23.01.2019, 9:40
Қараулар: 276
Бес өзбекстандық азамат ұсталды

Бес өзбекстандық азамат ұсталды

Батыс Қазақстан облысында шекараны заңсыз кесіп, үсіп қала жаздаған бес өзбекстандық азамат ұсталды.

ҚР ҰҚК шекара қызметі 2029-әскери бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, оқиға 20 қаңтар күні орын алды.

Сол күні сағат 10.30-да белгісіз топтың шекараны заңсыз кесу ниетімен Ресей Федерациясына қарай бет алғандығы туралы хабар келген.

Аталмыш аумаққа шекарашылар жасағы аттанып, сағат 11.40-та шекараға бет алған адамдардың ізіне түскен. Сағат 12.15-те мемлекеттік шекара сызығынан 80 метр жерден өзбекстандық бес азамат ұсталды. Олардың аяқ-қолдары үсіген, әбден қиын жағдайда қалған екен.

Өзбекстандық азаматтар Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Бірқатарының жағдайы ауыр болғандықтан, ауруханаға жатқызылды.

«Қазір олар ауруханадан шықты, жағдайлары жаман емес. ҚР мемлекеттік шекарасын заңсыз кескені үшін ҚР ҚК 392-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергелуде.  Заңсыз іс-әрекетті ұйымдастырушыларды анықтау және ұстау шаралары да жүргізілуде», деп хабарлады газетке 2029-әскери бөлімінен.

Айта кетейік, бұл бірінші оқиға емес. Өткен жылғы қыста да 13 өзбекстандық азамат шекараны заңсыз кесіп өтпек болып, соның 11-і табылған еді. Кейін екеуінің далада көз жұмғаны анықталды.

Арман БОЛАТҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар