4.02.2019, 20:08
Қараулар: 57
Ақ Жайық өңірінің 3D картасы бар

Ақ Жайық өңірінің 3D картасы бар

Енді кез келген адам облысымыздағы тарихи-мәдени  орындармен бір тетікті басу арқылы таныса алады. Ол  үшін Батыс Қазақстан облысы туризмінің интерактивті  3D картасын қарау қажет.

Жуырда «Атамекен» өңірлік палатасында болған  басқосуда аталған картаның таныстырылымы өткен еді.

Интерактивті 3D картамен www.vizit-uralsk.kz сайты арқылы танысуға болады. Онда жәдігерлер мен ғимараттар фотограмметрия технологиясын қолдану арқылы 3D модельденген және принтерленген. Аталған сайтқа кіріп, өзіңізге қажетті нысанды көрсеткен тетікті бассаңыз, сол жерді көз алдыңызға алақандағыдай етіп көрсетеді. Яғни бұл виртуалды турларда заманауи интерактивті технологиялар, VR, AR, MR сынды  құрылғылар  қолданылған.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимовтың айтуынша, бұл карта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстағы ішкі және танымдық туризмді дамыту мақсатында қолға алынған.

– Облыстық әкімдік тарапынан  көрсетілген қолдаудың арқасында  жаңа  жобаны баршаға паш етіп отырмыз. Бөкей ордасы, Сырым мен Шыңғырлау және өзге де аудандардағы сакралды орындарды виртуалды режімге аудардық. Болашақта қалған 35 шақты тарихы терең, құнды орынды цифрландырмақпыз. Бұл атқарылған істер өте күрделі. Себебі білімді де білікті мамандар тер төкті  және заманауи технологиялық құралдар қолданылды. Он бес жылдан астам уақыттан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан компаниямызда 15-ке жуық қызметкер бар. Виртуалды турдың бүгінде маңызы зор деп ойлаймын. Елбасының әр саланы  цифрландыру жөніндегі бағдарламасы бар. Әсіресе, бұл жаңашылдық туризм саласында кең қолданысқа еніп келеді. Жобаны әуежай, теміржол вокзалдарына орнату жоспарымызда бар. Туристер интерактивті карта арқылы облыстағы тарихи, мәдени немесе демалыс орындарымен алдын ала танысып,  уақытын да үнемдей алады. Виртуалды турдың 360 градустық шолуынан басқа, мәтіндік, дыбыстық және бейнематериалдарды скриптік бағдарламалар арқылы жазуды енгізуді қолға алдық. 3D модельді картаны 3D  көзәйнекпен де қарауға болады. Бұл жобамен бір жыл жұмыс істедік, – дейді Torus.kz компаниясының техникалық  директоры  Дәурен  Габуллаев.

Ясипа   РАХИМҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар