30.01.2019, 15:42
Қараулар: 86
«…Кітап оқитын балалар күні ертең-ақ, бүгін компьютерден бас көтермейтін балаларды басқаратын болады»

«…Кітап оқитын балалар күні ертең-ақ, бүгін компьютерден бас көтермейтін балаларды басқаратын болады»

Былтырғы жылы «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған  болатын.  Соның негізінде Жазушылар одағының ел ішінде тұратын мүшелерінің, яғни өңірлерде тұратын ақын-жазушылардың  шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар шара ұйымдастырылып келеді.

«Ақ Жайық қаламгерлері» жобасы аясындағы оқырмандармен кезекті кездесу Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналист, «Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің шығармашылығына арналды. Публицистика саласында салмақты жазбаларымен көпшіліктің көкейіндегі ойды қозғап жүрген қаламгер проза жанры бойынша да жемісті ізденіс үстінде.

Х. Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен шара барысында Бауыржан Файзоллаұлының балаларға арналған «Жиһанкез Ақкербез» жинағы мен «Жаныма жақын жағалау» кітабы кеңінен талқыланып, оқырмандармен жарасымды әңгіме-дүкен өрбіді. Жас оқырмандар 5-класта «Журналист болсам ба екен?» деп қиялға берілген бала Бауыржан, футболды өте керемет ойнаған бозбала Бауыржан, әскерден келгеннен кейін өндіріс, құрылыс саласында еңбек еткенімен, бала күнгі арманы көңіліне тыным бермей қойғаннан соң арман қуып, Алматыға аттанған жігіт Бауыржан, республикалық түрлі басылымдарда қызмет етіп, қарым-қабілетін шыңдаған, студент бола жүріп белгілі жазушы Оралхан Бөкейден сұхбат алуы арқылы болашағынан зор үміт күттіретін мақтаулы шәкірттер қатарынан табылған студент Бауыржан, біраз  жылдан бері облыстық газеттің  бас  редакторы  ретінде  ел-жұртқа  танылған басшы Бауыржан Файзоллаұлы туралы кеш қонағының өз аузынан естіп, тұшымды әңгімеге тұздық болар сауалдарын жолдады. «Психологтар адамның асқазанына азық қаншалықты қажет болса, оның ойлау жүйесіне, ақыл-ойының артуы мен білімінің шыңдалуына рухани азық та соншалықты керек деген пікірде.

Әбіш Кекілбаевтың мынадай қанатты сөзі бар: «Адамды адам қылған – кітап, адамзат қылған – кітапхана». Саналы адамға бұл өзі дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат-аксиома. Қазіргідей виртуалды әлем мен әлеуметтік желі арбап алған жас буынның қаперіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Білім – кітапта. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерге тым үйір. Ал қазір жүйелі кітап оқитын балалар күні ертең-ақ, бүгін компьютерден бас алмайтын балаларды басқаратын болады» деген сөзін еске салғым келеді.

АҚШ-тың әлеуметтанушы ғалымдары 10 жасқа дейін кітап оқып дағдыланған баланың санасында өзін-өзі өмір бойы жаман әдеттерден сақтандыратын түйсік қалыптасатындығын дәлелдеген. Сондықтан өмірлік жолыңыз дұрыс қалыптасып, үнемі жақсылықтың ұйытқысы болып жүргілерің  келсе, міндетті түрде кітап оқуларыңыз керек», – деген ағалық ақыл-кеңесін айтты кеш қонағы жиналған жас оқырмандарға. Бір ерекшелігі – сыр-сұхбат барысында тек баспасөз тақырыбы емес, саясатқа, бала тәрбиесі, психология, әдебиет пен тарихқа қатысты біраз мәселенің жай-жапсары талқыланды.

Шараны ұйымдастырып, әрі  бастан-аяқ жүргізіп отырған «Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалының менеджері Жандос Сұңғатовтың айтуынша, былтырдан бастап қолға алынған жоба аясында өтіп жатқан шараларға жастар мен жасөспірімдер тарапынан қызығушылық зор көрінеді.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.