24.01.2019, 18:41
Қараулар: 814
«Татарстан сапарынан түйгеніміз көп»

«Татарстан сапарынан түйгеніміз көп»

Жақында Батыс Қазақстан облысының делегациясы жұмыс сапарымен Татарстан Республикасына барып  қайтты.

Біздің облыс пен Татарстан арасындағы екі жақты тиімді байланыс пен ынтымақтастықтың өңіраралық бағдарламасы аясында білім беру мекемелеріне барып, тәжірибе алмасуды мақсат еткен сапарда өңіріміздің білім саласының қызметкерлері біраз тың ой түйіп қайтқаны кәміл. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастаған облыс делегациясы сапар барысында Қазан шаһарындағы бірнеше білім беру мекемелерін аралап, олардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар Қазан педагогикалық колледжінің педагог кадрлар даярлау жөніндегі ресурстық орталығын, қосымша білім беру мекемелерінің жұмыс тәжірибесін көрді.

Үш күндік сапар соңында нысандарға бару және тәжірибе алмасу қорытындысы бойынша Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Білім және ғылым министрі Р.  Бұрғановтың қатысуымен өткен  дөңгелек үстел басында қос тарапқа  тиімді  пікір алмасу  өрбіді.

 

Шолпан  ҚАДЫРОВА,

Батыс   Қазақстан  облыстық  білім  басқармасының  басшысы:

– Татарстан Республикасына біздің облыстан бір топ қызметкер барды. Бұл іссапарда біз Қазан қаласындағы бірнеше білім беру мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысып, көп нәрсені көкейге түйдік. Әсіресе, қай жерге барсақ та, татар ұлтының идеологиясы, саясаты, тілі кең  ауқымды қолданыста екен-дігін байқадық. Біз Қазан қаласындағы инженерлік лицей, ІТ лицей, ұлттық татар гимназиясы, қосымша білім беру орталықтарында болдық. Лицейде оқитын балалар түске дейін алған теориялық білімі бойынша, түстен кейін практикалық зертханаларда  жұмыстанады екен. Материалдық базалары керемет. Іссапар нәтижесінде біз Татарстан астанасының білім беру құрылымының, қосымша білім беру  орталықтарының басшыларымен  БҚО білім қызметкерлері өздерінің іс-тәжірибесімен алмасады деген келісімге келдік. Татарстандағы бауырларымызбен дініміз ортақ, салт-дәстүріміз бен дүниетанымымыз, тіліміз ұқсас болғандықтан,  біздің  бұл  одақтастығымыз  оң  нәтиже  береді   деп  ойлаймын.

 

Светлана  БАХИШЕВА,

Ж. Досмұхамедов  атындағы  жоғары  педагогикалық  колледждің  директоры:

– Мен үшін татарстандық педагогикалық колледждердің жұмысымен танысу маңызды болды. Татарстанда өзі үш педагогикалық білім беретін колледж бар. Солардың бірі – біздің серіктесіміз Ғабдолла Тоқай атындағы Арск педагогикалық колледжі. Ол Қазан қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан. Ұлттық құндылықтарға ерекше мән беретін бұл оқу орнында татар тіліне ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ Татарстанда табиғатпен байланыс жақсы жолға қойылған. Орман аймағында экологиялық-биологиялық балалар орталығы орналасқан. Бұл жерде белгілі ғалымдар, арнайы мамандар балалармен кешенді және жүйелі түрде жұмыс істейді. Жалпы, Қазан қаласында әр түрлі жастағы балаларды дамыту үшін ең жақсы жағдай жасалған көптеген қосымша білім беру орталықтары жұмыс істейді екен. Қазан қаласының төрінде мемлекеттік қуыршақ театры, балалар музыка мектебі және өнер мектебі орналасқан бірегей балалар орталығы салынған. Осы сапардан кейін педагогикалық мамандықтарға іріктеу және кәсіптік бағдарлау үшін «Мектеп – колледж – ЖОО» үздіксіз жүйесін құру, педколледжде қорытынды емтихандардың сипатын (форматын) өзгерту, Арск педагогикалық колледжіне студенттер мен мұғалімдерді тәжірибе алмасуға жіберу, 2020-2021 жылдан бастап педколледжде мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілеріне және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған ресурстық орталық құру жөнінде ұсыныстар әзірленуде.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар