24.01.2019, 19:08
Қараулар: 2
Орал – жасыл желек көмкерген қала

Орал – жасыл желек көмкерген қала

Орал  қаласының климаты ерекше. Бұл, біріншіден, қаланың географиялық тұрғыда өте қолайлы Каспий маңы ойпатының солтүстік жағында орын тепкендігіне байланысты. Сондай-ақ Оралдың Еуразия құрлығының еуропалық бөлігіне енетінін айрықша атап өткен жөн. Жердің тегіс болуы және оңтүстік-шығыс бағытта ұдайы соғатын желдің қала аумағын тұтас қамтуынан атмосфералық ауада ластаушы заттар жиналмайды. Екіншіден, аймақтағы климаттық жағдай өте оңтайлы. Жыл маусымдары күнтізбелік өлшемге сәйкес бірқалыпты өзгеріп отырады. Барлық қалаға мұндай климат тән емес. Үшіншіден, қолайлы табиғи жағдай маңызды рөл атқарады. Орал қаласы маңынан Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің ағып жатуы жергілікті аумақтағы орман жамылғысының ұлғаюына жағымды әсер етеді. Қаланы жасыл желек мол көмкеруі себебінен «Қазгидромет» РМК-ның ақпараттық бюллетеньдерінде автоматты атмосфералық ауаны бақылау стансаларының деректері негізінде есепке алынатын АЛИ (ауаның ластану индексі) көрсеткіштерінің деңгейі өте төмен. Шаһардың толық газдандырылуы да қатты отынды жағу салдарынан пайда болатын ластаушы заттардың шығарындыларынан мүлдем ада екенін көрсетеді. Ірі зауыттардан, фабрикалардан және өнеркәсіптік нысандардан таралатын ластаушы заттардың атмосфераға барынша рұқсат етілген шоғырланудан асып кету жағдайы тіркелмеді. Ластаушы заттардың жоғарылауының ең жоғары қайталануы — 0%. Орал қаласында, сондай-ақ елдің басқа қалаларында ауаны ластаушы факторлардың негізгі бір себебі көлік құралдарының шығарындылары болып қала береді. Сонымен қатар адами факторларды да  жоққа шығара алмаймыз.

Орал қаласында ғана емес, облыс бойынша қоршаған ортаны жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ақ Жайық өңірінің тұрғындарының экологиялық мәдениетті тұтыну деңгейі жоғары. Қаланың тұрғындары мен еңбек ұжымдары қоршаған орта алдындағы жауапкершіліктің зор екенін сезінеді, сенбілік  пен көгалдандыру іс-шараларына белсенді қатысады. Осындай игі істердің арқасында ұлт саулығын жақсарту оң жолға қойылған. Біздің Президентіміз айтқандай, салауатты ұлт еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің факторы болып табылады. Батысқазақстандық жастар арасында «плоггинг» деп аталатын әлемдік үрдісі кеңінен насихатталады. Бұл үрдіс — салауатты өмір салты және табиғатқа деген қамқорлықтың тоғысуы.

Нұржан  Шияп,

 «Қазгидромет» РМК  БҚО филиалының директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.