31.01.2019, 20:50
Қараулар: 265
Тасқала ауданының әкімі Алдияр ХАЛЕЛОВ: «Ауданымыздың көлік-логистикалық әлеуетінің игілігін көргіміз келеді»

Тасқала ауданының әкімі Алдияр ХАЛЕЛОВ: «Ауданымыздың көлік-логистикалық әлеуетінің игілігін көргіміз келеді»

– Алдияр  Сансызбайұлы,  сіздің  Тасқала  ауданының  әкімі болып  тағайындалғаныңызға  жарты жылдан асты. Бұл  ауданның тыныс-тіршілігі, жетістіккемшілігі және мұң-мұқтажымен танысып үлгеруге  жеткілікті  уақыт  болса керек.  Аудан әкімі ретінде  сізді  ең  бірінші  кезекте  Тасқаланың  қандай мәселесі  жиі мазалайды?

– Әрине, Тасқала ауданына әкім болып тағайындалғалы барлық  ауылдық округтерді, елді мекендерді аралап, тұрғындармен, қоғамдық келісім кеңесі мүшелерімен кездесіп, ауданның тыныс-тіршілігіне толықтай қанықтым деп айта аламын. Оған қоса тоқсан сайын «Ашық әкімдік» шарасын өткізіп, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге жұмыстанудамыз.

Тасқала ауданы – тоғыз жолдың торабында орналасқан даму әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Біздің ауданның елді мекендері таза ауыз сумен, көгілдір отынмен біркелкі қамтылған. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің жіті қадағалауымен 2018 жылы көптен күткен Орал – Тасқала – Ресей шекарасы халықаралық тасжолы жөндеуден өткізіліп, іске қосылды. Осы фактордың өзі-ақ тоғыз жолдың торабында орналасқан  ауданымыздың көлік-логистикалық  мүмкіндігін барынша жетілдіріп, игілігін  көруге  жетелейді. Сол себепті бүгіндері халықаралық «Орал – Тасқала – Ресей Федерациясының шекарасы» күре жолының  бойында әрі-бері жөңкілген транзиттік аутокөліктер ағынының қажетін өтеу үшін кемпинг салу көзделуде. Ал «Конденсат» АҚ аудан орталығының аумағынан, «Венойл» акционерлік қоғамының Достық ауылының маңынан жанар-жағармай бекетін салмақ ойы бар. Алдағы уақытта іске  қосылатын осы жаңа нысандар ауданның біраз тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыры анық. Әрине, бірінші кезектегі мәселе – аудан тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін әлі де жақсарта түсу. Әсіресе, ауданға инвесторларды тарту, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын көбейту, халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасау, әлеуметтік нысандар мен көшелерге қатысты қоғамдық тазалықты жүйелі жолға қою арқылы елді мекендерді көркейте түсу  басты  назарымызда.

– Биылғы   Жастар   жылына   қатысты   қандай   жоба-жоспарларыңыз   бар?

– Елбасының Жастар жылы деп жариялауы жастардың тыныс-тіршілігіне тың серпін берді. Аудан жастарының басын қосып, іс-шаралар жоспары пысықталды. 25 қаңтар күні ауданымызда Жастар жылы өтетін шараларға старт берілді. Биыл Жастар жылына орай қараусыз қалған тынымбақты жастардың күшімен ретке келтіріп, қайтадан іске қосу, «Жастар аллеясын» жасақтау, коворкинг орталығын ашу, жастарды кәсіпкерлікке тарту, жұмысқа орналастыру сияқты қадау-қадау шаруалар жоспарлануда. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген құндылықтарымызды да жастар арқылы насихаттап, жандандыруды көздеп отырмыз.

– Сіз басқаратын аудан аума-ғында  қандай  мемлекеттік  бағдарламалар мен игілікті істер  жүзеге  асуда?

– Мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің «Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші бастамасын іске асыру мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  бағдарламасы» бойынша 2018 жылы ауданға бөлінген несиелік қаражат көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп бөлінді. Нәтижесінде 62  адам сиыр малы мен қой-ешкі, құс шаруашылығын дамыту, фото, видео таспаға түсіру қызметін ұйымдастыруға, дәмхана қызметін көрсету, сұлулық салонына  құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, дәнекерлеу цехын ашу мақсатына  253,0 (77 млн. теңге) млн. теңге несиелік қаражат игерді. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру мақсатында  4 аудан тұрғынына 962 мың теңге грант берілді.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары арқылы 667 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы қарайған жұмыс орнының 297-сі – тұрақты кіріс көзі. Жалпы атқарылған жұмыстар нәтижесінде 930 адам жұмысқа орналасып, соның ішінде 442 кісі тұрақты жұмыспен қамтылды.

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» тармағы бойынша қайтарылған қаражат есебінен Аманкелді ауылындағы 2 қабатты 8 пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар бүгінгі таңда Тасқала ауылындағы 3 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Биылғы жылы аудан орталығында көппәтерлі бірнеше үйдің құрылысы басталмақ. Мұндай қам-қарекет Тасқала ауылы бойынша баспана кезегінде тұрғандардың санын 37,5% (240 адам), тұрғын үй салуға жер телімін алу үшін кезекте тұрғандар (535 адам) санын 32% азаюына өз септігін тигізері сөзсіз.

2018 жылы келесі жылға ауыспалы тәсілмен басталған Тасқала ауылының Мәметова (176,924 млн. теңге) көшесінің күрделі жөндеу (асфальт төсеу) жұмысы аяқталды.

Мереке және Айнабұлақ ауылдарының жалпы ұзындығы 3,5 шақырым кіреберіс жолына жергілікті материал төсеу жұмыстары жүргізілді. Аудан аумағындағы аутожолдарды күтіп ұстау мақсатында «Аутогрейдер»  арнайы техникасы сатып алынды.

Ауылдық округтер бойынша 6 шақырымға жуық ауылішілік жолға жергілікті материал төселіп, 72 шақырым жолға тегістеу жұмыстары жүргізілді. Достық, Мерей ауылдарындағы екі алаңға және Тасқала ауылының 2 көшесіне (Абай, Кенжин) жалпы аумағы 1262 шаршы метрді құрайтын өрнектас төселіп, әрі-бері жүретін жаяуларға қолайлы жағдай жасалды.

Елді мекендерді абаттандыру мақсатында біркелкі жұмыстар атқарылды. Аудан бойынша бекітілген жоспарға сәйкес санитарлық айлық жарияланып, айлық аясында «Жасыл жапырақ – Зеленый лист» және «Бүкілқазақстандық орман отырғызу күні» шарасы аясында 3000-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылып, 5 сенбілік ұйымдастырылды. Ауылдық округтер бойынша 131 қуатүнемдеуіш көше шамы орнатылып, 35 қоқыс жәшігі қойылды.

Ақтау және Қалмақ елді мекендерінде мал қорымдары қалпына келтіріліп, Ақтау, Достық және Қазақстан ауылдық округтерінде 4 бөгетті жөндеу, көпірді бітеу, бөген (дамба) салу жұмыстары жүргізілді. Атамекен ауылында жаңа саябақ ашылып, демеушілік көмек арқылы  «Тәуелсіздікке тағзым» монументі орнатылды. Ақтау, Тасқала ауылдарында қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін орын ретке келтіріліп, Тасқала ауылында консервациялау жұмыстары жүргізілді. Жеті бірдей ауылдық округте (Тасқала, Достық, Мерей, Мереке, Қосшы, Аманкелді, Шежін) жалпы сомасы 30,4 млн. теңгеге балалардың ойын-спорт алаңдары (варкаунд) жасақталды. Аманкелді ауылында хоккей алаңы және жасанды жабындысы бар спорт алаңы орнатылып (5446,5 м. т.), бір спорттық стадион абаттандырылды (790 м. т.), Айнабұлақ ауылында балалар ойын алаңы орнатылды (739 м. т.), Ақтау және Достық ауылында спорт алаңдары жарықтандырылды, Атамекен ауылында спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді (890 м. т.). Сонымен қатар аудан орталығы Тасқала ауылындағы «Азалы ана» ескерткішін қайта құру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Құрылыстың болжамды құны – 129,9 млн. теңге.

Мал өнімдерінің барлық түрінің өндірісі артты. Мәселен, ет өндіру 2,6 пайызға, сүт өндірісі 0,5 пайызға, жұмыртқа 0,3 пайызға, жүн өндіру 3,3 пайызға ұлғайды. «Гитинов» шаруа қожалығы 465,2 тонна ірі қара еті (3879 бас) және 43,7 тонна ұсақ мал етін (2305 бас) Ресей Федерациясы мен Армения Республикасына  жөнелтті.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданның 4 шаруа қожалығы 100,5 млн. теңге көлемінде несие алып, 1 шаруа қожалығы 60 бас тауарлы (30,0 млн. теңге) және 65 бас асыл тұқымды (40,0 млн. теңге) ірі қара мал сатып алса, 3 шаруа қожалығы 122 бас ірі қараны ағымдағы жылы сатып алуды жоспарлауда («Шынбай» ШҚ 36 бас (9,0 млн. теңге), «Реал» ШҚ 48 бас (12,0 млн. теңге), «Ханшайым» ШҚ 38 бас ІҚМ (9,5 млн. теңге). Оған қоса ауданның шаруа қожалықтары 170 бас отандық асыл тұқымды ірі қара малын, шетелден 65 бас асыл тұқымды ірі қара малын және 84 асыл тұқымды қошқар сатып  алды.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру» ережесіне сәйкес түскен өтініштер бойынша 60 шаруа қожалығына 92,3 млн. теңге демеуқаржы (субсидия) төленді.

– Жер қорын тиімді пайдалану жөнінде не айтар едіңіз?

– 2018 жылдың қорытындысы бойынша жалпы көлемі 22 599 гектар 35 шаруа қожалығының жер телімдері белгіленген мақсатқа сәйкес пайдаланылмағандықтан, мемлекет меншігіне қайтарылды.

Тасқала ауданы бойынша «zem.kz» порталы іске қосылып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімі кезегіндегі тұрғындардың тізімі және бос жер телімдері туралы ақпараттар орналастырылды. «zem.kz» порталы арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне электрондық түрде конкурс ұйымдастырылуда. Нәтижесінде ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне 6  конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 18 922 гектар 36 жер телімі пайдалануға берілді. Бұған қоса, коммерциялық мақсатта Тасқала және Достық ауылдық округтеріндегі жалпы аумағы 3,17 га құрайтын 3 жер теліміне жерге орналастыру жобалары жасақталып, «zem.kz» порталы арқылы электрондық аукцион өткізіліп, жер телімдері  пайдалануға берілді.

– Алдияр Сансызбайұлы, өткен күзде сіз бастаған тасқалалық  делегация  Татарстанның Ақтаныш ауданына барып қайтқандығынан хабардармыз. Ол жақтан не көріп, не біліп, ойыңызға  не  түйіп  қайттыңыз?

– Татарстанның Ақтаныш ауданы тарихи деректерге бай екен.

Оның аумағында бес археологиялық кешен орналасқан. Олардың көбінен зергерлік бұйымдар мен найза, қылыш, айбалта, садақ пен жебе сықылды ежелгі қару-жарақ түрлері табылған. Сондай-ақ жергілікті халықтың арасында Ұбыркөл (Озера обжора) көлінің түпсіз терең шұнқырында ханның жоғалтқан қазынасы жатыр деген аңыз бар. Мұнымен қоса аудан аумағында көптеген өзендер ағып жатыр. Олардың ең ірісі – Кама және Ақ өзені.

Жалпы, біздің делегацияның іссапары татарстандық бауырлармен ынтымақтастығымызды нығайта түсуге ықпал етті. Соның арқасында қос аудан арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыс пен мәдени-туристік барыс-келіс жиілейтіні анық.

Бізді Ақтаныш ауданының тазалығы ерекше сүйсіндірді. Әр тұрғын өзіне тиесілі бау-бақшасын жинап, орнын тазалап, келесі жылға дайындап қойған. Көшелерде тұрған қоқыс салатын жәшіктерді де көрмейсің. Бірақ ретсіз тұрған немесе шашылып жатқан ештеңе жоқ. Бәрі де жинақы, тап-тұйнақтай. Бір сөзбен айтқанда, тазалық мәдениеті өте жоғары деңгейде. Тіпті, ауылға кіреберіс жолдың қос қапталындағы тал-теректердің түптеріне дейін ақталған. Оған мектеп мұғалімдері мен оқушылар, қала берді, аудан  тұрғындары атсалысқан. Ақтанышта сенбілік мереке ретінде ұйымдастырылады екен. Сенбілік күні барлық тұрғындар білектерін сыбанып, тазалық жұмыстарына менікі, сенікі демей, зор ынта-ықыласпен, үлкен ұйымшылдықпен кірісетін көрінеді. Міне, осындай үлгі-өнегені енді біз өз ауданымызда дағдыға айналдырмақпыз.

– Бүгіндері ел ішінде, әсіресе, қазақ  арасында  дәстүрлі  исламды нығайту мемлекеттік пен  тәуелсіздікті нығайтудың құрамдас  бір  бөлігіне  айналғандай. Мәселеге осы тұрғыдан  келгенде ел-жұртыңыз жат  діни  ағымдардан  іргесін біржола  аулақ салып  үлгерді  ме?

– Тасқала ауданының діни ахуалы қалыпты. Жаһандық қауіпсіздік үшін үлкен қауіп-қатер төндіріп отырған терроризм мен діни экстремизм – бүкіл әлемге ортақ індет болғандықтан, әрине, ұлттық қауіпсіздік пен ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің біріне айналды. Осы дерттің алдын алу мақсатында өткен жылы аудан аумағында діни экстремизм және терроризмнің алдын алу бағытында ақпараттық-насихаттық тобының мүшелері теолог мамандардың қатысуымен 6499 адамды қамтыған 210 шара өткізді. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде  жергілікті БАҚ беттерінде 38 материал және «Руханият» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік желідегі парақшасына 110 материал жарияланды. Аудандағы екі мешітте білікті діни мамандар қызмет жасайды. Биыл теолог маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Аудан тұрғындары арасында дәстүрлі діндерді нығайту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі жүргізіле  бермек.

Сұхбаттасқан  Бауыржан  САЛЫҚҰЛЫ,

«Орал  өңірі»