30.01.2019, 15:44
Қараулар: 2
Ашықтықтың айшықты мысалы

Ашықтықтың айшықты мысалы

Өткен сенбі күні Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында ұйымдастырылған «Ашық әкімдік» шарасына 525  адам қатысты. Облыс әкімі Алтай Көлгінов  150-ге жуық, ал қала әкімі Мұрат Мұқаев 70 шақты адамды қабылдады.

Таңғы сағат 10.00-де басталатын шараға бір сағат бұрын жиналған тұрғындардың арасында жасы да, шашын ақ шалған қария да болды. Бәрі де былайғы күндері кезек күтіп, әлде болмаса, күні бұрын жазылып барып, жолығатын басшылармен тікелей тілдесіп, мәселесін төтесінен қойғысы келеді. «Ашық әкімдік-тің» билік өкілдерімен кездесудің таптыр-мас мүмкіндік екенін халық та ұғынғандай. Өйткені өткен жылғы шараларға қарағанда, бұл күні жиналған тұрғындардың қарасы мол болды. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтен бастап, өңірдегі барлық басқарма мен департамент басшылары, құқық қорғау құрылымдарының жетекшілері азаматтарды үзіліссіз қабылдап, сауалдарына жауап берді. Тұрғындардың легі түс әлетінде де саябырсымаған еді. «Ашық әкімдіктің» жұмысы кешкі  сағат  алтыға  таман  аяқталды.

Сан түрлі тағдыр иелерінің көкейкесті мәселесі де әр қилы. Әсіресе, көбісін тұрғын үй мен жер кезегі толғандырса, жұмысқа тұру мен кәсіп ашу жөнінде де көмек сұрағандар болды. Сонымен қатар сауалдар әлеуметтік қамсыздандыру, абаттандыру шараларына да қатысты  қойылды.  Алтай Сейдірұлы әр тұрғынның өтініш-шағымын тыңдай отырып, кеңесін айтып, құзыретті мекемелердің басшыларына сол жерден нұсқау-тапсырмалар  берді.

Мәселен, 2010 жылдан бері үй кезегінде тұрған азаматтың өз «кезегін» білгісі келген сауалына Алтай Сейдірұлы былайша жауап қатқан еді: «Қазір қалада 19 мыңның үстінде адам тұрғын үй кезегінде тұр. Біз жыл сайын үй салып жатырмыз. Өткен жылдың 16 желтоқсанында тоғыз қабатты үйді тұрғындарға тапсырдық. Екінші 220 пәтерлі үйдің құрылысы жүруде. Бұл үйді жазға дейін бітіреміз. Жыл сайын 2-3 үй тек кезекте тұрғандар үшін салынуда. Кезегі келгенде бәрі де баспаналы болады. Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың осыншалық жи-налып қалуының себебі бұрын қазіргідей  үй құрылысы жүргізілмеді. Алдағы жылда-ры да үй құрылысының бүгінгідей қарқыны тоқтамайды. Кезек жылжиды, күту керек». Осылай деген облыс басшысы құзырлы ме-кеменің маманына тұрғынның кезегін біліп  беруді  тапсырды.

Өңір басшысы жер кезегін білгісі келген азаматқа да жер беру тәртібін түсіндіріп өтті. Бүгінде Орал қаласында жер кезегінде 80 мыңға жуық адам тұр. Қазір заң бойынша электр жарығы, суы мен көгілдір отыны, яғни барлық инфрақұрылым өткізілген жер телімдері ғана кезекпен берілмек. Алғашқы 1 мыңнан астам жер телімі жылдың соңына қарай  кезекпен  берілмекші.

«Ашық әкімдікте» әлеуметтік мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Ға-бидолла  Оспанқұлов  жауап  берген  еді.

– Маған қойылған сұрақтар көбінесе қала әкімдігінің құзыретіне жататын мәселелер болды. Соның ішінде мектепке баратын жолды жарықтандыру, жолдың қиылысына бағдаршам орнату, жұмыссыздық және тұрғын үй мәселесі бар. Осы сұрақтарды қала әкімдігіндегі қызметкерлердің қаперіне салып, тұрғындарға қажетті ақпаратты бердік. Түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Алайда осы шара барысында шешілуі күрделі кейбір мәселелерді кәртішкеге жазып алдық. Сол бойынша шағымданушыға жазбаша түрде жауабын береміз. Халық уақыт өткен сайын «Ашық әкімдікке» үлкен ықыласпен келуде. Бұл шарада тұрғындар кез келген басшыға ашық түрде сұрағын қойып, жауаптарын алып жатыр, – дейді Ғабидолла  Абдоллаұлы.

Осыдан екі жыл бұрын қолға алынған «Ашық әкімдік» осымен жетінші рет өтіп отыр. Өткен жылдан бері бұл шара аудан-дарда да ұйымдастырылуда. Күні бүгінге дейін «Ашық әкімдікке» 1200-ден астам азамат  қатысқан.

Сағындық  ҚҰСПАНОВ,

қала тұрғыны:

– 2014 жылы Қазақ зағиптар қоғамының облыстық  филиалында мәдениет үйі жұмысын бастаған болатын. Мен сол жылдан бастап өнерпаз болып жүргенмін. Өткен жылдың қазанын-да жұмысымыз тоқтап қалды. Не себепті тоқтағанын білмейміз. Осын-да соның себебін білмек болып,  арнайы келдім. Бізге мәдениет үйінің жұмыс жасағаны керек. Өйткені төрт қабырғаға қамалып отырған қиын. Түрлі мәдени-көпшілік шараларға қатысып, уақы-тымызды тиімді өткізетінбіз. Көңілімізді көтеріп, өзара пікір алмасып, ой бөлісетінбіз. Мереке күндері қарттар үйіне концерт қоятынбыз. Осы мәселе бойын-ша облыс әкіміне жолықтым.

Басшылық тарапынан өзіміз хабар береміз дегенді естіп, жақсы  үмітпен  кетіп  барамын.

Мағрипа ДҮЙСЕҒАЛИЕВА,

«Арман»  шағынауданының тұрғыны:

–  «Арман» шағынауданында 2004 жылдан бері тұрамын.  Жыл санап тұрғындардың саны артып, балалар да өсіп келеді. Әр ата-ана баласының болашағына алаңдап, балалық шағының қызықты өткенін қалайды. Бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасағысы келеді. Мәселен, бүгінде балалар кітап оқымайды деп жиі айтып жүрміз. Алайда бұл мәселені оңтайлы шешудің бір жолы оларды қызықтыратын кітапханалар көп болу керек деп ойлаймын. Алдымен біздің шағынауданға мемлекеттік көпшілік кітапхана салынса деймін. Бұл – тек менің емес, шағынаудандағы өзге де тұрғындардың тілегі. Кітапхана қаламыздағы барлық шағынауданда болса, нұр үстіне нұр болар еді. Қолдарынан смартфон, телефон түспейтін балалардың көңілін аулап, рухани қызығушылығын оятатын мәдени-көпшілік, спорттық нысандар керек.

Біздің шағынауданға жаз бен қыс мезгілдерінде ойнайтын балалар алаңы қажет. Коньки тебетін, футбол, хоккей ойнайтын алаңдар салынса, риза  болар едік. Көшеде тротуар болғанын қалаймыз.

Осы мәселелер бойынша сауалымды қала әкіміне қойған едім. «Талап-тілегіңізді ескереміз, мүмкіндігін  қарастырамыз»  деді.

Тұрсын ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,

зейнеткер,

Бәйтерек ауданы, Дариян ауылының тұрғыны:

– Мен көршім Қоблан Деленғалиевке көмек сұрап келген едім. Ол  бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан, көзі көрмейді. Қасында 82 жастағы анасы бар. Ол  азаматқа қасында жүретін күту-ші қажет. Осы кезге дейін пәтер жалдап тұрады. Үй кезегінде тұр, бірақ кезегі келмеген соң, ала алмай отыр. Облыс әкіміне жолығып, осы мәселелерді айтып, шешімін табуға жәрдемдесуін сұрадым. Қазір ол кісілер менің үйімде тіркеуде тұр. Баратын жерлеріне апарып, дәрігерге қаратып жүрмін. Өзім 37 жыл дәрігер болып қызмет істедім. Алтын алқалы анамын. Алтай Сейдірұлының берген жауабына ризамын, ауылдағы көршілерімді қуантып айтып ба-рамын. «Ашық әкімдікке» бірінші рет қатысып отырмын. Осындай кездесулер жиі болып тұрса екен деймін. Өйткені, мұнда ел-жұртқа толғандырған мәселені басшыларға тікелей айтып, жауабын да  тез  алуға  мүмкіндік  бар.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.