30.01.2019, 15:51
Қараулар: 4
«Ұры тиісті жазасын алып, малымыздың құны қайтарылсын!» – дейді малын ұрлатқан қаратөбеліктер

«Ұры тиісті жазасын алып, малымыздың құны қайтарылсын!» – дейді малын ұрлатқан қаратөбеліктер

Газетіміздің әр санын мұқият, жібермей оқып отыратын оқырмандарымыз ұмытпаған шығар… «Орал өңірі» газеті 2017 жылы Қаратөбе ауданында орын алған мал ұрлықтары жайлы мақалаларды ақпан  айынан бастап, шіліңгір шілдеге дейін  дүркін-дүркін жазды. Енді, міне, арада жылдан астам уақыт өткенде сол Қаратөбедегі мал ұрлықтары туралы әңгімеге тағы да қайтадан айналып соғуға тура келіп тұр. Оған бірқатар қаратөбелік ағайынның редакцияға қайта-қайта телефон шалуы, тіпті  арызданып, редакцияға  аяқтай келуі  ең алдымен себепші болды.

Тәптіштей кетсек, анау айтқан мақалалардың жазылуына сол Қаратөбе ауданының азаматы Жалғас Тінәлиевтің арызы ең әуелі түрткі болды. Былайша айтқанда, сол арыздан басталған  «Орал өңірі» газетінің мақалалары айналып келгенде өткен жылдың қараша айында  қылмыстық істің қозғалуына, күдіктілерді қамауға алуға мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Жалғас Тінәлиевтің арызда жазғанындай, 2016 жылдың қарашасында екі жасар бұқашығы ізім-қайым жоғалады. Аяқ баратын жерден іздеді, сөз жететін жерге хабар салды. Табылмады. Көрген-білген біреу болсашы. Айтпақшы, бұған дейін де, 2011 жылы соғымға сояйын деп отырған танасы да тап осылай жоғалған еді. Оны Қаратөбенің кәсіпкері Шұқановтың қорасынан тауып алып, айқай, ұрыс-керіспен әрең алғаны көз алдына келіп тұра қалады. Осыдан көңіліне күдік кірген Жалғас Тінәлиев бұл жолы да Шұқановтың қорасын маңайлап, өтіп бара жатқанында малдың мөңірегенін естиді. Таныс дауыс сияқты. Баспалап барып қараса, өзінің бұқашығы. Қамаулы тұр. Тек құлағында сырғасы болушы еді, онысы жоқ, кесіп тастаған. Тінәлиев телефон арқылы сөйлескенінде Шұқанов: «Танысаң, алып кет» – дейді. Алайда, малын алып кетуге барғанында,  «Полиция маған ешкімге берме!» деп айтты деп» екінші қырына аунап түсіп,  Тінәлиевтің  өз малын өзіне бермей қояды. Ол ол ма, ақыр соңында Шұқанов:  «Бұқашықты Ескендір Төлегенұлы (қарауында жұмысшылары бар, жекенің малын  бағады) «менікі» – деп алып кетті» – деп аузын қу шөппен сүртеді. Айналғанда Ескендір ол баспақты иесіне, яғни Жалғас Тінәлиевке қайтармай, әуре-сарсаңға салады. «Біріншіден, ол малды маған сенікі деп ешкім айтқан жоқ. Екіншіден, Шұқанов малдың иесі жоқ дегесін  алып кеттім. Үшіншіден, оны сразы жоқ қылып жібердім, сұрамай-ақ қой…» – дейді. Тағы бір айнала беріп, «Тошно сенің малың болса, ертең менің көп сиырларым туады ғой… Соның алдағы күзге қарай бір бұзауын аларсың» – деп соғады. Тінәлиев бұл жайында Қаратөбе аудандық ішкі істер бөліміне арызданады. Бірақ олар арызын қабылдамай, азаматты екі ай бойы әбден әуре-сарсаңға салады. Ақыры, бұл туралы ол «Орал өңірі» газетіне келіп шағымданған еді.  Көп ұзамай, арыздың ізімен журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» атты мақаласы  жарияланды. Онда қаратөбелік полицейлердің азаматтардың арызшағымдарына мүлдем құлақ аспайтындары, «ұшынып» тұрған мал ұрлықтарын ашу түгілі, оны жеріне жеткізіп тергеу жүргізудегі мүлдем дәрменсіздігі баяндалды. Сол мақаланың дүмпуінен кейін көп ұзамай, Ескендір Төлегенұлы: «Ол баспақты жойып жібердім, мынау соның орнына»  – деп Тінәлиевке аудандық ішкі істер бөлімінде, полицейлердің көзінше 100 мың теңге өтемақы береді. Баспақтың құнын қайтарған осы сәтті кейін еске алып, Жалғас Тінәлиев былай дейді: – Ақшаны алғаным туралы полицейдің талап етуі бойынша қолхат жазып бердім. Ал Ескендір «Мен бермеймін» – деп шалқайып, ондағылардың сөзін құлағына қыстырмады. Қолхат бермеді. Сөйтіп, баспақтың аз да болса құны қайтып, бұл дау-дамай шешілгендей болады. Алайда Ескендір күндердің  күнінде әлгі 100 мың теңгені кері талап етіп, Тінәлиевке телефон арқылы қорқытып, қоқан-лоқы жасай бастайды. «Орал өңірі» газетіне бұл мәселеге екінші қайтара айналып соғуға тура келді. Оның үстіне бұл кезде газетке тағы да сол Қаратөбе ауданынан көп бала туып, тәрбиелеген Батыр ана Қалампыр Дәулетиярова 14 бас туатын, саулық қойы ұрланғанын  (2016 жылдың 18 қыркүйегінен 19-на қараған түнде ұрланған), аудандық ішкі істер бөлімі «ұрыны іздеп жатырмыз, әне табамыз, міне табамыз» – деп сенделтіп қойғандарына арызданған еді. Осы жолдардың авторы Қаратөбеге арнайы барып, Батыр анамен жолығып, мәселенің мән-жайын білді. Сөйтсе, бұл істе де анау Ескендір Төлегенұлының аты аталып, күдікті ретінде тергелген, бірақ ол «мен ұрлаған жоқпын» – деуден танбаған. Ұрланған қойларға байланысты тергеудің нашар, тіпті жүрмей жатқандығын газет орынды сынға алды.  Тағы бір қызығы, полицейлер Ескендірді аяқтай алып барып,  Қалампыр апаймен көздестіргенде, «Қойды мен ұрлаған жоқпын» – деп тұрып алады. Бірақ кейін оның (Ескендірдің) Мұса деген ағасы Қалампыр Дәулетиярованың Ақтөбе қаласында тұратын баласы Оразбекке телефон шалып: «Әй, құрдасым, сенің мамаңның қойлары табылды. Сүйінші!.. Мамаң қанша сұрайды?» – дейді (бұл кезде 14 қойдың ұрланғанына бес ай өткен еді. Сірә, полицейлер газеттегі мал ұрлығына байланысты мақалалардың дүмпуінен Ескендірді қыспаққа алды ма, әлде басқалай себептері болды ма, тергеуге «жан» біткендей әсер қалдырады). Оразбек болса: «Менің малым болса, сендерден туатын қозыларын қосқанда 700 мың теңге талап етер едім… Мал анамдікі! Анаммен сөйлес!» – деп қайырып тастайды да, анасының телефонын береді.  Содан көп ұзамай, Ескендірдің ағасы Мұса «Ескендірмен сөйлестім, 700 мың теңге төлей алмаймын, 350 мың теңге төлеймін деді» – деп Қалампыр апайға өзі телефон шалады.  Газет бұл туралы да «Бірі ақшаңды апарып береміз» десе, екіншісі, «Ұрыны тауып беремін» деп Батыр ананы сенделтіп қойды» деген тақырыппен көлемді мақала жариялады. Сол мақала «ертең  жарық көреді» – деп қатталып жатқанда, Қалампыр Дәулетиярова редакцияға шұғыл телефон шалып: «Ескендір мен Мұса маған телефон шалды. «10 мамырға дейін 350 мың теңгеңді апарып береміз. Ешкімге ештеңе деме, полициядағы арызыңды алма, жата берсін?» – деді. Айтқандай, 10 мамыр күні (2017 жылы) Батыр ананың қолына біреу «бережақ адам беріп жіберді» – деп 350 мың теңгені ұстатып кетеді. «Орал өңірі»  газеті бұл жәйтті де қағыс қалдырмай, Қалампыр апайдың айтуымен «350 мың теңгемен құтыламыз дей ме?..» қойларын ұрлатқан кейуана осылай дейді» деген тақырыппен сол бойда мақала жариялады.

 

*   *   *

Өткен 2018 жылдың қараша, желтоқсан айларында Қаратөбе ауданынан азаматтар қоңырау шала бастады. Онда олар: «Біраздан бері малды ұрлады-ау деген күдікке ілінсе де, ұстатпай жүрген азамат қасындағы сыбайласымен ақыры тұтылды, қазір қамауда жатыр», – деп қоңырау шала бастады. Біз оның аты-жөнін сұрадық. «Ескендір Төлегенұлы» – десті олар. «Оны ашқан облыстан аудан полициясына зам болып келген тергеуші Бақберген Молдагереевке мың алғыс! Ол келмегенде бұл ұры ұсталар ма еді, ұсталмас па еді?» «Ал енді ұсталса, ұсталып қана қоймай, тергеу изоляторына қамалса, әрі қарай сот шешеді ғой»  дедік. «Әңгіме сонда ғой, тағы да сытылып кетсе, халықты тағы да қан қақсатады ғой. Тілшілер келсін, біздің айтарымыз бар» – деп Қаратөбеге келуімізді, малын ұрлатқандармен кездесуімізді, олардың уәжін тыңдауымызды өтінді.

«Біз тергеудің аяқталуын күтейік» дедік. Бірақ телефон соғушылар жәбірленушілер ретінде арыз-шағымдарына құлақ салуымызды алға тартып, кездесуімізді талап етумен болды. Оған да шыдап, жүгіріп бара қоймадық. Күндердің күнінде (2018 жылдың 10 желтоқсанында) сол азаматтардың атынан «делегат» болып, Қаратөбе ауданы Жусандыой ауылдық округінің тұрғыны Манас Қайырлиев редакцияға арнайы келді. Малын ұрлатқандардың «Тілші келіп бізбен кездессін» – деген ауызша аманаттарымен бірге өзінің арызын ала келіпті. Сөйлемдері мен үтір, нүктесін өзгертпей берсек, арызда былай деп жазылған: «2018 жылдың 16 маусымында күнде өрістен өздері келіп жүрген 6 бас малым (қашар, құнажын, дөнежін, баспақтар) өрістен келмей қалды. 17-18 маусым атпен іздедім, кейін көлікпен іздедім. Участковыйға хабарланды. Бірақ одан ешқандай іздеу, тергеу болмағасын аудандық ішкі істер бөліміне бардым. Олар бірден көлік берді. Бірақ сол кезде мал табылмады. Алайда кейін 6 бастың 2 басы Ескендір дегеннің малынан шықты. Жалпы, Қаратөбеде соңғы жылдары мал ұрлығы көбейді. Халық ол ұрлықтарды осы Ескендірден күдіктенетін. Жақында сол Ескендір ұсталып, қамалды. Тергеу жүріп жатыр. Бірқатар адамдар малдарын осы Ескендірден тауып алып жатқан көрінеді. Халық ашынып отыр. Енді тергеу әділ жүріп, қылмыскер жазалануы тиіс дейді халық, мен де соған қосыламын». Қолы қойылған. Одан әрі Манас  екі баспағын Ескендірден қалай шыққанын өз  аузынан айтып берді (сөзі диктофонға жазылып алынды). Бұл туралы кейін баяндалады. Қаратөбеден ат терлетіп арнайы келген Манас ақыры біздің Қаратөбеге барамыз деген уәдемізді алып, ауылына аттанып кетті. Тергеу жүріп жатқасын біз «қырық сылтау» айтып дегендей, Қаратөбе сапарын кейінге қалдыра бердік. Содан көп ұзамай, Қаратөбеден тағы бір азамат редакциямызға әдейі келді. Рысқали Бірғалиұлы Есмурзин Қаратөбе аудандық санэпидқадағалау басқармасында бөлім бастығы болған.  40 жылдан астам абыройлы еңбегінің бүгінде зейнетін көруде.

– Ауылдағы қазақтың қарайтыны да, сүйенетіні де қорасындағы малы. Алайда Құдайдан қорықпайтын, ар мен ұяттан безген ұры деген арсызға сол малдарымыз оңай олжа болды. Бұған бір тыйым болмай ма? – деп ақ-сақал ашулана сөйледі. «Мынау өз қолымнан газеттеріңізге тапсыратын арызым, осында тоқетері жазылған. Әйтпесе, «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деген ашу қайнағанда, әңгімеміз ұзап кетер деп, нақтысын жазып әкелдім».

Оқушы дәптерінің қос бетіне мынандай сөздер өрнектеліпті.

Еш жерін өзгертпедік, қол тигізбедік. «Мен Қаратөбе ауданының тұрғыны зейнеткер Исмурзин Рысқали Бірғалиұлы Төмендегі жағдайды хабарлай отырып, аудан орталығының көптен бері жеке малын ұрлап, оңай баю жолына түскен ш/қ Ескендір деген жақын арада фактілермен қолға түсті, ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр деп естілуде. Қаратөбе орталығынан ірі қара-сиыр малдары және бірнеше бас жылқы жоғалуда. Бұл Ескендірді толықтай тексеріп заңды жолымен отырғызу керек және бұл жалғыз емес группавой болуы мүмкін, анықтағандары жөн. Менің өзімнен есеп бойынша 2016 жылы 4 жасар бұзаулы сиырым және қашарым өрістен жоғалып кетті, с/әкімшілікте есепте тұрады құжаттары (ветсправкалары) үйде сақтаулы тұр ішкі істер бөліміне берілді  2017 жылы 1 бас күрең қашарым кетті жоғалып. Ал, жылқы малының жоқтығы, ұзын саны, ірілі уақты 16 бас жоқ, анықтап айтатын болсам 2 бас бие, 3 бас дөнен, 3 бас байтал, 5 құнан, 3 жабағы. Барлық саны с/әкімшілікте есепте тұрған, барлық базыдағының саны 23 бас жылқы бар. Былтыр күзде (2017 жылды айтып отыр. Ред.) автокөлікпен, биыл (2018 жыл. Ред.) автокөлікпен 2 күн іздедім жылқымды таба алмадым, еш нәтиже жоқ. Енді далада отырып, жеке малымызды бағудан қалдық. Қазірде соңғы жылдары ит құс (қасқыр) жоқ, екі аяқты ұрыларға жем болып отырмыз. Тиісті шарасын алып, жеке мал жоғалтқан, жеке тұрғындармен сөйлесіп, ұрылардың жағынан малдың өзін немесе ақшалай құнын өндіріп төлетуді сұраймын. Ауыл тұрғындары атынан  зейнеткер Рысқали Исмурзин Бірғалиұлы  Қаратөбе селосы. 12. ХІІ 2018 жыл.». Осы арызын редакцияға тапсырып жатып, Рысқали Бірғалиұлы «Есенжол, естеріңізде ме, 2017 жылы малдарын қолды қылған Қаратөбенің бір топ тұрғындары қол қойған арызды әкеліп өзіңе тапсырдым. Сонда осы Ескендірге күдігімізді жасырмай жаздық. Арызды сол күйінде газетте жариялауды сұрадық. Бірақ ол жарияланбай қалды. Енді мына арызым да соның кебін киіп жүрмесін. Арыздағы жазылғандарға сенбей отырсаңыз, Қаратөбеге келіңіз, малын ұрлатқандармен көзбе-көз кездесіңіз, арыздарына құлақ түріңіз. Ескендірді неге «ұры» – деп отырғанымызға сонда, бәлки, көздеріңіз жетер» – деп  шегелеген  еді.

Ақиқатына келсек, Жалғас Тінәлиев пен Қалампыр Дәулетиярованың арыздарына байланысты 2017 жылы Қаратөбеде қайтақайта болғанымызда, малын жоғалтқандардың дені анау Ескендір Төлегенұлынан күдіктенетіндерін, полиция оны бүркемелеп отырғанын айтумен болды. Бұл туралы бір жылдың ішінде «Орал өңірі» газетінде бес дүркін мақала жарияланды. Алтыншы мақала сот отырысынан жазылды. Газетті және анау мақалалардың авторы Есенжол Қыстаубаевты Шұқанов сотқа беріп, әуелі 5 млн. теңге, кейін 3 млн. теңге моральдық шығын талап еткен еді. «Газетті қалпақпен ұрып алып, қарық болайын деген» Шұқановтың дәмесін (талабын) сот қанағаттандырусыз қалдырды. Осы аралықта мақалалардың ізімен жүрген тергеп-тексерулердің нәтижесінде Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімінің  басшысы бар, қосшысы бар 4 полицей жұмыстарымен қош айтысты, бірқатары тәртіптік жаза алды. Бірақ халық «Ұры неге ұсталмады?» – деп бұған аса бір риза болмай, газетке арыздануларын доғармады. Айналып келгенде, өткен жылдың қараша айында облыстық ІІД-ның арнайы тобы Қаратөбеге шұғыл жетіп, Ескендір Төлегенұлын қасындағы  көмекшілерімен тұтқындап, тергеу изоляторына қамады. Әуелі екі айға қамалған ол (қасында тағы біреуі бар) енді олардың қамақ мерзімі тағы ұзартылып, тергеу одан әрі жалғасуда. Міне, содан бері жоғарыда баяндағанымыздай, қаратөбеліктер «Орал өңірі» газетіне қайта-қайта телефон шалып, жағдайлары келгендері редакцияға  аяқтай келіп, тілшілердің малын ұрлатқандармен кездесуін талап етумен болды. Газет бұқараның жоғын жоқтаушы, яғни халықтікі. Сондықтан халықтан үлкен емес, ақыры жолға шықтық. Сонымен, қаратөбеліктер айтудай айтып келе жатқан Ескендір Төлегенұлы қалай және не үшін қамалды? Енді соған келейік. Бірден айтып, мәселенің басын ашып алғанымыз жөн. Ескендір Төлегенұлының қылмыс жасағанын немесе жасамағанын алдағы уақытта тек сот қана шешеді. Ол қазір күдікті ғана. Сондықтан «Орал өңірі» газеті де, осы жолдардың авторы да «анау қолды болған малдардың бәрін ұрлаған осы – Ескендір Төлегенұлы» – деп біржақты шешім қабылдаудан мүлдем  аулақ. Тек  бұл туралы қаратөбеліктер (малын ұрлатқандар) газетке не айтқылары келді, соған құлақ түруге мәжбүрміз.

Алдын ала айтсақ, «Орал өңірі» газетінің фототілшісі Темірболат Тоқмамбетов екеумізді Қаратөбеде малын ұрлатқан 16 адам күтіп отыр екен (Қаратөбеде 2019 жылғы 8 қаңтарда кездесуге келгендердің сөздері түгелдей диктофонға басылып және бейнекамераға түсіріліп, жазылды. Ред.).

Ауылдардан қатынасқа байланысты орталыққа жете алмаған 5-6 азамат, сәлем айтып, ұжымдық арызға қолдарын қойып жіберіпті.  Сонымен өткен жылдың қарашасында Ескендірдің шұғыл тұтқындалуына төмендегі жағдай себепкер болған. Біраздан бері Ескендірмен көрші отырған жеке шаруа Орын Шурменов бізбен кездескенде былай деді:

– Менің малымды ұрлап, содан ашылып тұр ғой, бәрі… Қазан айының 4-і күні (2018 жылғы) машинамның моторы кетіп қалып, қалаға баратын болдым. Ескендірдің інісі Болатпен келістім де, «Аудиді» сүйреп алып кетейік» – деп тіркеп,  трассаға шықтық. Қатты айдайды екен, сондықтан май құйып, машинаны тұтатып әрі қарай өзім кеттім. Келесі күні машинаны жөндеуге қойып, содан 7-сі күні бітірдім де,  түнделетіп, сағат  11-де  қырдағы үйіме келдім.

Олар менің келгенімді білген жоқ. Ертесіне (8 қазан) малымды қарап, санап  түгендей қойған жоқпын, білмеймін. Машинамның уақтүйектерін қарағанымша обед болып қалды. Мені әуелі Оралбек көрді (Ескендірдің көмекшісі), көрді де өтіп кетті. Сосын Ескендір ағай жетіп келді. Сірә, разведкаға келген ғой. «Сабыр ағаңды (Ескендірдің малшысы) таба алмай жатырмыз, 2-3 күн болды мал жоғалды, табылмай жатыр» – деді. Сосын «Ренаттың (мал бағады) нөмірі жоқ па, соған шықшы» – деп кетіп қалды. Ренатқа шығып «Сабыр ағам бар ма?» – дедім. Ол «Бар, түнде сағат 11-де келді» – деді. Мен Ескендірдің жаңадан салып алған үйіне қарай келе жатыр едім, ол менің алдымнан атып шықты. Мен білмеймін ғой, сонда менің малым қорасында қамаулы тұр екен. Оны сол күні сойып, түнге қарай алып кеткен ғой… Мен білмеймін ғой… Ол Ренаттың нөмірін жазып алды. Түс қайта малдарым келді. Ескендір үйінен шықты да, «Нивасымен» Ақтайға қарай кетіп қалды. Содан қайтып келіп, кешке қарай соңында тіркемесі бар «Нивасымен» кетіп бара жатты. Мен әлі малымды түгендеген жоқ едім, білмеймін. Қолында пакеті бар, бір баланың қорадан шығып, Оралбектің үйіне қарай ке-тіп бара жатқанын көрдім. Менің ойымша, ол бала сойылған малдың өкпе-бауырын қуырдаққа алып бара жатқан болып тұр ғой. Сонда Ескендір менің малымды сойып, етін тапсыруға алып кеткен болып тұр ғой. Нұрғауым деген бар, тракторист, Мұхамбетжанов деген, сол келе жатыр екен. Одан: «Ескендір ағам мал алып бара жатыр ма?» – дедім. Ол әуелі үндемей қалды. Сосын екінші сұрағанымда: «Иә, мал алып кетті» – деді. Ескендірдің жатпайтынын жұрт біледі ғой… Сезіктене бастадым. Малымды барып түгендесем, бір сиырым жоқ. Қараңғы түсіп кетті, сразу білдім… Келесі, 9 қазан күні Құрманбекке (ветврач. Ред.) шықтым да оған: «Ескендір ағам мал алып кетіпті ғой, справка алды ма?» – дедім. Ол: «Иә, алды» – деді. Әйелі алып кетіпті справканы. «Қандай малға алды?» – деп сұрадым. Құрманбек: «Өгізге» – деді. Сосын участковый Төлегенге звондадым: «Тексердің бе, паспортын қарадың ба, басын фотоға түсірдің бе?» – деп.

Ол: «Басын фотоға түсірдім, паспортын, несін, документін дұрыстап  қараған жоқпын,» – деді.

«Саған қандай мал деп айтты?» – дедім. «Сиыр деді» – дейді участковый. Ветврачқа өгіз деген, ал участковыйға сиыр деген, күдігім күшейе түсті. Онда сиырдың басының фотосын маған жібер дедім. Ол жіберді. Ветврачқа сиырдың басындағы сырғасының нөмірін тексерші, кімнің атында, қай күні кеткен мал, – дедім. Сөйтсе, ол мал Қаратөбеден бұған дейін сатып алған малдың басы екен. Соны Ескендірдің атына тіркеткен, анау Болат деген інісі  оны бір жұма бұрын сойып алып кеткен екен. Менен ұрлаған сиырымның орнына соның басын салып кеткен екен. Бұл жәйтті участковый Төлегенге айтып едім, ол анау деді, мынау деді мыңқылдап. Сосын болмағасын замға (аудандық ішкі істер бөлімінің), Бақбергенге бардым. Бәрін айттым. «Ескендірден көремін» – дедім. Ол бірден арыз жаздырып алды. Содан ауылға келіп, Ескендірдің қорасын тексергенде, сиырымның екі мүйізін тауып алдық. Ескендір әуелі мойындамай, сосын мойындап, сиырымның құнына 300 мың теңге төледі.  Содан кейін Ескендір: «Сен айтып қойдың» – деп малшысы Сабырды қол-аяғын байлап, ұрып-соққан. Ұрып-ұрып, қол аяғын байлап, баняға лақтырып тастаған ғой, өзім шешіп алдым, таңертең мал шығарып жүрсем, біреу айқайлайды. Барсам, Сабыр ағай. Аяғы шешіліп кетіп, қолы байлаулы,  банядан өзі шыққан, қолы қарайып, күп болып ісіп кеткен, қан бармай. Машинаға салып алып, доғдырға алып бардым. Сол жерде Сабыр ағай маған: «Мен анда бармаймын, аналар мені өлтіреді, қалаға кетемін» – деді. Тоғыз жылдан бері Ескендірдің малын баққан екен. Айтпақшы, осыдан бір жыл бұрын да бір сиырым жоғалған еді. Оны да тап осылай Ескендір ұрлап алып, сойып, тапсырып жіберіпті. Және де мен үйде болмағанда ұрлайды. Анау бірінші сиырымды қалаға 7 қараша 2017 жылы тойға кеткенде ұрлады. Әуелі Ескендір звондады: «Сен, інім айналдың ғой, қашан келесің?» – деп. Мен ойымда ештеңе жоқ: «Бір-екі күнде барамын ғой» – дедім. Сөйтсе, қашан келетінімді білейін деп, жақауратып, әдейі  звондап тұр екен. Сол күні түнде сиырымды сойып, тапсырып жіберген. Мұны да Сабыр ағай айтып берді. Айтпақшы, ұрлаған екінші сиырдың ақшасын төлегеннен кейін бір күні Ескендір маған келіп: «Інім, полицияға бармай-ақ, өзіме келуің керек еді ғой…» – дейді. Әуелі көмекшісі, оң қолы Оралбекті тұтқындады, содан көп ұзамай Ескендірдің өзін қамады. Мал соятын қорасының ішінде терең құдық болған екен, соған ұрлап сойған малдарының басы мен сирақтарын сала беріпті. Оны полиция тексеруге келерде бұлар қайта-қайта өртеп, әлекке түскен (аудандағы полицияның ішінде біреулар звондап, алдын ала ескертіп жүр ме?.. Ред.). Ұрлықтарын жасырайын деп жүр ғой. Бірақ беткі жағының күлдерін аршығаннан кейін бас, сирақтар, терілер шықты. Малын ұрлатқандардың бірқатары содан малдарының қалдықтарын танып алған. Орын Шурменов осылай деді.

Тілшілермен кездесуге келген Рысқали Есмурзиннің арызын, сөзін  жоғарыда келтірдік, қайталап жатпайық. Тек мына бір айтқанына көңіл қоялық. – 2016 жылы Қаратөбенің орталығынан бір күнде 22 бас кетті. Сол малдарды Қосақ  деген жерден Кіші Қоскөлге (Ескендірдің қыстағы) қарай екі салт атты айдаған. Оны Болат Сәрсенғалиев деген кездейсоқ көрген. Бірақ көргенін кейін айтқан. Сол 22 бастың ішінде менің бұзаулы сиырым және бітеу қашарым кетті. «Ескендірден күдіктенсеңіз, бармадыңыз ба, жоқ іздеген болып…» – дедік біз Рекеңе. «Бардым. 137 бас ірілі-ұсақты сиыр малы жатыр екен. Ішінде болмады. Бақташысынан сұрап едім, ол міңгірлеп ештеңе айтпады. Енді «Ұры ұсталды» дегесін, содан ғана күдіктенеміз. Сосын Қаратөбе ауылдық округінің бұрынғы әкімі болған Ғалымгерей Қайырғалиевтің жекенің малын бағуды ұйымдастыруға құлқы болған жоқ. Ол ұрыларға тіпті керім болды. Әлі де солай.

Сонау жылдары осында Сұлтанғалиева Зәуреш деген апай болды.

Әйел адам болса да, сол апай 7 жаққа мал шығарып, жекенің малын бағуды керім ұйымдастырды. Ал мыналарға айтсаң: «Өй, аға, бақпайды» – дейді. Ал мына ұрлық ашылып жатыр, малымызды өндіріп берсін!

Темірболат Сағынов: «Сонау 2016 жылы жоғалған 22 баспен бірге менің бір бас сиырым кетті». «Менен», – дейді Жанболат Батыров . «Анау ұрланған 22 бастың ішінде 7 бас сиырым бірге жоғалды. Баймашев Аманкелді дейтін замандасымнан 4 бас ірі қара қолды болды  сонда».

Осы жерде әңгімеге Асқар Биялиев араласты: «Сол 22 басты 20 күн бойы кезектесіп іздедік. Жымжылас. Содан бір күні Батыровтарға (7 бас сиыр малын ұрлатқан) хабар келді. Сәрсенғалиев Болат деген айтыпты: «20 шақты малды Кіші Қоскөлге (Ескендірдің қыстағына қарай) қарай айдап бара жатқан екі салт аттыны көрдім» – деп. Біз ол жаққа екі рет бардық. Бір барғанда Ескендір болмады.  Бір-екі күннен кейін сол жақта «КамАЗ» жүрген көрінеді деге-сін, күдіктеніп, бірден бардық. Ескендірдің Сабыр және тағы бір жігіті кездесті. «Ескендір моншаға түсіп жатыр» – деді. Сосын өзімен кездестік. «Біздің жаққа мал келген жоқ» – деді. Спокойно. Сөзіне сендік те қайтып кеттік. Қораларына кірмедік қой, сөзіне сеніп. Ол кезде полиция арызымызды алмады, тергемек түгілі».

Шаруа  қожалығының иесі Ерболат Ситалиев: «2015 жылы қарашада 17 бас ірі қарам кетті. Ал, 2016 жылы қыркүйекте 18 бас, барлығы 35 бас малым ұрланды. Күйлері жақсы кезде кетті. Милициялармен Ескендірге іздеп бардық. Ол үйінде болды. Малын көрсетті. Қораларын қараған жоқпыз. Сөйтсек, анау 18 басым сол сәтте қорасында қамалып, сойылып жатыр екен. Ол кеше Ескендірдің ұрлығы әшкереленіп жатқанда, тергеуде белгілі болып отыр. Малшысы менің малдарымның түртүсін, енін, қай жерден айдап кеткенін, бәрін тергеушіге айтып берген. Біз малымызды іздеп барғанда, малшылары «Қораға келіп қалмаса жарар еді» – деп, қорадан сығалап, зәрелері ұшып тұрыпты. Ал Ескендір бізді алдарқатып, «Малымның ішінен қараңдар» – деп жайылыстағы малға алып кетті ғой…».

Айман Әндірова: «Төрт  бас ірі қарамды ұрлаттым. Көршілерімнен кетті. Думаннан бұзаулы сиыр,  Наурызбайдан бұзаулы сиыр, Жақсығалиева Зүбайра апайдан барлығы 11 бас кетті… Осылар бір күнде кетті.

Іздедік, таптырмады. Ескендірге бардық милициямен. Ол: «Малымнан қара», – деді. Қарадық. Жоқ. Қораларын қарамай тұрмыз ғой…».

Төрт басын ұрлатқан Аманкелді Баймашев, 2 сиыр, 4 баспағын алдырған Тілекқабыл Ғабделов, 2 сиыры қолды болған Жәмилә Ғабдыраш жоғалған малдарын Ескендірден күдіктенетіндіктерін айтты. Тілекқабыл Ғабделов айтады: «2016 жылы 6 бас сиыр малым кетті. Ескендірге бардық. Ол бізге: «Осы былай қарай, бір бөтен малдардың кетіп бара жатқанын көрдім», – деді қырға қарай көрсетіп. Соған мәз болып, оның нұсқаған жағына қарай кеттік. Қораларын қарамай тұрмыз ғой.

Сөзіне сеніп… Оны кейін тергеу анықтап, біз барғанда қораларының біріне қамап қойыпты. Артынан сойып, жоқ қылған. Ескендірдің өзі «Нивамен» жүріп, ұрлайтын малдарды алдын ала қарайды екен. Сосын малшыларын жұмсап, айдатып алады да,  жым-жылас қылады екен. Оны тергеуде малшылары  айтып  берген».

Бір бас сиырын қолды қылған Жақсылық Мұхамбетовтің жұбайы Әйшиева Бақыт: былай дейді:

«2016 жылы 5 қыркүйекте көршімнің баласы менің сиырымды көлікке тиеп, Ескендірге апарып тастаған. Онымен соттастық та.

Бірақ паспорты бар, сырғасының нөмірі бар сиырымды әкімдік тегілер компьютердегі базадан шығарып тастағандықтан, сотта жеңіліп қалдық. Көршінің баласы түнде қалай ұрлағанын көрген, қамаған кісі бар, басқа да айғағымыз бар. Көршінің балалары да көрген. Ескендірдің малшысы менің сиырымды қабылдап алады. Ұрлап апарған көршім «Өзімнің малым» – дейді. Біздер іздеп бардық. Ескендір жайылысқа шығарып жібердік дейді. Біздер әйда іздедік. Семіз сиыр ғой, жоқ  қылған».

Жусандыой ауылының тұрғыны Ермекқали Табылдиев былай дейді: «2014 жылы  Жусандыойдан ішінде менің жылқым бар, 5 бас жылқы кетті. 2015 жылы наурыз айында бір бием кетті. Кезінде участковый «Бәрібір табылмайды» – деп арызымды қабылдамады. Енді Ескендір ұсталғасын барып, арызымызды жаздырып алды».

Сырым Оразов, Жусандыой ауылының тұрғыны: «2014 жылы құлынды бием кетті. 2015 жылы екі бием кетті. 2017 жылы күзде Бақберген Молдагереев зам болып келді ғой. Сол кісі маған арыз жаздырып алды. Ен, таңбасын бәрін сұрады. Сол Бақбергенге ризамыз, сол келмегенде, мына ұрлық ашылмас еді. Рақмет айтамыз. Содан тергеуде анықталып отырғанындай, менің құлынды биемді тағы да бес баспен айдап апарған Ескендірге. Биені сойып алып, құлын қалған. Мұны Ескендір мойындаған дейді. Енді осы Бақберген тергеп ашқан қылмыстар аяқсыз қалмай, ұры сотта дұрыс сотталып, жазасын алса  деп  талап  етеміз!».

Зейнеткер Асқар Биялиев айтады: «Ескендір біреудің тракторын өртеп жіберді, тағы біреудің тракторын аударып тастады. Олардың бәрін төледі. «Нивасын» аударып тастады. Оны төледі. Жұрттың малын бағады. 20 бас мал қорада тұншығып өліп қалды. Оны да төлеп құтылды. Ақшаны қайдан алып жатыр? Новый «Нива» алды. Өзі дым жұмыс істемейді. Осыны дұрыстап тергеу керек қой».

Далабай Ташай  былай деді: «2016 жылы желтоқсанда 2 бас сиырым кетті. Полицияға айқайласып, арызымды алдырдым. Ескендірдің малшылары әуелі қарайды екен, сосын ұрлайды екен. Мен оларын өз көзіммен көрдім, малымды іздеп жүріп. Екі салт  атты малдарды қайырмалап жүр екен. Үстінен  түстім.  Қашып  кетті».

Бұған дейін редакцияға аяқтай, 2018 жылдың 10 желтоқсанында келіп кеткен Жусандыой ауылының тұрғыны Манас Қайырлиев бұл жолы да тілшілермен кездесуге келіпті. Ол бізге былай деді: «Өткенде айттым, газетке арыз бердім онда айтылды бәрі. Алты бас семіртіп, ақшалайын деп отырған малдарым ұрланды. Екі рет іздеп барғанымда, Ескендір болмады. Үшінші рет қасымда екі полицей бар, кездестік. Ескендір маған: «Сіздің малыңыз ба?» – деді. «Иә» – дедім. Ескендір маған «Қосағасы, мен ұрлық жасамаймын. Бірақ келген малды қайтармаймын» – деді екі полицейдің көзінше. Нагло. Болды. Қаратөбенің малын ақшаға бағады Ескендір. Содан аудан тұрғыны Сандуғаш Нұғыманованың малын жоғалтып, орнына екі баспақ әкеліпті. Сандуғаш: «Мынау, менің малым емес, ұрлық болар» – деп алмайды.

Ескендір: «Алсаң да осы, алмасаң да осы, басқа мал жоқ» – дейді. Содан Сандуғаш қолхат жазып, әлгі екі баспақты алып қалады.

Бір күні тергеуші маған звондайды: «Сіздікі емес пе?» – деп. Барсам, менікі!!! Таныдым! Ана Сандуғашқа жетпес малдың орнына ысырып жіберіп тұр ғой. Төрт басым жоқ. Оны сол Ескендір құртып жіберіп тұр ғой. Мен тек содан көремін. Енді тергеу дұрыс жүрсін! Ұры сотталсын деймін».

Кездесуге келген азаматтар мен азаматшалардың шағымдары осылай жалғаса береді. Оның бәрін бастан-аяқ тізбей-ақ, осы жерден доғарайық. Қалғандарының айтқандары редакцияда сақтаулы тұр. Енді осынау қозғалған қылмыстық іс туралы тергеуден не хабар? Соған құлақ салайық. 2018 жылдың 20 желтоқсанында редакция қол жеткізген ресми дерек  былай дейді: «Ескендір Төлегенұлы 1976 жылы туған. Бұрын екі қайтара сотталған, мал ұрлығымен. 2015 жылдан бергі, үш жылдан бергі мал ұрлықтары анықталып отыр. Ақтайсай, Қаратөбе, Алакөл, Егіндікөл, Жусандыой және Кіші Қоскөл ауылдарының малдарын ұрлап келген. Қазір 18 қылмыстық істі дәлелдеп отырмыз. Оның 3-еуі ауыр дәрежеде, 15-і орта дәрежеде. Ауыр дәрежеде дегеніміз – жәбірленушіге келген шығын 1 млн. 300 мың теңгені құраса, ол ауыр дәрежелі  болып есептелінеді. Ұрланған 78 бас сиыр, 28 бас жылқы анықталды. Қазір сыбайласы Оралбек Дәулетияров екеуі қамауда отыр. Қылмыстары көп. Әлі дәлелденуі керек. 2018 жылы қазан айының ішінде өзінің малшысы Сабыр деген азаматты Дәулетияров Оралбекке сабатып, ұрып-соғып, қол-аяғын байлап, қамап тастаған. Соңғы 10 жылда ол азаматтың еңбегіне бір тиын да төлемеген. Қаратөбенің он шақты адамы: «Қамауға алынсын, уақытша шығарылмасын» – деп облыстық сотқа арыз жазып, олардың қамау мерзімі тағы ұзартылды». Бұл өткен жылдың 20 желтоқсанында бізге жеткен нақты мәлімет.  Енді қаратөбеліктердің шақыртуымен барған 2019 жылғы 8 қаңтардағы кездесуімізден кейін, яғни арада 20 шақты күн өткенде сенімді ақпарат көзінен белгілі болған мәлімет мынандай: «Ескендір Төлегенұлы мен Оралбек Дәулетияровтың ұрлықтарын тергеу одан әрі жалғасуда. Екеуі әуелде түрмеде бірге отырған, бұрыннан бірін-бірі жақсы біледі. Ұрлықтары ашылып жатыр. Өздерін тұтқындаған кезде малдарының ішінен әлі сойып үлгермеген малдар шыққан. Иелері танып, алып кеткендері бар. Малдарын 3-4 жыл бұрын жоғалтып, оларды Ескендірдің малынан тауып алғанда көздеріне жас алып, жылағандары да бар көрінеді. Тіпті 2011 жылы жасаған ұрлықтары да анықталып отыр. Осы кезге дейін 90-дай ірі қараның, 40 бастай жылқының ізі шығып, 23 қылмыстық эпизод белгілі болды. Ұрланған малдарды Ескендірдің өзі тапсырып отырған. Малшылары сойып, тиеп береді, болды. Ешкімді қасына ілестірмейді. Малын жоғалтып, іздеп барғандарды қораларына кіргізбеген».

 

*    *    *

Талтүсте басталған кездесуіміз қараңғылық қоюланып, түн көрпесін жапқанда барып аяқталды. Қаратөбеліктердің айтқан сөздері диктофонға басылды, бейнекамераға қоса түсіріліп, жазылды. Қайтуға жиналдық. Бірақ кездесуге келген халайық тарай қоймады. Қоңыр тірлік кешкен қарапайым ауыл адамдары күнкөріс, тұрмыс, шаруа жайын әңгімелеп, қайтуға асықпады. Бірақ қай тақырыпқа барса да, әңгімелері мынау мал ұрлығына айналып соға берді. «Ескендірдің есіруіне аудандағы бұрынғы полиция қызметкерлерінің де қосқан үлесі зор», «Олар сыбайлас болған ғой, полиция мен ұрылар сыбайласқасын ұрлық ашыла ма?

Ұры басқа шықпай қайтеді?..», «Ауданның  полиция бастығынан шығарылған Нұрмағамбетов пен оның орынбасары Жұмағалиевтердің осы Ескендірмен байланыстарын дұрыстап тергеу керек. Талай нәрсе шығады». «Ескендірдің ұрлығы ашылып жатыр. Дұрыс! Бірақ осы жерде ол мал тапсырғанда тиісті құжаттарды қайдан алды? Кім берді? Округ әкімін, ветврачты, участковыйды дұрыстап тергеу керек қой… Малды, етті, қайда, қалай тапсырды? Оны да анықтау керек? Бұл ұйымдасқан қылмыс емес пе?..» Полицияға осы тақілеттес өкпе-реніштерін қаратөбеліктер сол түні айтудай-ақ, айтты  бізге. Сосын: «Мына ұрылар әділ жазадан құтылмауы керек, малымыздың құнын қайтарып алуымыз керек» – деді бірауыздан. Ол енді  соттың  құзырында, ағайын!!!

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі,

Қазақстанның  құрметті журналисі,

Қаратөбе  ауданы

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.