31.01.2019, 20:46
Қараулар: 48
Ел-жұрттың тілегі ескеріледі

Ел-жұрттың тілегі ескеріледі

Аудан әкімдерінің  тұрғындар  алдындағы  есеп беру жиыны  Жаңақала ауданынан бастау алды. Жиынға  облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Ғали Есқалиев, облыстық  мәслихаттың  хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық  басқармалардың,  аудандық  бөлім, мекеме-кәсіпорындардың  басшылары мен  қызметкерлері,  аудан тұрғындары қатысты.

Ауданның 2018 жылғы экономикалық-әлеуметтік даму барысы және алда тұрған міндеттері жөнінде аудан әкімі Наурызбай  Қарағойшин  баяндады.

2019 жылдың 1 қаңтарына аудандағы түзетілген бюджеттің шығыстар бөлігі 5 млрд. 259 млн. 627 мың теңгені, бюджеттің  игерілуі 100 пайызды құраған. Өткен жылы салық көлемінің жоспары 688,7 млн. теңге болып белгіленсе, бұл көрсеткіш 720,9 млн. теңгеге орындалып, 104,7 пайыз болған. Сонымен қатар өткен жылы ауданға 5,6 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Күні бүгін аудандағы ірі қара  58 220, қой мен ешкі 160 458, жылқы 23 053, түйе 754 басты құрайды. Ауданда 518 ауыл шаруашылығы құрылымы болса, соның 28-і асыл тұқымды ірі қара, сегізі асыл тұқымды қой, бес шаруашылық асыл тұқымды жылқы  өсірумен айналысады. Тек өткен жылдың өзінде 749 асыл тұқымды ірі қара, 159  қой, 48 жылқы сатып алынған. Сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында тауарлық 1589 ірі қара, 678 қой, 107 жылқы сатып алынды. Өткен жылы шаруаларға 584,2 млн. теңге демеуқаржы төленіп, 86 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып  алынған.

Мал азығының сапасын жақсарту және шөптің шығымын көтеру, көлтабандарға су шығару мақсатында Қызылоба ауылдық округінің аумағында орналасқан Төртқұлақ, Қарасу бойындағы су жіберетін 12 қақпа күрделі жөндеуден, 38 шақырым каналы механикалық тазартудан өткізілуде. 63 млн. 237 мың теңге қаражат бөлінген жөндеу жұмыстары биыл аяқталмақ. Сонымен қатар Қызылоба ауылдық округіндегі Қарақұдық көлтабанын жаңарту, Көшім өзенінің арнасын механикалық тазарту жұмыстары жоспарлануда.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік жақсы өрістеп келеді. Тіркелген 1089 кәсіпкерлік субъектісі 2064 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы 8,7 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда өсім 6 пайызды құраса, тауар айналымы 4,5 млрд. теңгеге өсіп, өсім 15 пайызға жеткен. Сондай-ақ аудан орталығында «Ернұр дент» стоматология емханасы, «Ағайын» дәмханасы және такси қызметінің орталығы, «Техносила» тұрмыстық техника және жиһаз сауда үйі, «Стройбаза» құрылыс материалдар орталығы, «Ibrashev» құрылыс материалдары дүкені және «Saben» азық-түлік шағын маркеті, Меңдешев ауылдық округінде тойхана сияқты кәсіпкерлік нысандары іске қосылған.

– 2017 жылы орталықтандырылған таза ауыз сумен аудан тұрғындарының 54,8 пайызы қамтылған болса, өткен жылы 321,5 шақырым су құбыры тартылып, алты елді мекенге таза ауыз су  жеткізіліп, аудан тұрғындарының таза ауыз сумен қамтылуы 82 пайызға жетті. Қырқопа және Қызылоба ауылдарын «Ақбұлақ»  бағыты шеңберінде таза ауыз сумен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ өткен жылы 41,7 шақырым табиғи газ желісі тартылып, тұрғындардың көгілдір отынмен қамтылуы 95 пайызға жетті. Алдағы уақытта Салтанат, Саралжын, Плантация, Борық елді мекендеріне табиғи газ тарту жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Сонымен қатар Жаңақала – Чапаев аутокөлік жолының жөндеу жұмыстары аяқталды. Енді осы аутокөлік жолының бойында орналасқан ауылдық округтердің кірме жолдарын ретке келтіру жұмыстары қолға алынбақшы. Өткен жылы Жаңақала ауылының көше жолдарының 5,7 шақырымына 174,0 млн. теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, биыл ауылдың батыс бөлігінің көшелеріне 6,2 шақырымдық қатқыл табанды, жаяу жүргінші жолдарын салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда, – деді Наурызбай Қадырбайұлы.

Аудан әкімінің баяндауынша, өткен жылы тұрғындардың өз қаражаты есебінен 8693 шаршы метр тұрғын үй салынған. Күні бүгінге әр түрлі санаттардағы 338 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Құрылысы басталған аудан орталығындағы 3 қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй биыл пайдалануға берілмек. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жаңақала ауылында үш қабатты 21 пәтерлік тұрғын үй, екі пәтерлік 40 тұрғын үй салынбақшы.

Жаңақала ауылындағы 1047 тұрғын үйге арналған  жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылым желісін тарту жұмыстары жүргізілуде, қазіргі таңда су құбырын, электр желісін тарту жұмыстары аяқталып, газ құбырын тарту жұмыстарын биыл аяқталады.

Аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, мәдениет пен спорт саласында да оң өзгерістер бар. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен, 3-6 жастағы балаларды мектепалды даярлықпен қамту 100 пайызды құрайды. Аудан бойынша жалпы білім беретін 21 мектеп «BilimBook» бағдарламасымен қамтылып, аудан  орталығында орналасқан үш балабақша мен бір шағын орталыққа балаларды қабылдау қызметі автоматтандырылған. Денсаулық сақтау саласына  жоғары білімді екі жас маман және 12 орта буын медицина қызметкері жұмысқа қабылданған. Өткен жылы аудандық аурухана Жапония елшілігінің грантын иеленіп, асқазан, ішек бейне эндоскопиялық тексеруге арналған 23 млн. теңгенің құрылғысын алуға келісімшарт жасалуда. Жалпы, аудандық ауруханаға 20 млн. теңгеге жуық қаржыға құрал-жабдықтар алынған. Биыл Көпжасар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Ауданның тоғыз ауылдық округінің жетеуінде үлгі жобада салынған мәдениет үйі жұмыс жасауда. Ал Жаңажол, Мәстексай ауылдарындағы клубтардың тозығы жеткендіктен, алдағы уақытта бұл ауылдарға мәдениет үйін салу жоспарлануда. Еліміздегі «Өңірлерді дамытудың – 2020» бағдарламасы аясында төрт ауылдық округ орталықтарында құны 48 млн. теңгені құрайтын үлгі жобадағы спорт алаңдары салынған. Сонымен қатар биыл Жаңақала ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, алты ауылға жазғы үлгі жобадағы жеті спорт алаңын салу жоспарланса, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің  ғимаратын күрделі жөндеу жобалануда.

Цифрландыруды жетілдіру мақсатында аудан мектептеріне 38 дана «BilimBook» бағдарламасы орнатылған. Жаңақала мектеп-гимназиясында IT-сынып ашылып, аудан интернет желісімен 92,6 пайызға қамтылыпты. Сондай-ақ 12 шаруа қожалығы қыстақтарына 13 дана күн батареяларын орнатқан. Аудан орталығының көшелеріне бес бейнебақылау камералары орнатылып, көше қылмысы  9  пайызға  азайған.

Аудандағы жалпы халық санының 24,3 пайызын жастар құрайды екен. Өткен жылы ауданға қызмет етуге келген 30 жас маманға 5 млн. теңгенің көтерме ақысы төленген. Ал 25 жас маман  тұрғын үй алу үшін 79,3 млн. теңге несиеге қол жеткізген. Сонымен бірге аудан орталығында жастардың бос уақытын тиімді әрі пайдалану үшін «Самғау» коворкинг орталығы ашылып, «Жастар» спорт клубы жұмысын бастаған.

Ауданда Елбасымыздың  «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында қозғалған мәселелер төңірегінде де бірқатар  игі  істер  атқарылуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда 312 іс-шара ұйымдастырылып, ақпарат құралдарында 296 материал жарияланыпты. «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында жоспарланған 16 меценаттық жобаның барлығы да іске асырылған. Меценаттық жобалардың жалпы құны 19,2 млн. теңгені құрады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған атқа міну мәдениетін насихаттау мақсатында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан ат спорты  бөлімі  ашылған.

– Елбасымыз алға қойған міндеттерді жүзеге асырып, өңір басшысы берген тапсырмаларды орындауда және аудан экономикасын дамытып, халқымыздың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да жақсартуда береке-бірлігімізді танытып, ұлы істерді бірге жүріп жүзеге асырайық. Мәңгілік еліміздің болашағы жарқын, келешегі айқын, бақыты баянды болсын, ағайын! – деп қорытындылады аудан әкімі өз  баяндамасын.

Есепті  жиында сөз алған ауыл тұрғындары Жаңажол ауылына мәдениет үйін салу, ауылішілік көшелерді жөндеу, қылмыстың алдын алу, көлтабандарға су шығару сияқты түйткілді  мәселелерді  айтып, аудан әкімінің жыл ішінде  атқарған  жұмысына  оң  бағаларын берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев  аудан  тұрғындары  тарапынан айтылған түйткілдердің  шешілу жолдары қарастырылатындығын  жеткізді.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

 

Шаһидолла   ӘБУҒАЛИ,

Жаңақала  аудандық  қоғамдық  кеңестің төрағасы,  зейнеткер:

– Жаңақала ауданы өтпелі кезеңнен қиналмай өткен еді. Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы саласы дамыған, алдыңғы қатарлы аудан екені де анық. Біз өтпелі кезеңнің қиындығын сезінген жоқпыз. Орал – Сайқын тас жолының батыс жақ беті 1997 жылдан кейін салынған құрылыстар мен тұрғын үйлер. Бұл – енді елдің байлығының белгісі. Қазіргі таңда аудан орталығының өзінде 70-ке тарта көше бар. Соның тек қана бесеуіне қатқыл табанды жол төселген. Қалғанының жолы сын көтермейді. Жаңбыр жауса, балшық, қыста қар, тіпті жаяу жүргенге де қолайсыз. Ал жаяу жүргіншілер үшін тротуар деген дүние ауданда атымен жоқ. Осы мәселеге қаржы бөлініп, тротуар салынып, ауылішілік  жолдар жөнделсе деген тілегіміз бар.

Елдің әл-ауқаты көтерілген соң, халықтың да саны артады. Қазіргі таңда 300-дің үстінде бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.  Ауылымыздың батыс бөлігінде 280 орындық балабақша салуға жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Алайда, қаржы мәселесі шешілмей келеді. Осыған қолдау көрсетіліп, қаржы бөлінсе деп сұраймыз.

Тағы бір түйткіл, ауданымыздағы сауықтыру оңалту орталығының бүгінгі мүшкіл жағдайы болып отыр. Бұл емдеу орны Елбасының «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде 2009 жылы салынған еді. Бұл орталыққа емделушілер өңіріміздің барлық ауданынан, көршілес Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан келіп емделіп, сауықтыру шараларын алуда.  Бір жылда 2500-дей адам ем алады екен. Орталық алдымен аудан халқын жұмыспен қамтамасыз етті. Дегенмен де аталмыш орталықтың материалдық базасы он жыл ішінде тозығы жетті. Осыған байланысты осы орталықтың материалдық базасын нығайтуға, қажетті құрал-жабдықтар алуға,  биылғы  жылы қаражат  бөлуге қолдау  көрсетуді  сұраймыз.

Әлихан   ДЕКАРТҰЛЫ,

№3  қазақ  орта  мектебінің  директоры:

– Бірер күн бұрын халық қатты үрейленді. Бұл – жалпыға мәлім қанды оқиға. Аудан орталығында болған қасақана кісі өлтіру фактісі кім-кімді де алаңдатқаны хақ. Екі жігіт ауыр жарақат алып, соның салдарынан біреуі ауруханада көз жұмған. Мұны неге айтты демеңіздер. Кешегі келеңсіз оқиғаға қатысы бар қылмыскердің бұған дейін де бірнеше адамға пышақ салғанын білеміз. Оның ішінде арыз жазғаны бар, жазбағаны бар. Ол кәмелеттік жасқа толмаған  балаларды да суық  қарумен қорқытып, қылмысқа  итермелеген.

Комиссия құралып, бұл іс аяғына дейін жетіп, жазықтылар жазаланғанын қалаймыз. Жалпы, қылмыс жасаған жігіт бұрын теріс діни ағымда болған деседі. Соның салқыны ма деп ойлаймын, осындай қатігездікке әкелген. Полиция қызметкерлері соларды неге қадағалауға алмайды? Құқық қорғау саласының қызметкерлері жұмыстарын  дұрыс  жасаса,  мұндай  оқиға  болмас  па  еді…