4.02.2019, 19:57
Қараулар: 13
Cырты сұрықсыз, іші үрейлі

Cырты сұрықсыз, іші үрейлі

Таяқтың екі ұшы болатыны секілді жарқын жетістіктерге жетіп жүрген өрендеріміздің жаттығатын жері, яғни аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратының қазіргі ахуалы жаңақалалықтарды  алаңдатуда.

«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақта. Ашығын айту керек, алда-жалда спорт мектебіне бара қалып, іші-сыртына жіті назар аударсаңыз, көп нәрсеге куә боласыз. «Көрген көзде жазық жоқ» демекші, көңіліңіздің құлазып, қынжылып қайтары анық.

Тесік төбені, ескіріп, әбден тозығы жеткен еденді, құлауға шақ тұрған «қартайған» қабырғаларды көргенде еріксіз жағаңызды ұстайсыз. Жаңбыр жауса, төбесінен су кететіні, қақаған аязда мектептің жылынбайтыны, едендерінің дымқыл тартып жатқаны да жалпыға жасырын жағдай емес. «Бұл ғимарат салынғаннан бері бір жөндеу көрген жоқ» дейді білетіндер. Алдағы уақытта да жөндеу көрмей, дәл осы қалпында тұра беретін болса, басқа емес, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін ғой. Тіпті кейбір ата-аналар осынау ғимаратта жаттығатын балаларын уайымдап, жазым бола ма деп те алаңдайды. Сондықтан бұл мәселеге бейқам қарауға болмайды. Ғимарат «қос қолын» көтеріп, қазір-ақ күрделі жөндеуден өтуге сұранып тұр. Бұл бойынша аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиеваға хабарласқанымызда, мектепті жөндеу жөніндегі құжаттар дайындалып жатқанын баяндап, алдағы уақытта дене шынықтыру және сауықтыру кешені (ФОК) салыну жоспарда  бар  екенін  жеткізді.

Иә, бұл күрмеулі мәселе жуық арада құзырлы құрылымдар тарапынан қолдау тауып, жоспарлы жұмыс жүзеге асса, спортпен шұғылданған жастарға жағдай жасалса деген арман-тілегіміздің бар екенін де жасырмаймыз.  Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  атты дәстүрлі Жолдауында «Дене шынықтыру және спорт мемлекеттің қамқорлығында болуы қажет. Саламатты өмір салты халықтың денсаулығының кілті болуы керек» деп  атап көрсетті. Шын мәнінде, спорт адам бойына мықтылық, жолдастық, отаншылдық сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Спортты сүйген адам өзінің елін, көк байрағын да сүйіп өсетіні шүбәсіз. Сондықтан да жетімнің жанарындай жәудіреген, сырты сұрықсыз, іші үрейлі ғимаратқа жіті көңіл бөлініп, жаңғырып, жаңарып, іні-қарындастарымызға алаңсыз спортпен шұғылданатын күн туғанын  қалаймыз.

Біз бұл мәселені көтергенде тырнақ астынан кір іздемедік. Әрине, аудан басшылығы тара-пынан бұқаралық спортты дамытуға, спортшыларға қамқорлық пен қолдау қажетті жағдайда жасалып келе жатқандығын байқап та, көріп те жүрміз. Бір мысал, күні кеше ғана спорт мектебіне су жаңа аутокөлік берілгенде ел болып қуанған едік. Міне, осындай думанды күн қайталанып, араға ұзақ уақыт салмай, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мек-тебі күрделі жөндеуден өтсе, ел үшін атқарылған  игі  істің  бірі  болып  қалар еді.

Алтынбек   ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала   ауданы