4.02.2019, 19:55
Қараулар: 47
Мерейтойлық көш-керуен жолға шықты

Мерейтойлық көш-керуен жолға шықты

Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереваның 75 жасқа толуына орай өткізілетін іс-шаралар ақынның туған жері – Теректі ауданында бастау алды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ғимаратында өткен шарада сөз алған аудан әкімі Әділ Жоламанов елдің аяулы ақын қызына деген құрметтің шексіз екендігін айтып, жыл бойына өтетін шаралардың бірқатарына тоқталып өтті.

— Ақұштап апамыздың тойы – елдің тойы, халықтың тойы. Қазақ әрдайым ақынын құрметтеген. Теректі ауданы ақынға да, жазушыға да, батырға да, жырауға да кенде емес. Өткен жылы даңқты жерлесіміз, жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығын жоғары деңгейде атап өтсек, биыл Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын апамызға құрмет көрсетеміз. Жоспарымызда атқарылар жұмыстар аз емес. Ақын апамызды өлеңге қосатын ақындардың басын қосып, республикалық деңгейде мүшәйра өткізуді жоспарлап отырмыз. Ауданның барлық кітапханасында кітап көрмелері жасақталып, жастар Ақұштап ақынның өлеңдерін жатқа оқу арқылы өзара сынға түседі. Эссе жазу, сурет байқаулары да аудан көлемінде ұйымдастырылады. Қорытынды шараны ақынның туған ауылында өткізіп, дала қызықтары арқылы ұлан-асыр тойға жалғаймыз. Ауданымыз ақын шығармашылығын насихаттап, есімін ұлықтауды бастаса, өзге аудандар осы бастаманы жалғастырады деп сенеміз, — деді  Әділ Тауфиқұлы.

Бастаманы қолдап, шараға арнайы келген БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, ақын Айтқали Нәріков, ақын, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, жазушы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, ақын Тілес Жазықбай, Қазақстан  ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев секілді қонақтар Ақұштап апамыз, оның  шығармашылығы туралы ой-пікірлерін айтып, ақын тойына сүбелі үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

Тізгінқағар шараға онлайн режімде қосылып, лебіз-құттықтауларын ҚР  Ұлттық  кітапханасының  ұжымы мен Ақжайық, Сырым, Қазталов аудандарының  зиялы  қауым  өкілдері де арнады.

Федоров қазақ орта мектебінің  оқушылары ақын өлеңдерін жатқа айтса, Подстепный ауылынан келген жас талапкерлер Ақұштап Бақтыгерееваға арнаған жырларын оқып берді.

Әділет  ӘЛІБЕКҰЛЫ,

Теректі  ауданы