31.01.2019, 21:44
Қараулар: 249
БӨКЕЙДЕ БЕРЕКЕЛІ ІС БАРШЫЛЫҚ

БӨКЕЙДЕ БЕРЕКЕЛІ ІС БАРШЫЛЫҚ

Аудан  әкімдерінің  халық  алдында  есеп  беру жиналысы  30  қаңтар күні  Бөкей ордасы  ауданында  жалғасты. Жиынға  облыс  әкімінің  бірінші орынбасары  Ғали  Есқалиев,  облыстық  мәслихат хатшысы Мәлік  Құлшар,  бірқатар  облыстық  басқарма басшылары,  аудандық  мекеме-кәсіпорын  жетекшілері мен қызметкерлері,  аудан  тұрғындары  қатысты.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов өткен жылғы атқарылған істер мен алда тұрған міндеттер турасындағы өз баяндамасында әр саладағы жеткен жетістіктерге жеке-жеке тоқталып өтті.

2018 жылы  аудандық бюджет  4 млрд. 212 млн. теңгені құрап, қаражат толығымен игерілген. Салық түсімдерінің жоспары 304,5 млн. теңге болса, орындалуы 336 млн. теңге немесе 110,3 пайызды құрапты. Ауданға келген 36 жас маманға  6 млн. 229 мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп, 19 маманға 68 млн. 543 мың теңге  бюджеттік несие беріліп, баспанамен қамту мәселелері шешілген. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту салаларында да оң өзгерістер жетерлік. Бүгінгі таңда ауданда 64  896  ірі қара, 92 588 қой мен ешкі, 22 881 жылқы, 1019 түйе малы тіркелген. Аудан көлемінде 522 шаруа қожалығы болса, жаңадан ашылған 18 қожалыққа 17 068 гектар жер телімі берілген.

Ауданда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 21 қожалық бар. Соның ішінде  «Рауан» шаруа қожалығы бактриан түйесін, 18 қожалық  қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасын, екі қожалық асыл тұқымды көшім және жабы жылқыларын өсіреді.

Шаруалар ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалардың да игілігін көріп, табыстарын еселеп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы үш шаруа қожалығы 99,5 млн. теңге несие алып, жақында Ресейден  100 бас асыл тұқымды аналық мал  сатып  алған.

Ауданда 965 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген болса, оларда 2064 адам жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпкерлер 6 млрд. 345 млн. теңгенің өнімін өндірген. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 80 адам 396 млн. 680 мың теңге несиеге қол жеткізген. Аудандағы экономикалық белсенді халық саны  8884 адам болса,  өткен жылы 441 адам әр түрлі бағыттар бойынша жұмыспен қамтылған.

Аудан әкімі өз баяндамасында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында атқарылған өрелі істерге де тоқталып  өтті.

Өткен жылы Сайқын ауылындағы «Арай» сауықтыру-туристік лагеріне және Хан ордасы ауылындағы «Болашақ» лагеріне 1,1 млн. теңгеге қаңқалы-модульдік  бассейндер алынған. Жергілікті бюджеттен бөлінген 6 млн. 657 мың теңге қаражатқа үш бастауыш мектепке және Бисен ауылындағы орта мектеп жанындағы интернатқа күрделі жөндеулер өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.

Аудандағы емдеу мекемелерінде 30 дәрігер, 121 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Өткен жылы ауданға бір  дәрігер және үш орта буын қызметкер жұмысқа келген. Бүгінгі күні аудандық ауруханаға акушер-гинеколог, офтальмолог дәрігерлері жетіспейді. Маман тапшылығы жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді қайта даярлау, біліктілігін жетілдіру курстарына оқуға жіберу арқылы шешілуде. Сонымен қатар ауданда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын, Бисен ауылына жаңадан мәдениет үйін салу үшін жобалық-сметалық  құжаттамалары  әзірленуде.

– Ауданда 22 елді мекеннің 14-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Жеті елді мекеннің тұрғындары құдық суын пайдалануда.

Үштерек елді мекеніне ауыз су тасымалданып, жеткізіледі. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының орталықтандырылған сумен қамтылу деңгейі 79 пайызды құрайды. Өткен жылдың желтоқсан айында Кеңой, күні кеше Әжен ауылдары таза ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар Жәрмеңке, Қарасу  елді мекендеріне су тарту жұмыстары аяқталу қарсаңында. Шоңай, Тайғара, Үштерек ауылдарына су құбырын жеткізу жұмыстарына байқау жарияланып,  құрылысы биыл басталмақ. Бұған қоса Мұратсай ауылындағы су құбырын қайта жаңғырту жұмысының құжаттамалары дайындалып, қаржы қарастырудамыз. Сондай-ақ өткен жылы ауданның 12 елді мекенін көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Нәтижесінде аудандағы  елді мекендердің барлығы толықтай газдандырылды. Облыс орталығымен қатынайтын республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталу қарсаңында. Жол салу жұмыстары биылғы жылдың маусым айында басталады деп күтілуде. Аудан орталығындағы ұзындығы 5,6 шақырым құрайтын көше жолдарына жаңадан асфальт төселді.  Биыл Сайқын ауылындағы 11 көшені және Хан ордасы ауылындағы екі көшені жөндеуге құжаттама дайындалуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сайқын ауылында бес екі пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Сайқын ауылында 16 екі пәтерлік тұрғын үйдің және оған қажетті инженерлік  инфрақұрылымдарды тарту жұмыстары басталды. Ал 26 екі пәтерлік тұрғын үйдің құжаттамасы сараптамадан өтті. Сайқын ауылында 22 екі пәтерлік және екі қабатты 12 пәтерлік тұрғын үйлердің,  Хан ордасы және Бисен ауылдарында төрт екі пәтерлік үйлердің құрылыс жұмыстарына құжаттамалар дайындалуда. Сондай-ақ жеке тұрғындармен жалпы көлемі 4984 шаршы метрді құрайтын 34 тұрғын үй іске салынды. Сайқын ауылынан жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған 34 жер теліміне инженерлік желілер тартылып, кезекте тұрған азаматтарға берілді, – деді аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы.

Өткен жылы жүзеге асқан ауқымды істердің бірі аудан орталығында заман талабына сай 70 орындық жаңа үлгідегі интернат іске қосылды. Аудан орталығында Мәншүк Мәметоваға арналған тынымбақ салынған.  Сайқын ауылының жаңа шағынауданында жасанды газон төселген футбол алаңы, кәсіпкер Қуаныш Бірмановтің демеушілігімен 1,5 млн. теңгеге балалар ойын алаңы жасақталған. Сонымен қатар Сайқын ауылында екі ойын кешені және Мәмбет ауылында жаңа балалар ойын алаңы  салынған.

– Мемлекеттің негізгі тірегі аудан-ауылдар екендігі айқын. Егін егіп, астық өндіретін, төрт түлік мал өсіріп еліміздің тұрғындарын сапалы азықпен қамтитын өздеріңіз секілді ауылдардың адамдары. Атқарылып жатқан барлық игі іс біріншіден, ел тәуелсіздігінің, екіншіден, Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі деп білемін. Ауылдық жерлердің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бүгінде өз жемісін беруде. Мұндай мемлекеттік қолдаулардың көмегін бөкейордалық ағайындар да сезінуде. Бөкей ордасы ауданында көптеген әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлер бой көтеріп, елді мекендер таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтылғанының куәсі болудамыз. Биылғы жылдың өзінде Өнеге – Бисен – Сайқын бағытындағы күре жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы отыр. Жұмыс қарқынды әрі уақтылы жүргізілсе, бір-екі жылда облыс орталығымен қатынас жақсармақ. Ауданда әлі де болса, шешімін таппаған мәселелер де бар екендігін білеміз. Қыс мезгілінде жол тазалау жұмыстарын бір жүйеге келтіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ шаруа қожалығы иелерінің «Батыс Марқа Ламб» ЖШС-ға тапсырған малының ақшасын ала алмай жүргендігі белгілі. Жақында аталмыш ет қабылдау компаниясы басшысымен кездесіп, таяу күндері толықтай есептесетін болдық. Сонымен қатар Бисен ауылына мәдениет үйін, Сайқында дене шынықтыру орталығын салу, сапалы интернетпен қамту мәселелерінің де шешілу жолдары қарастырылуда. Аудан тұрғындары етке өткізетін малын Маңғыстау, Атырау облыстарына тапсырады. Сондықтан аудан орталығынан мал сою, ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарын салу жоспарда бар. Бұл түйткілдер алдағы уақытта біртіндеп шешімін табатыны сөзсіз. Аудан әкімінің жұмысына сәттілік, жергілікті тұрғындарға амандық тілеймін, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев.

Есепті жиын барысында Ғали Нәжімеденұлы ауданның байыр-ғы тұрғыны, Социалистік Еңбек Ері, облыстың құрметті азаматы Ескендір Есімовті мерейлі 90 жасымен құттықтап, облыс әкімі атынан  алғысхатпен  марапаттады.

Жұмабай    КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

еңбек   ардагері:

– Саралжын ауылдық округінен келіп қатысып отырмын. Біздегі ахуалды баяндап, ауыл тұрғындары атынан алғысымды айта келдім. Қазір ауылдағы өміріміз қала өмірінен еш кем емес. Суымыз келіп тұр, көгілдір отынның қызығын көріп отырмыз. Газданған ауыл – жанданған ауыл болды. Бүгінде саралжындықтар жылуы мен суының мәселесі шешілген соң, үйлерін заманауи талғаммен жөндеуге көшті. Осындай игі істер ауыл тірлігіне жаңаша бір серпін берді. Өткен жылы ауыл жастары бас қосып, бүлдіршіндерге ойын алаңын салып берген еді. Енді Саралжындағы балабақшамыз жөндеу көрсе деген тілек бар.

Жалпы, ауданда атқарылып жатқан істер, жүріп жатқан құрылыс, ашылып жатқан нысандар, бәрі-бәрі көңіл қуантады. Мұның баршасына  тұрғындар  риза  деп  кәміл  сеніммен  айта  аламын.

Алтын   БИСАЛИЕВА,

Хан   ордасы   ауылының   тұрғыны:

– Алды тоқсаннан асқан, соңы алпыс асып, жетпіске тақап қалған аға буын не көрмеді?! Кеңес заманының қызығын да, тоқырау кезеңінің шыжығының да дәмін татты. Екі қолға бір күрек таба алмай, күйреген ер-азаматтарды да, бала-шағаның қамымен ала дорба арқалап, берісі Түркістан, әрісі Бішкек асып, саудаға шыққан әйелдерді көрдік. Осы қиындықтың бәрі артта қалды. «Теңдік, кеңдік болды» деген Кеңес заманында да біздің аудан таза судан тапшылық көріп, көгілдір отынды тек теледидардан, болмаса қалаға барып көргені рас. Шүкіршілік, бүгінде ауданға қарасты елді мекеннің бәріне де газ кіріп, су жетіп тұр. Сол себепті бүгін шағым айтқан, наразылық білдірген ешкім болған жоқ. Енді бардың қайырын берсін  деп  тілейміз.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»