31.01.2019, 21:08
Қараулар: 2
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Үкіметтің кеңейтілген жиналысында сөйлеген сөзі

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Үкіметтің кеңейтілген жиналысында сөйлеген сөзі

– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Өзіңіз қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар мен азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі Жолдауыңыздың іске асырылуы өңірдің дамуына оң ықпалын тигізуде. 2018 жылы өнеркәсіп өнімі 2,5 триллион теңгені құрады. Ол алдыңғы жылдың көрсеткішінен 600 млрд. теңгеге көп. Экономикадағы инвестиция көлемі 453 млрд. теңгені құрап, 3%-ға жуық өсімді көрсетті. Шикізаттық емес сектордағы инвестиция 11%-дан асты. Оның ішіндегі ауыл шаруашылығындағы инвестиция үлесі 42%-ға көбейді. Қарашығанақ кен орнында жер асты су деңгейінің көтерілуіне байланысты газ және конденсат өндірісі 4%-ға төмендеді. Дегенмен, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіздің өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаңызға сәйкес жұмыс жасалуда. Соның нәтижесінде 11,5% өсім бар. Осы саладағы еңбек өнімділігі 22%-ға артты. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру 30%-ға, дайын металл бұйымдарының өндірісі 72%-ға артты. Өңдеу өнеркәсібінің экспорт көлемі де артып келеді. Орта және шағын бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40%-ды құрап отыр. Кәсіпкерлердің саны жыл сайын өсуде. Салық түсімдері 18%-ға артып, 303 млрд. теңгені құрады. Агроөнеркәсіп кешенінде экспортқа негізделген және қалдықсыз өңделетін жобалар дамып келеді. Иран мен Қытайға жасаған ресми сапарларыңыздан кейін бізге жақсы мүмкіндіктер ашылып, осы елдерге ет экспорттауды бастадық. Нәтижесінде ет экспорты 35%-ға өсіп, 3 мың тоннадай ет экспортталды. Алдыңғы жылғы көрсеткіш 2 мың 200 тонна болған. Сонымен бірге «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне келген финляндиялық инвесторлар Орал қаласында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жаңа жобаны бастап кетті.

Жылына 100 мың тонна қалдықты өңдейтін қуаты болады. Ирригациялық құрылымдарды қалпына келтіру туралы тапсырмаңызға сәйкес, өңірімізде сегіз негізгі нысан қайта қалпына келтірілді. Жаңа каналдар ашылды. Ұзындығы 180 шақырымды құрайтын жаңа канал осы көктемде жұмысын бастайды. Ол төрт ауданның аумағынан өтетін болады.

130 мың гектар жер суланбақ. Қалған ирригациялық құрылымдардың нәтижесінде 40 мың гектар лиманды суармалы жер  іске қосылды. 4 мың гектар тұрақты суармалы жер сумен қамтылды. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан 1 млн. гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Бес әлеуметтік бастамаларыңыз» тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруда. Облыс бойынша 450 шақырым жол жөнделді. Жыл сайын өзіңіздің қолдауыңыздың арқасында жолдың жөнделген шақырымдары көбеюде. 432 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Ол өткен жылғы көрсеткіштен 40 мың шаршы метрге көп. 3500 пәтер салынып жатса, қазіргі уақытта мың отбасы қоныстанды. Жұмыспен қамту бойынша 30 мыңға жуық адам тартылып, оның жартысы тұрақты жұмыстарға орналасты. «Бес әлеуметтік бастамаңызға» сәйкес 1 млрд. 100 млн. теңгеге несие беріліп, қазіргі уақытта 145 пәтер «7-20-25» бағдарламасымен берілді. Бұл жұмыс жалғасуда. 67 мың адам салық жеңілдігін пайдалануды бастады. Бес жатақхана құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Биыл құрылысты бастаймыз. 1800 студент жатақханамен қамтамасыз етілетін болады. Шағын несие бойынша 4 млрд. 300 млн. теңге қаражат бөлініп, 1242 несие берілді.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өткен жылдың мамыр айында біздің өңірге жасаған жұмыс сапарыңыздың нәтижесінде өзіңіз нақты тапсырма берген болатынсыз. Облыс орталығынан  ең шалғай, 600 шақырым жерде тұрған Бөкей ордасы ауданына, сондай-ақ Жәнібек, Қазталов аудандарына жол салу жөніндегі тапсырмаңыз көптен күткен тұрғындарымызды ерекше қуантты. Өзіңізге зор ризашылығын білдіруде. Бұл жұмысты біз министрлікпен бірлесе бастап кеттік. Үкімет бақылауда ұстап, қаражатты бөлді. Жазда құрылыс басталады. Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған тапсырмаңызға сәйкес 110 елді мекенге ауыз су құбыры тартылды. Бұрын тұрғындары сапалы ауыз суға зәру болып келген төрт ауданның орталығына таза тіршілік нәрі жеткізілді. Қазір орталықтандырылған су жүйесіне қосылған елді мекендердің үлесі 36%-дан 50%-ға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ал халықтың көгілдір отынмен қамтылу деңгейі 95,5%-ға жетті. Облыс орталығында жалпы аумағы 750 гектарды құрайтын жаңадан «Ақжайық» шағынауданы бой көтереді. Қазір қала іргесінде инженерлік-коммуналдық желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Оралда қазір 350 мыңдай адам тұрады. Алдағы он  жыл ішінде халық саны 500 мыңға жетеді  деп ойлаймыз.

Жаңа шағынауданда «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы құрылыс жанданады. Салынған үйлер «7-20-25» бағдарламасы бойынша беріледі. Аймақтарды индустрияландыру бағдарламасы бойынша «Конденсат» зауыты өңірді жергілікті мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді бастады. Ал «Цифрлық Қазақстан» жобасына келсек, облыста қырықтан астам жоба жүзеге асырылды. Денсаулық сақтау саласында құжаттар 100% электронды форматқа көшірілді. Нәтижесінде дәрігерлердің науқастарға бөлетін уақыты екі есеге көбейді. Яғни ақжелеңділер уақытының көп бөлігін қағазбастылыққа емес, емделушілерді қарауға жұмсайтын болады. Білім беру саласында да жарқын істер жетерлік. Балабақшаларға кезекке тұру электронды түрде іске асады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтылды. Сіздің тапсырмаңызға сай коммуналдық қызмет тарифтері төмендеді. Әр салада қызмет ететін 121 мыңға жуық батысқазақстандықтың жалақысы сіздің тапсырмаңызға сәйкес көбейтілді. Өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, жастар мен кәсіпкерлер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаңызды зор ықыласпен қабылдап, қазіргі уақытта 250-ден астам жобаны демеушілер мен меценаттар өз тарапынан іске асыруда. Өзіңіз ресми түрде ашып берген Жастар жылын Ақ Жайық жастары ерекше қуанышпен қарсы алды.

Нақты жобалар жоспарланды. Өңірімізде еш жерде жұмыс істемейтін жастардың үлесі 3%-ды құрап отыр. Қазір біз осы жастармен жұмыстанудамыз. Өткен жылы 11 мыңнан аса жас жұмысқа орналастырылды. Өңірде стартап жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тоғыз коворкинг орталығы ашылды. Өткен жылы төрт ірі спорт кешені салынса, биыл спорт колледжі мен интернат бой көтеруде. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, ауылдарда 100 спорт алаңын салуды бастап кеттік. Аса құрметті Елбасы, Сіз қабылдаған бағдарламалар орталық мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, тиісті дәрежеде атқарылуда. Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал  тұрақты.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.