31.01.2019, 21:41
Қараулар: 961
Білімді жетілдіру – кәсіби кемелдену

Білімді жетілдіру – кәсіби кемелдену

Орал  қаласындағы  Х. Доспанова  атындағы №30 жалпы орта  білім  беретін  мектепте  БҚО білім басқармасының  ұйымдастыруымен «Batys Osy vektory»  мектебі  аясында  инклюзивті білім беру ұйымдарының  педагогтарына  арналған «Inklusion – мейірім шуағы»  атты  облыстық  конференция  өтті.

Конференцияның алғашқы күні облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова білім саласындағы өзгерістерге тоқталып, өңірімізде ерекше білімді қажет ететін балалардың дәріс алуы облыс, аудан көлемінде арнайы мекемелерде жүзеге асырылып келе жатқанын айтып өтті.

– XXI ғасырдың басты рухани құндылығы – оқу-білім болғандықтан, ұстаздардан ашықтықты талап етеді. Соның ішінде инклюзивті біліммен қамтылған балаларды оқытуда педагог бойынан мейірімділік, қызмет жолында озат тәжірибе қажет, – деді облыстың бас мұғалімі Шолпан Маратқызы.

Бұдан кейін «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов  қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ақпаратты сауатты тұтыну өзекті мәселеге айналып келе жатқандығы жөнінде келелі әңгіме өрбітті.

– Ақпарат қазір әлемді билеген заман екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Күні кешеге дейін кімнің қолында ақпарат болса, сол әлемді билейді деп айтылатын. Бүгінде бұл қағида сәл-пәл өзгеріске түсті. Неге десеңіз, қазір кім ақпаратты бірінші жеткізсе, әлемді билейді деген қағида алға шықты. Күнделікті күйбең тірлік кезінде де аласапыран оқиғалар тізбегін өздеріңіз көріп жүрсіздер. Бүгінде «Менің ақпаратқа қатысым жоқ» деген адам қалмай бара жатыр. Балаларымызды білім нәрімен сусындататын мұғалімдердің жұмыстары ақпаратпен тығыз байланысты деуге болады. Күнделікті өздеріңіз тұтынатын уатсап желісі арқылы бір-бірлеріңізбен оқу бағдарламасына, жаңа әдістемелік құралдарға, тағы да басқа өздеріңіздің жұмыстарыңызға қатысты ақпаратпен алмасып отырасыздар. Жалпы, ақпарат дегеніміздің өзі – сізге жаңа мәлімет беретін болса, ақпарат болып есептеледі. Ақпараттық технология, ақпаратты заман деп жатамыз ғой, жалпы қалай атасақ та, біз ақпараттан қашып құтыла алмайтын заманға келіп тірелдік. Ұшан-теңіз, миллиондап саналатын ақпараттың ішінен өзіне керегін таба алмай, адасып, ақыры уақытын жоғалтатын адамдар жоқ деп айта алмаймыз. Күнделікті тұтынатын ақпараттың көптігі сондай, қазір қайсысы пайдалы, қайсысы пайдасыз дегенге келгенде ажырата алмай қалып жатамыз. Сондықтан осы мәселеге сіздер де өте мұқият қарағандарыңыз жөн. Өйткені ақпаратты қалай пайдалансаңыздар, сіздердің балаларыңыз бен шәкірттеріңіз де  солай пайдаланады. Қазір әлеуметтік желіге бес минутқа кіріп шығам деген адамның өзі кем дегенде бір-екі сағат уақытын жоғалтады. Бұрын диетологтар айтатын адам не жейді, соған ұқсайды деп. Қазір дәл осы сөзді ақпаратқа қолдансақ болады, – деді конференцияда Рауан  Сәбитұлы.

Конференцияның екінші күні педагогтар облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловпен кездесті. Ғабидолла Абдоллаұлы семинар-тренингтердің мұғалімдердің, жалпы кез келген қызметкердің өз-өзін дамытуы үшін  аса қажет екендігін тілге тиек етті.

– Дүние бір орында тұрған жоқ. Сондықтан біз де үнемі ізденісте болып, білмегенімізді үйреніп, біліміміз бен тәжірибемізді жетілдіріп отыруымыз қажет. Бірақ көпшілігімізде «Жоғары оқу орнын бітіріп, сол дипломмен зейнетке шыққанша жұмыс жасаймын» деген стереотип қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Кез келген қызметкер бес жыл сайын кәсіби білім-білігін арттыруы қажет. Он жыл бұрынғы технологиялар қазір ескіріп қалды. Көптеген дүниежүзілік компаниялар өздерінің бұрынғы қалыптасқан бизнестерін қайта қарап, дүниежүзілік трендтен қалып қоймас үшін бәсекеге түсуде. Жалпы, көп тіл білген адамның дүниетанымы кеңейеді. Тіл үйрену үшін  сананың ашықтығы қажет. Оның пайдалы жағы өте көп.  Өзім «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда магистратураны қызыл дипломға бітіріп келдім. Бірақ мен ағылшын тілін мектепте де, университетте де оқыған жоқпын. 32-33 жасымда ағылшын тіліне мән бере бастадым. Шыны керек, отыздан асқаннан кейін тілді қабылдау қиын болды. Бірақ тырыстым. Ата-анамның мені шетелде оқытатын мүмкіндігі болған жоқ. Өйткені мен қарапайым дәрігерлер отбасында өскен төрт баланың бірі болдым. Сондықтан «Тіл үйреніп, шетелге барып оқимын» деген мақсат қойдым. Шетелде оқып жүріп, алғашында көп нәрсені түсінбедік. Бірақ қиналсақ та, тырысып, алға ұмтылудың нәтижесінде мақсатымызға жеттік. Ол жерде тамыр-таныс жоқ. Ешкімді аямайды. Олардың бағалау жүйесі мүлдем бөлек. Тақырыпты қабылдап, түсінгеніңді бағалайды. Ағылшындар плагиатқа ерекше мән береді. Мәселен, студенттер біреудің еңбегін көшіріп әкелсе, оны оқудан шығарып жібереді. «Болашақтықтар» мүлікті кепілдікке қояды ғой. Алда-жалда ол жақта оқи алмасаң, әлгі мүлік мемлекетке өтеді. Сондықтан да көбі барын салып, қалайда жақсы оқуға тырысады. Мен де Ұлыбританиядан  көп нәрсе үйреніп қайттым. Қазіргі күнде біз өзге елдердің мамандарымен тәжірибе алмасып, білімімізді жетілдірудеміз. Бірақ өз тарихымызды, менталитетімізді, қалыптасқан жолымызды ұмытпай, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қанмен сіңген имандылығымызды сақтап қалуымыз керек. Еуропаның жақсы жақтары көп болғанымен, оларда осы қасиеттердің бірі жоқ. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі өзегі де «Ата-ананы сыйлау, Отанын, елін сүю» екендігін естен шығармауымыз керек, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Шара барысында инклюзивті білім беру ұйымдарының педагогтары «Сиқырлы орманға қысқы саяхат», «Есту қабілеті бұзылған балалармен жүргізілетін жұмыстардың әдіс-тәсілдері», «Оқу үдерісіндегі сандық сауаттылық» «Жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалармен жүргізілетін логопедиялық түзету жұмыстары» тақырыбындағы шеберлік сыныптарына қатысып, тәжірибе алмасты.

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар