31.01.2019, 21:42
Қараулар: 2
Әкелер мектеп ауласының қарын тазалады

Әкелер мектеп ауласының қарын тазалады

Орал қаласындағы №47 жалпы орта білім беретін мектебінде «Әке жолы – ізгі жол» атты шара өтті. Оған  ұл-қыздары  осы  мектепте оқитын әкелер қатысты.

Мектеп директоры Наталья Ерғожиеваның айтуынша, оқушы тәрбиесінде атаананың алатын орны ерекше. «Сондықтан мектеп басшылығы мен мұғалімдер ата-аналармен, әсіресе, әкелермен тығыз қарымқатынаста болуы тиіс» дейді директор.

– Біз оқушыларымызға білім беріп қана қоймаймыз, олардың тәрбиесі де толғандырады. Жоғары сыныптағы ұлдар мен қыздардың арасындағы қарым-қатынас, сыйластықтың жоқтығы – ойланатын жағдай. Қазір біздің ел үшін  қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Шәкірттеріміз керемет зәулім сарайда білім нәрімен сусындауда. Ендігі өтінішіміз – біздің оқушыларымыздың ата-аналары, әсіресе, әкелері бала тәрбиесіне атсалысса. Ер бала – ертеңгі ел қорғайтын азамат қой, – деді өз сөзінде Наталья Дүйсенқызы.

Бала санының көптігінен үш ауысымда оқытатын мектепте 2800-дей оқушы бар. 256 бала көп балалы жанұядан болса, 213 оқушы толық емес отбасында тәрбиеленуде. Мүлдем ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да бар. Мектеп директоры әкелер мектептегі білім мен тәрбие жұмысына атсалысса, көп мәселе оңынан шешілер еді деді.

«Әкелер ұйымы» деп ат қойылған осы кездесуде мектептің ата-аналар кеңесінің төрағасы, белгілі ғалым Абат Қыдыршаев, №47 мектеп жанынан құрылған әкелер тобының жетекшісі, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің деканы Әскен Мұханбетқалиев, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы сөз сөйледі.

Тағы бір жайтты айта кетейін, осы шарада әкелер ұйымы құрылды. Әкелер түрлі ұсыныстарын ортаға салып, болашақта мектеппен тығыз байланыста болатындарын айтты. Сөйтіп, бірден іске кірісті. Орал қаласында соңғы кезде толассыз жауған қар мен соққан бораннан мектептің ауласы қарға толып қалған екен. Өткен демалыста әкелер сенбілік ұйымдастырып, балаларымен бірге күректерін әкеліп, мектептің ауласындағы қарды тазалап, алғашқы көмегін тигізді. Мектеп ұжымы әкелерге  риза  болды.

Нұрасыл  ҚҰТТЫМҰРАТ,

№47 мектептің  9-сынып  оқушысы,

Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.