4.02.2019, 20:51
Қараулар: 4
«Арайлықтар» тоқалдан туған ба?

«Арайлықтар» тоқалдан туған ба?

Ауылымыз  облыс  орталығынан  ат  шаптырым жерде  орналасқанымен, екі  араға  қатынауда тұрғындар  үшін  қиындық  тудыратын  мәселелер бар.

Өткен жылдың желтоқсан айында балабақша ашылып, тұрғындар бір қуанған еді. Енді балалардың сол бөбекжай мен мектепке қатынауына қиындық туындап отыр. Мәселен, үйіміз «Арай» шағынауданында  орналасқан. Ал осы шағынаудан мен мектептің арақашықтығы 2,5-3 шақырымға жуық. Осы аралықтағы жолмен қыста,  көктем мен күздің лайсаңында бала тұрмақ, ересек адам әзер жүреді. Биыл қар қалың  болып тұр. Бұған дейін біздің  жақтың қары тазаланбай, ұзақ жататын. Таяуда ауылымызға жаңа  әкім тағайындалып, ол қар тазалауды жүйелі жүргізіп жатқанына ризамыз. «Арайда» көше шамдары жанбайтынын да айта кеткен жөн. Шағынауданымызға қаладан келетін аутобусты айтпағанда, кейде таксилер де кірмейді. Сол себепті  қалаға бару үшін орталық көшеге  дейін бір шақырымдай жаяу жүруге тура келеді. Жалпы, ауыл тұрғындарының облыс орталығына қатынауында қиындықтар бар. Тұрғындардың көбі қалада жұмыс істейді.

Қала мен ауыл арасында аутобекеттен №57 маршрут қатынайды. Алайда таңертең сағат жетіде қалаға жұмысқа шығатындар үшін маршруттың жүру уақыты қолайлы болмағандықтан, көбісі жұмыстарына кешігеді. Қалаға таңертең ертемен жүретін такси таба алмай, қиналатын да сәттер болып тұрады. Тұрғындар кешкі мезгілде таксилерге  таласып-тармасып мінетіндіктен, балалы ата-аналарға бұл оңай емес. Өйткені маршруттың соңғы рейсі сағат 19.00-де жүретіндіктен, жұмыстан кеш шығатындар оған үлгермейді. Осы мәселелер назарға алынып, тұрғындардың жағдайы ескерілсе деймін.

Данагүл  ШАРАПИЕВА,

Достық  ауылы,

 Бәйтерек   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.