24.01.2019, 18:26
Қараулар: 621
Айбек ҚАЛИЕВ: «Қатимолла ағаға еліктедім»

Айбек ҚАЛИЕВ: «Қатимолла ағаға еліктедім»

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Орал қаласына ат басын бұрған елімізге кеңінен танымал айтыскер ақын Айбек Қалиевпен кездесу өтті. Ақ Жайықтағы айтыс сүйер қауымға ізгі лебізін білдірген ақын өнер жолында ұстаз тұтқан аға буын жайында әңгімелеп, көпті толғандырған мәселелерге өзіндік көзқарасын, асыл сөз додасының бүгінгі деңгейін тілге тиек етті.

– Бекжан деген ақын ағамыздың «сағынудың сіздерді сәті келе береді» деген өлең жолы тіліме оралып отыр. Ақ ерке Ақ Жайыққа жиі ат ізін саламын. Қасиетті өлкемен мені байланыстыратын бірнеше себеп бар. 1980 жылдары телевизиялық айтысты көрермен қауым асыға, сағына күтетін еді.

Ол кезде кішкентай баламыз. Сахнада отты тілмен шарпысқан сөз сүлейлері Көкен Шәкеев, Манап Көкенов, Таушан Әбуова, одан бермен Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Ақ Жайық өлкесінде қанаттанған Дариға Мұштанова, Шолпан Қыдырниязова және олардың ізін баса шыққан Қатимолла Бердіғалиев сынды аға-апаларымыздың өнері айтысқа деген ынта-ықыласымызды өршітті. Әсіресе, мені айтысқа  әкелген Қатимолла ағама деген құрмет екенін ылғи айта жүремін. Алғашқы айтыстарымда Қатағаңның мақамымен шығып жүрдім. Кейін Орал қаласынан келетін азулы ақын Мэлс Қосымбаевпен болған жекпе-жек айтыстарым мені көпке танымал етті. Сондай-ақ Батыс өлкесінің ер мінезді қыздарымен достығым берік болды. Солардың бірі – Ақ Жайықтың еркесі Жібек Болтановамен әлі күнге жанұямызбен араласып тұрамыз. Қазіргі уақытта Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің деканы қызметін атқарамын. Ал осы факультеттің негізін жерлестеріңіз, алғашқы декан, профессор Әсет Ламашев қалады. Қазақстанда Ы. Алтынсарин атындағы тұңғыш педагогикалық музейді ашқан  Әсет Ламашев еді. Ғалымды  Торғай өлкесінің жұртшылығы  аса қатты қадірлейді. Кеңестік кезеңде үш-ақ педагогикалық музей болса, соның екеуі Ресей мен Тәжікстанда орналасқан, – деген Айбек Қалиев Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында оқыған, айтыстағы қадамы жақсы бағаланып жүрген, Ақжайық аудандық газетінің тілшісі Бекболат Қаленовті өзінің сүйікті шәкірті санайтынын атап өтті.

– Айтыс ұзақ даму жолынан өтті. Кеңестік кезеңде жазып алып айтысқандар да болды. Өшіп қала жаздаған, өліп қала жаздаған өнеріміздің қазіргі кезде деңгейі жоғары. Әрине, айтыс дамудың шыңына шықты деп айта алмаймыз. Өзіне тән кемшіліктері де бар. Ең бастысы, айтыс жасарды. Мектеп оқушыларына дейін сөз додасына қатысып, жүлделі орын алып жатыр. Жастардың арасында от ауызды, орақ тілді ақындар Мұхтар Ниязов, Дидар Қамиев, Жансая Мусина, Рүстем Қайыртайұлының қабілет-қарымы мықты болады деп есептеймін. Олардың артынан жақсы толқын еріп келеді, – деді кештің қадірлі мейманы.

Айтыстың ақтаңгері Айбек Киікбайұлын халық әлі күнге сүйіп тыңдайды. Тіпті қоғамдағы көкейтесті мәселелерді өткір тілмен  шебер жеткізетін санаулы ақындардың бірі саналады. Дегенмен, Айбек Қалиев мәселені сарапқа саларда дерек-дәйектің орнықты болуы керектігін айтып, кезінде жастық жалынымен «ақиқаттың жөні осы екен» деп кейде оңды-солды қызыл тілге ерік беріп қойғанына өкінетінін де жасырмады. Әсіресе, аймақтық айтыстарға қатысқанда көптеген түйткілдің айтылуын қалап ақынға өтініш білдіретіндер болады екен. Айбек Қалиев қазіргі кезде айтыс өнері театрлық қойылымдарға ұқсап бара жатқанын, келісіп жаттап алып айтудың көбейгеніне алаңдайтынын, қырғыздарша жеребе тартып, 10 минут ішінде шаппашап айтысу үлгісін енгізу жоспарланып жатқанын айтты. «Спортшы тынымсыз жаттығып тер төккеніндей, суырыпсалмалық қабілет те жетілдіріп отыру арқылы дамиды. Жас ақындар осыны ескеру керек», – деді Айбек Киікбайұлы.

«Алаштың арқалы ақыны» атты кездесу кешінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев ақынға сый-сияпат тарту етсе, жас ақын Бекболат Қаленов «Ағаға сыр» атты арнау өлеңін оқыды. Көрермендер ақынға өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар