4.02.2019, 20:10
Қараулар: 321
Елбасы жолы жастарды жігерлендірді

Елбасы жолы жастарды жігерлендірді

«Елбасы жолы. Астана» фильміне елордамыздың қалыптасу тарихы  арқау болған. Яғни  оның өн бойында Елбасының 1994 жылы шілде айында ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қабылдаған маңызды шешіміне орай орын алған оқиғалар, қарбалас жұмыстар көрініс тапқан. Сарыарқаның төсінде  жаңа астана салу жөніндегі алдына қойған үлкен мақсатына жету жолындағы Мемлекет басшысының  ерекше ерік-жігері баяндалады.

Бұл картина – «Елбасы жолы» киноэпопеясының бір бөлігі. Сценарий авторлары Әділбек Жақсыбеков пен Тимур Жақсылықов болса, басты кейіпкерді актер Мұрат Ахманов сомдайды.

Режиссер Ақан Сатаевтың бұл  фильмін қаламыздағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының ақсақалдар мен аналар кеңестерінің мүшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен «Достық» клубының өкілдері тамашалаған болатын. Көрсетілім алдында сөз сөйлеген облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов Астананы салудағы Елбасының ерен еңбегін ерекше атап өтті. Сілтідей тынып тамашалаған көрермендер фильм аяқталған соң ойларын ортаға салып,  алған  әсерлерімен  бөлісті.

 

Ғайса  ҚАПАҚОВ,

БҚО  Қазақстан  халқы  ассамблеясы төрағасының  орынбасары, хатшылық  меңгерушісі:

– Бұл фильм жастардың өз «менін» қалыптастырады. Бүгінгі жастар Елбасының жолын жалғап, сол сияқты ізгі істің бастамашысы болсын деп тілейміз. Еліміздегі тұрақтылықты, қарыштап алға жылжу қарқынының себебі төгілген тердің, тоқтаусыз еңбектің арқасында екенін ұғынуымыз керек. Әрине, кемшілік жоқ емес. Шешілмеген мәселелер де бар. Алайда  Елбасы әрдайым дамудың  жаңа бағыттарына жетелеп келеді. Әлем әр күн сайын алға жылжып барады. Біздің міндетіміз – сол заман ағымынан қалып қоймау. Фильмді көріп отырып, жетістіктің негізгі кепілі еңбек ете  білу, алдыңа мақсат-міндеттер қою, жақсы өмір сүруге талпына білу, жақсы қасиеттер мен тәжірибені үйрену екенін ұғынамыз. Мен  бұл  фильмді  жастардың  жол  нұсқаушысы  деп  білемін.

 

Феликс  БАЮКАНСКИЙ,

БҚО  «Ламед»  еврей  этномәдени  бірлестігі төрағасының  орынбасары:

– Мен 1990-2000 жылдары мәдениет саласында қызметте болдым. Сондықтан да киноның шығармашылық жағы ерекше әсер етті.  Сценарийі тамаша, режиссурасы да керемет. Актерлардың да шеберлігі байқалады. Кәсіби тұрғыда түсірілген фильм. Шынымды айтсам, жаныңды баурап, рақат сезімге бөлейтін кинокартина. Елбасының жұмыс істеу шеберлігіне куә болдық. Ол тың идеяны ойлап тауып, көпшілікке ұсынады және жүзеге асырады. Осылайша аз уақыт ішінде заманауи жас қала пайда болды. Елімізде Мемлекет басшысының ұсынысымен жүзеге асқан бастама көп. Бәрі де болашаққа деген үлкен сенімнің арқасында жүзеге асып келеді.

 

Раниль  САГИТОВ,

«Жаңғыру  жолы»  жастар қозғалысының  мүшесі:

– Фильмнің негізгі идеясы – өз идеяңның күшіне сену. Елбасы өзінің идеясын жүзеге асыру арқылы  миллиондаған қазақстандықтың тағдырын өзгертті. Жастарды өз ойына, мұрат-мақсатына сенуге, жүзеге асыру жолында батыл болуға  үндейді. Білім мен күш-жігерді орынды салаға, дұрыс бағытқа жұмсауға шақырады. Мектептерде біздер белгілі бір айтулы оқиғалардың күндерін оқимыз. Мысалы, 1991 жылдың 16 желтоқсанын еліміздің Тәуелсіздік күні деп білеміз. Ал терең мағыналы ойларды осындай кинолардан ұғамыз. Фильмді тамашалай отырып, Астананы көшіріп, жаңа елорда салу жолында Елбасының қанша күш жұмсағанын көрдік. Жастар Елбасының еңбегін бағалай білуі керек.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар