған нысанның толық мәліметтерін анықтау мақсатында хат жіберілді. 28.01.19 ж. №217 «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының хатына сәйкес, нысанның толық мәліметтері (мекенжайы мен атауы) көрсетілмеді. Жоғарыда көрсетілген бойынша нысанға жоспардан тыс тексеріс жүргізу мүмкін емес» делінген.

Тамақтың ішінен халықтың денсаулығына зиянды нәрсе табылып, 100 пайыз нақты фактімен дәлелденіп тұрса да, берген бұл жауаптары ақылға томпақтау келгесін, біз түсірген арызбен жұмыстанған Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары Гүлдана Бахитова мен Әсел Ғұбайдуллиевамен сөйлестік. «Ұлттық сараптама орталығының сізге берген хаттамасында кафенің мекенжайы көрсетілмегендіктен, тексеріс аша алмаймыз. Біз «Ұлттық сараптама орталығына» тамақты қай жерден алынғандығын, кафенің атын хаттамада көрсету керектігі жөнінде ресми хат жібердік. Бірақ олар берген жауапта кафенің мекенжайы көрсетілмеді. Біз тексерістен қашып тұрған жоқпыз. «Ұлттық сараптама орталығы» сізге хаттаманы дұрыс жазып бермеген. Олар хаттамада тамақтың қайдан алынғандығы жөнінде нақты  көрсетулері тиіс», – деді Гүлдана Бахитова мен Әсел Ғұбайдуллиева.

Қалтамыздан пәленбай мың теңге ақшаны қағып алып, хаттаманы неліктен дұрыс жазып бермегендерін білу үшін «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО филиалының директоры Рахима Алхамқызының алдына бардық. Алайда басшы «Менің қазір уақытым аз» деп, бізді тіпті тыңдағысы да келмегеніне қарамастан, сұрағымызға жауап беруін талап етіп, тұрып алдық. Содан кейін  ғана «Не, қандай сұрақтарыңыз бар?» деп тіл қатты. «Хаттамаға кафенің мекенжайын көрсетуге міндетті емеспіз. Көрсету үшін біз оған шығуымыз керек. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы маған «Кафенің мекенжайын көрсетіңіз» деп бұйыра алмайды», – деді Рахима Алхамқызы.

«Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» демекші, бір-біріне сілтеп, адамды допша домалататын жауапты адамдардың «жауапсыздығына» шыдай алмай,  Рахима Алхамқызына бізбен бірге Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына баруын сұрадық. «Бұл кісіні маған неге жібердіңіздер, арыз жазғанда өзі кафенің мекенжайын, атауын көрсетпей ме?»  – деді бара салысымен Рахима Алхамқызы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма-сының мамандарына. «Бұл кісі арызында кафенің мекенжайын көрсетті, бірақ тамақ сіздердің зертханаларыңыздан өткеннен кейін, сіздер хаттамаға кафенің мекенжайын, атауын көрсетулеріңіз керек. Хаттамада көрсетілмесе, прокуратура кафені тексеруге рұқсат бермейді», – деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Роза Хасенова.

Жарты сағаттан астам уақытта бір-біріне «Сіздер хаттамада кафенің мекенжайын көрсетулеріңіз қажет», «Біз хаттамаға кафенің мекенжайын көрсетуге міндетті емеспіз» деген әңгімелер қайталанып, әбден мезі қылған соң, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО филиалының басшысына біз бұл мәселені жайдан-жай қалдырмайтынымызды, прокуратураға шағымданып, қажет болса, тіпті Астанадағы басшыларының алдына дейін алып баратынымызды ескерттік.

Ертесіне БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрмановқа мәселенің шешілу жолы бар-жоғын білмек болып барғанымызда, ол кісі: «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО филиалының басшысы Рахима Алхамқызы және қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Роза Хасеновамен осы мәселені талқылап отыр екен.

– Кез келген тұтынушы қандай да бір өнімнің, тамақтың сапасын білгісі келсе, зертханаға пәленбай мың ақша төлейді. Зертхана тамақтың ішінде адамның денсаулығына зиянды нәрсе бар екенін анықтап береді екен. Бірақ қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Хаттамада кафенің мекенжайы көрсетілмегесін тексере алмаймыз» дейді. Ал Рахима Алхамқызы «Хаттамада көрсетуге міндетті емеспіз» дейді. Сонда тұтынушының құқығы қайда қалды өзі? Тұтынушылардың орнына өздеріңізді қойып көріңіздерші деген сұрағымызды сол жерде отырған басшыларға төтесінен қойдық.

– Кеше сіздердің араларыңызда болған түсінбеушіліктен кейін Рахима Алхамқызы маған келіп, мәселені айтты. Біз бұл мәселенің шешілу жолын қарастырып, хаттамаға осындай мекенжайда орналасқан кафенің тамағын жеке тұлға сіздің аты-жөніңізді жазып, осы кісіден алдық деп жазатын болып келісіп отырмыз, – деді  Жайдар Құрманов. Ал оның сөзіне қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Роза Хасенова: «Хаттамаға солай жазған күннің өзінде прокуратура тексеруге рұқсат бермейді. Бізге пәленше адамнан алдық деп емес, кафенің нақты мекенжайы көрсетілуі тиіс», – деді.

 Алғашында Рахима Алхамқызы кешегі әңгімесін қайталағанмен, соңында кафенің атауын, мекенжайын хаттамаға жазып беретін болып келісті. Сол күні түстен кейін қайтадан жазылған хаттаманы алып, қайтадан арыз жазып, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына тапсырдық.

Журналистік зерттеу жүргізген біз осындай жағдайға тап болғанымызда, қарапайым тұтынушыларды сең соққан балықтай сенделтіп қоятындары айтпаса да түсінікті болды. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары «Старая пристань» кафесіне қандай шара қолданғандығын алдағы уақытта оқырман қауымға хабардар ететін боламыз.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар