31.01.2019, 20:51
Қараулар: 99
Театр табыстырған өнерлі жұп

Театр табыстырған өнерлі жұп

 

Жақында Қадыр Мырза Әли атындағы өнер және мәдениет орталығында «Театр табыстырған тағдыр» атты кездесу кеші өтті.

«Жұлдызды отбасы» атты жаңа жоба аясында өткен кештің алғашқы кейіпкерлері Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының режиссері Самал Әбуов пен театр актрисасы, аудармашы Эльмира Мақашева болды. Бір отбасында тұратын өнерлі жұпты халыққа кеңінен таныстыруды мақсат еткен кеш шымылдығы Ф. Буляковтың «Қысқа ғұмыр» мұңлы комедиясының үзіндісімен ашылды.

Өнерде де, өмірде де  қол ұстасып бірге келе жатқан кеш кейіпкерлері сырғып аққан уақыттың еншісінде қалған өткен жылдарды еске алып, әдемі естеліктерімен бөлісті.  Жиырма жылға жуық ғұмырын театрға арнаған өнер иелері бүгінгі күнге дейін елуге жуық кейіпкердің рөлін көрермен назарына ұсынған. Өткен жылдың соңында «Театр. Тарих. Тағылым» атты кітабын жарыққа шығарған отағасы Самал Әбуов өзінің балалық шағы жөнінде әңгімелеп берді.

– Әкем де, анам да мал шаруашылығымен айналысқан өте қарапайым жандар еді. Олардың қолынан кітап, газет-журнал түспейтін. Әкем үйге үнемі түрлі кітаптар алып келетін. Бірде ол маған Ә. Қастеевтің фотоальбомын әкеліп берді.  Әлгі альбомды құдды бір тірі сурет көргендей таң қалып, қызықтап қарағаным есімде. Ол кезде әлі мектепке бармаған бала болсам да, сол суреттер маған қатты әсер етті. Абайдың  суреті сөйлеп тұрғандай, паравоздар түтіні будақтап, шынымен жүріп бара жатқандай… Ғажап сезімде болдым. Ең алғаш менің өнерге құштарлығымды оятқан Ә. Қастеевтің суреттері еді. Содан кейін өзім де қызығып, сурет сала бастадым. Бірақ театр саласына барам деген ойым болмап еді, – деді Самал Қадерұлы балалық шақ  туралы  естелігінде.

Театр табыстырған өнерлі жұпқа Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Н. Тасболатов облыстық мәдениет басқармасы басшысы атынан алғысхат табыс етті. Рухани кеште  Астана қаласындағы дарынды балалар мектебін тәмамдаған Әбуовтердің тұңғыш қызы Г. Кадерова қазақ биін нақышына келтіріп, орындап берді. Отбасының кенже ұлы Досханның оқыған өлеңі де көрермен көңілінен шықты.

Кездесу кешінде сөз алған ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері А. Қуатова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын Д. Мұштанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр актрисасы Б. Жақыпова, зейнеткер Ш. Елемесовтер өнер иелерінің тұлғалық қасиеттері туралы әдемі естеліктерімен бөлісті.

Өнерлі шаңырақтың отанасы Эльмира Мақашева соңғы жылдары актрисалыққа қоса, аудармашылықпен айналысып жүр. Драмалық шығармаларды қазақ тілінде сөйлетіп жүрген оның еңбектері еліміздің бірнеше сахнасында қойылып үлгерген.

– Самал екеуміз студент кезде Барбастаудағы алма бағында таныстық. Екеуміз де тобымыздың үлкендері болдық. Қатарымыздағы жасы кіші группаластарымды «қызым» дейтінмін. Алма бағында алманың ең тәттілерін жеп отырып, демалатынбыз. Бірде менің тобымдағы қызымды Самалдың тобындағы жігітке ұзататын болып, «құда-құдағай» атандық. Сөйтсем, оның өзі маған құда түсейін деп жүр екен ғой, – деп сөзін жалғаған актриса көрерменін ду күлдіріп  алды.

Әсем ән, әдемі әзіл, әсерлі әңгімемен өрілген кездесу кеші бір демде өтті. Өнер иелерінің құшағын гүлмен көмкерген көрермендер жұлдызды отбасына шынайы  тілектерін  арнады.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.