30.01.2019, 15:46
Қараулар: 1
Мектептегі ас мәзіріне балалардың көңілі тола ма?..

Мектептегі ас мәзіріне балалардың көңілі тола ма?..

Болашақ ұрпақтың денсаулығына бала кезден мән беру – дені сау ұлт қалыптастырудың бірден-бір кепілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесі бойынша адамның дені сау болуы физикалық, рухани және әлеуметтік жағдайының жақсы болуына байланысты екен. Денсаулықтың негізгі көрсеткіштерінің бірі – дұрыс тамақтану. Соның ішінде мектеп оқушылары қалай тамақтанып жүр? Жетіліп келе жатқан жас ағзаға қажетті дәрумендерді мектеп асханасындағы мәзірден кездестіруге бола ма? Осы сұрақтар бүгінде қоғамды алаңдатуда.

Жақында «Нұр Отан» партиясы Батыс Қа-зақстан облыстық филиалының бастамасымен «Мектеп асханалары» партиялық жобасы аясында Орал қалалық №7 және 21 орта мектептерінде мониторинг жүргізілді. БАҚ өкілдерімен бірге мектеп асханасындағы ас мәзіріне назар аударған «нұротандықтар» балаларға дайындалған ыстық тамақтан да дәм татып көрді. Біз барғанда №7 мектеп асханасында бастауыш сыныптың оқушылары тамақ ішіп отырды.  Ең алдымен көзге түскені – әр балаға берілетін сары май жағылған бір тілім нанның жарты бөлігі. Ботқа. Компот. Оқу-шылардың көбі ыстық тамақты жеместен сол күйі тастап кетіп жатты.  «Балалар ыстық тамақты неліктен жемейді?» деген сұрағымызға аспаздар «Олар үйлерінен түскі  тамақ ішіп келгендіктен жегілері келмейді» деген уәж айтты. Бұдан бұрын ата-аналар мен оқушылардан мектеп асханасында берілетін ыстық тамақтың басым бөлігі қоқысқа төгілетіндігі жөнінде жиі еститінбіз. Бұл жолы сол әңгіменің куәсі болдық.

– Соңғы төрт жылда ата-аналар комитеті белсенді жұмыс істеуде. Аптасына бір рет әр түрлі сыныптың ата-аналары мектеп асханасына арнайы келіп, тазалығы мен тамақтың дәмін тексереді, – деді өз сөзінде №7 мектеп директоры Виктор Протасов.

 

Бір балаға – 89 теңге

№7 мектеп асханасын жалға алушы Надежда Болдырева мәзір туралы айтып, партиялықтарға сұратылған барлық құжаттарды ұсынды. Түскі ас бағасы бір оқушыға 89 теңге көлемінде болса, аз қамтылған отбасының балаларын тамақтандыру үшін бір оқушыға 150 теңге бөлінеді екен. Біз «89 теңгеге дүкеннен не сатып алуға болады?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Пирожкидің бағасы – 100, бәліш, самсалар 120-150 теңге тұрады. 89 теңгеге жарты нан, сағыз, кәмпит секілді ұсақ-түйек қана келеді екен. Күн сайын жетілу үстіндегі жас ағзаға 89 теңгеге келтіріп, ас мәзірін дайындау да оңай емес шығар деп ойладық.

– Ыстық тамақ пен өнімдер бойынша қызмет көрсетудің стандарттары бар. Біз ас мәзірін,  құжаттамаларды тексердік. Мониторингтің басты мақсаты – құқық-бұзушылықтар болса, оның алдын алу, ескерту және оны жою бойынша жұмыс жасау, – дейді партияның Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Дәулетжанов.

Дәл осы күні «нұротандықтармен» бірге №21 мектептің асханасында да болдық. Ескертусіз тосыннан келген қонақтарға мектеп аспаздары балаларға салып жатқан ботқадан ұсынды. Ботқаның дәмі партиялықтардың көңілінен шықты. №7 мектеппен салыстырғанда бұл мектептің асха-насындағы ахуал бөлек екендігі байқалды. Біріншіден, мектеп асханасында рұқсат етілмеген тамақ өнімдері болған жоқ, екіншіден, пісірілген ыстық ботқаны балалар құшырлана жеп отырды.

– Біз,  партиялықтар, «Мектеп асханасы» жобасы аясында мектептегі тамақтанудың сапасына мо-ниторинг жүргіздік. Жобаның мақсаты – оқушылардың мектепте сапалы тамақтануына көңіл бөлу, оны жақсарту. Бұл – аса маңызды мәселе. Өйткені, біз қазірден бастап балалардың дұрыс тамақтануына көңіл бөліп, дені сау ұлт қалыптастыруға ықпал етеміз. Уақытымен, сапалы тамақ-тану – денсаулық кепілі. Мұндай экспериментті топтар облыстық, аудандық деңгейде құрылды. Бү-гін біз екі мектепте мониторинг жүргіздік. Әр балаға белгіленген 100 теңге көлеміндегі қаражат өте аз. Қаражат көбірек бөлінсе, тиісінше тамақтың сапасы да жақсарады деп ойлаймыз. Осы мақсатта Орталық аппаратқа, уәкілетті құрылымдарға ұсынымдар жібереміз, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Мирас Тұяқбаев.

Эльмира  МҰХАМБЕТАЛИЕВА,

ата-ана:

– Балам №40 мектепте оқиды. Оған мектепте берілетін тамақ бірде ұнап, бірде ұнамайды. Мектеп асханасында берілетін тағамдардың ішінен балама қарақұмық пен котлет ұнайтындығын байқаймын. Жалпы, балалардың мектеп асханасынан пицца сатып алып, жеп жүргенін көремін. Бала денсаулығына зияны бар тағамдар мектеп асханасында сатылмағаны дұрыс. Балама мектеп асханасынан тамақ сатып алуға рұқсат бермеймін. Таңғы тамағын үйден ішіп кетеді. Мектептен берілетін ыстық тамақты ұнаса ішеді, ұнамаса ішпейді. Мектеп асханасындағы тағамдардың сапасы орташа деп есептеймін.

Мерует ЕРМЕНТАЕВА,

Жайық негізгі мектебінің директоры, Ақжайық ауданы:

– Біздің мектепте бір балаға күніне 190 теңге бөлінеді. Осы қаражатқа сәйкестендіріп, екі апталық ас мәзірі құрылған. Ас мәзірінің құрамында жеміс шырыны, жеміс-жидектер, компот, сүт, айран бар. Әр күн сайын ыстық сорпа, картоп ботқасы мен котлет, тауық еті қосылған күріш, қарақұмық, түрлі көкөніс салаттары  алмастырылып беріледі. Тамақтың құрамы жақсы болғандықтан, балаларға ұнайды. Мектепте құрылған комиссия бар. Олар ас мәзірінің бұзылмауын, дұрыс түзілуін, мөлшермен берілуін, тамақтың сапасын үнемі қадағалап отырады.

 

ТҮЙІН

Мектеп партасында отырған балалардың әлеуметтік жағдайы әркелкі екендігі белгілі. Олардың басым бөлігі үйден тамақ ішпей шығады. Әсіресе, ертеңгілік ауысымда оқитын балалар ұйқыдан тұра сала, мектепке жүгіреді. Оған қоса, қазіргі оқу жүктемесінің өзі оңай емес. Қала мектептеріндегі бір балаға белгіленген 89 теңге бір қарағанда күлкілі көрінеді. Ал сіз 89 теңгеге не сатып алар едіңіз?..

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.